Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 12 Мамыр, 2025

Репродуктивті денсаулық – болашақ ұрпақтың кепілі – Аида Балаева

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде жүзеге асырылып жатқан репродуктивті денсаулық апталығының маңызына тоқталды.

«Құрметті достар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев репродуктивті денсаулық мәселесіне айрықша мән беріп, отбасы институтын нығайтуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Аида Балаеваның айтуынша, бұл бағыттағы жарқын мысал – Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы. Бұл бағдарлама репродуктивті денсаулық саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналды», – деді министр.

Ол сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, жыныстық қатынасқа ерте түсу салдарлары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу мақсатында 2025 жылғы 12–16 мамыр аралығында елімізде Репродуктивті денсаулық апталығы өтеді, – деді.

Бұл бастаманың негізгі ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия», – деп түсіндірді министр.

Аида Балаева бұл мәселені қоғамда ашық, ғылыми негізде және кәсіби деңгейде талқылаудың маңыздылығын атап өтті: «Өткен жылғы тәжірибе бұл бастаманың қоғам үшін өзекті әрі қажетті екенін көрсетті. Сондықтан біз апталықты жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдадық», – деді ол.

Министрдің сөзінше, акция аясында халықтың денсаулығын нығайту, ағза мен болашаққа саналы көзқарас қалыптастыру бағытында мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары, ҮЕҰ мен халықаралық серіктестер бірлесіп жұмыс істейді.

Сондай-ақ ол кәсіби қауымдастықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамдық пікір көшбасшыларын ақпараттық науқанды қолдауға шақырамыз. Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін апталық шеңберінде өтетін іс-шараларды кеңінен жариялап, шынайы әрі пайдалы ақпаратты таратайық!» – деп үндеу тастады.

Министрдің айтуынша, апта аясында еліміздің барлық өңіріндегі жастар денсаулық орталықтарында және бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ашық есік күндері, тақырыптық дәрістер, тренингтер, интерактивті сессиялар мен мамандардың қатысуымен онлайн-вебинарлар ұйымдастырылады.

Ол бүгінгі таңда елімізде 10–29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық және профилактикалық көмек, психологтардан, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлерден кеңес алуға мүмкіндік беретін 103 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейтінін де атап өтті.

«Денсаулық – хабардарлықтан басталады. Келіңіздер, репродуктивті денсаулықты басты құндылыққа бірге айналдырайық!» – деді Аида Балаева.

Фото: gov.kz

160 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз