Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 16 Мамыр, 2025

Ерлігі еленбеген қазақ батыры

Кенжебай Мәденов (1925 жыл 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Ақтайсай ауылында дүниеге келіп, 1974 жылы 26 желтоқсанда Атырау қаласында қайтыс болған) Екінші Дүниежүзілік соғыста «Берлин» операциясына қатысып,  неміс фашистерінің Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кіріп, оны жау­дан тазартқан және ту тіккен, ерен ерлік жасаған батыр. Ол – есімі күллі қазаққа әйгілі батыр Махамбет Өтемісұлының ұрпағы.

1943 жылғы 8 қаңтарда 18 жасқа толмай тұрып, Қызыл армия қатарына өз еркімен аттанды. 1943 жылғы қарашада Краснохолмск жоғары жаяу-әскерлер училищесінің командирлерді дайындау бойынша курсын аяқтаған соң ІІІ Украина майданының 8-гвардиялық армиясының 57-атқыштар дивизиясының 170-гвардия­лық атқыштар полкінің пулемет бөлімшесінің командирі болып Кривой Рог түбіндегі шайқасына қатысты. 1944 жылы қарашадан бастап, І Белоруссия майданында 5-екпінді армия, 266-атқыштар дивизиясының, 1008-атқыштар полкі, 2-батальон ротасының 5-атқыштар взводына басшылық етті. Украинаны (Днепр өзені), Молдавия аумағын (Ясса-Кишиневтік операция), Польшаны, оның астанасы Варшаваны, Германияны (Висла-Одерлік операция) азат ету бойынша әскери шабуылдарға және Берлин шабуылына (Берлин операциясы) қатысқан. 
Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы бірнеше кітапта, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Маршал Г.К. Жуковтың «Воспоминания и размышления». В 3-х т. (Москва, «Агентство печати Новости», 1986); Клаус Похе, Ганс Олива. «Соғыс аяқталған түн» (Берлин, Неміс әскери баспасы, 1962); Ф.Е. Боковтың «Весна победы» (Москва, Воениздат, 1979, Москва, «Мысль», 1985); М.И. Мержановтың «Бұл осылай болған» (Алматы, «Қазақстан», 1977); П.С. Беланың «Учас­тие казахстанцев в завершающих сражениях Великой Отечественной войны» (Алма-Ата, «Наука», 1979); Жазушы Ғ.Слановтың «Тайсойған түлектері» (Алматы, «Жазушы», 1981); М. Қозыбаевтың «Қазақстан тарихы» (қазақ мектептерінің 10-сынып оқушыларына арналған оқу құралы) (Алматы, «Атамұра-Қазақстан», 1993); Ақын Қ.Р. Аманжоловтың «Шайқаста шыңдалған достық» еңбегінде батыр туралы мәлімет бар. 
Маршал Г.К. Жуковтың «Естеліктер мен ойлар» (Мәскеу, 1986, Т.3, 248-бет) кітабында мынадай дерек келтірілген: «...29 сәуірде Берлин қаласының орталығында шайқас басталды. Ратушаға 1008-атқыштар полкі (командирі полковник В.Н. Борисов) және 266-атқыштар дивизиясының 1010-полкі (командирі полковник М.Ф. Загородский) басып кірді. Танк, өздігінен жүретін артиллерияның қолдауымен келе жатқан біздің жауынгерлеріміз жаудың қатты шабуылына тап болды, сондықтан көшеде алға жылжу мүмкін болмады. Жаудың тегеурінді қарсылығынан Ратушаға тіке шабуыл қиын болды. Артиллерия мен реактивті қару арқылы атқылауға бұйрық бердім. Бүкіл ғимарат қалың түтінге оранды. Осы кезде бірінші болып аға лейтенант К.Мәденовтің взводы кірді. Олар Ратушаның вестибюлі мен дәліздерінде қоян-қолтық ұрыс жүргізіп, әр бөлмені ұрыспен қабылдауға тура келді».
Генерал Ф.Е. Боковтың «Жеңіс көктемі» (Мәскеу, «Воениздат», 1979, 244-бет) кітабында: «Бірнеше рет артиллерияның дәл соққыларымен Ратушаның қақпаларын қиратты. Солтүстік жағында екі ауыр танк Ратушаның терезелерінен оқ жаудырды және көп ұзамай қалың қара түтінге оранды. Ратушаға бірінші шабуылды аға лейтенант К.Мәденов басқарған взвод жауынгерлері бастап кірді. Аға лейтенант К.Мәденов қоян-қолтық күрес жүргізіп, Ратушаға ту тікті...» – деген болатын. 
Академик М.Қозыбаев «Қазақстан тарихы» 10-сынып оқулығы. Алматы, «Мектеп», 2004, 222-бет) мынадай дерек бар: «Берлин операциясы барысында кеңес жауынгерлері ержүректік, ерлік және жоғары шеберлік көрсетті. Олар бір ниетке – фашистік Германияны талқандау­ды мүмкіндігінше тезірек аяқтап, Еуропа халқына аңсап күткен бейбітшілік пен тыныштық әкелуге ұмтылды. Берлинге кіре берісте шайқас жүргізіп, Берлинге шабуыл жасаған кеңес жауынгерлерінің ерлігі Екінші Дүниежүзілік соғыс тарихының шежіресінде қалады.
Сағадат Нұрмағамбетов Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я. Сьянов, X.Қайдауылов, З.Тұрарбеков, X.Көбеков, Т.Бигельдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және баска да көптеген адам қатысты. Жас офицер Р.Қош­қарбаев өзінің досы Г.Булатовпен бірге Рейхстаг терезелерінің біріне алғашқылардың бірі болып ал қызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицері К.Мәденов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тікті…»  – дейді. Демек, аға лейтенант Кенжебай Мәденовтің Ратушаға алғаш шабуыл жасап, оны бағындырып, ту тіккені туралы дерек пен айғақ оның ерлігін растайды. 
 Сонымен, Ратуша деген ғимаратқа түсінік берсек: «Қызыл Ратуша (нем.: Rotes Rathaus) – Берлиннің орталығындағы қызыл кірпіштен жасалған тарихи ғимарат. 1861–1869 жылдары сәулетші Г.Ф. Веземанның жобасы бойынша салынған. Лана соборы мұнараларының бейнесі мен ұқсастығы бойынша салынған төртбұрышты қалалық зал мұнарасының биіктігі 74 м. Екінші Дүние­жүзілік соғыс кезінде ғимаратта басқарушы үкімет орналасты, кейін қирады. 1951–1958 жылдары интерьердегі өзгерістермен қалпына келтірілді. Қалпына келтірілгеннен кейін Қызыл Ратушада Берлин қаласы басқару органы болды. 1991 жылдың 1 қазанынан бастап ғимаратта Берлин Біріккен жерінің үкімет (Сенат) резиденциясы қызмет етті. Мұнда қаланың басқарушы Бургомистрінің жұмыс кабинеті орналасқан». Ғимарат қазірде маңызды рөл атқарады.
Кенжебай Мәденов Фашистік Германия тізе бүккеннен кейін Солтүстік кавказдық әскери округте рота командирінің лауазымында қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары шаруашылықты қалпына келтіру мен бейбіт өмірді сақтау үшін әскери өмірін Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақ КСР-і мемлекеттік қауіпсіздік органдарында 1956 жылдан бастап Атырау облысы бойынша жұмыс істеді.
Әскери қызметтің барлық кезеңінде подполковник К.Мәденов азаматтық борышты адал атқарудың үлгісін көрсетті. Қарапайым, кішіпейіл және қайырымды болатын. Ол – жолдастарының зор құрметіне бөленген жан. Өскелең ұрпақ арасында үлкен әскери-патриоттық жұмыс жүргізді.
Жауынгерлік ерлігі үшін Кенжебай Мәденов екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Қаратөбеден Берлинге жетіп, «Империя кеңсесі» деп аталатын Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводымен кіріп, жеңіс туын тігуі ерен тұлғаның даңқты ерлігі.
Ойымызды жинақтай келе, Кенжебай Мәденовтің туғанына 100 жыл және Жеңістің 80 жыл толуына орай, ерлігі еленбеген қазақ батырына мемлекеттің ең жоғарғы наградасы «Халық қаһарманын» беру лайықты деп білеміз. Сонымен қатар, мынадай ұсынысты негізге аламыз:
• Мектеп, колледж, университетте Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кенжебай Мәденовтің 100 жылдығына арналған тәрбие сағатын өткізу;
• Атырау, Орал және еліміздің басқа да қалаларында Кенжебай Мәденовке көше атын беру;
• Өзі қызмет еткен Атырау қаласының көрнекті жеріне батырға ескерткіш қою;
• Әскери білім беру мектептерінің біріне «Кенжебай Мәденовтің» есімін беру;
• Кенжебай Мәденовтің 100 жылдығына орай деректі фильм түсіру;
 Жастарды отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде Кенжебай Мәденовтің ерлік дәстүрі өнеге болатыны сөзсіз. Біз ата-бабаларымыз­дың өнегелі ерлігін үнемі жадымызда ұстап, кейінгі ұрпаққа үлгі еткен жағдайда ғана өз Отанын шексіз сүйіп, қорғау үшін жанын салатын азаматты тәрбиелейміз. 

Абай Дүйсенбаев,
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университетінің 
доценті

"Ana tili" газеті

1365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз