Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Мамыр, 2025

Елордалық гимнасшылар Азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алды

Көркем гимнастикадан Сингапурда өткен Азия чемпионатында Астана қаласының спортшылары жалпы саны 11 медаль жеңіп алды. Оның 5-еуі – алтын, 4-еуі – күміс, 2-еуі – қола жүлде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жарыстың алғашқы күнінде командалық көпсайыста №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің құрамасы алтынға қол жеткізді. Сеньорлар арасындағы командалық біріншілікте осы құрамға Айым Мейіржанова мен Айбота Ертайқызы қосылып, күміс жүлде әкелді. Юниорлар жарысында Ақмарал Ерекешева мен Рысбек Айғаным да күміске табан тіреді.

Финалдық бағдарламада №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің №1 командасы 3 шығыршық + 2 жұп ұршық жаттығуында алтын, 5 лентада күміс еншіледі.

Жеке нәтижелер:

Айбота Ертайқызы – лентада алтын медаль, көпсайыста қола медаль;

Ақмарал Ерекешева – доп пен лентада қос алтын медаль, ұршықта күміс медаль;

Айым Мейіржанова – ұршықта қола медаль;

Рысбек Айғаным – жеке көпсайыста 4-орын.

Бұл тарихи нәтижеге жетуге зор үлес қосқан бас жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева бастаған тәжірибелі бапкерлер құрамында Оксана Нечитайло мен Екатерина Панченко бар. Спортшыларды дайындаған хореографтар – Шыңғыс Оспанбаев бастаған Сая Айдыс пен Карина Аблакова.

«Біз осы жетістікке бір команда болып қол жеткіздік. Әр спортшымның табандылығы мен бапкерлер тобының ерен еңбегі – бәрі бір арнада тоғысып, Азия чемпионатындағы 5 алтын, 4 күміс, 2 қола медальға айналды. Балаларымыздың көзіндегі от пен ерік-жігері бізді күнде алға жетелейді. Алда талай биік тұр, сол шыңдарды да бірге бағындыратынымызға кәміл сенемін», – дейді Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің Көркем гимнастика бөлімінің аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева.

Айта кету керек, бұл жарысқа 19 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысты.

Фото: gov.kz

140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз