- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 23 Мамыр, 2025
«Ақ желкен» журналы ғасырлық мерейтойын атап өтті

Биыл еліміздегі балалар мен жасөспірімдер журналы «Ақ желкеннің» оқырманымен қауышып, жарық көріп келе жатқанына 100 жыл толды. Осы атаулы мерекеге орай бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада басылымның ғасырлық мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті.
Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Қанат Ысқақов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ақ желкен» журналының 1996–2002 жылдардағы бас редакторы Мағира Қожахметова, белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналдың 2002–2011 жылдардағы бас редакторы Нұрғали Ораз және басылымда әр жылдары қызмет атқарған ардагер журналистер, қоғам қайраткерлері мен жазушылар, БАҚ өкілдері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат Вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Ақ желкен» журналының 100 жылдығына, «Ана тілі» газетінің 35 жылдығына, «Ұлан» газетінің 95 жылдығы мен «Мысль» журналының 105 жылдық мерейтойларына арналған құттықтауын оқып берді.
«1925 жылдың наурыз айында Ерғали Алдоңғаровтың редакторлығымен жарық көрген «Пионер» журналын – ХХ ғасыр басында ағартушылық жолында жасалған игі бағыттың алғашқы қарлығашы деп бағалаймын.
Соғыстан кейінгі уақытта да журнал қазақ балаларының айнымас серігіне айналды. Бұл дәуірде басылым әдеби-танымдық үрдісті нық ұстады. Б.Соқпақбаев, К.Тоқаев, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов сияқты қаламгерлер журнал мазмұнын байыта түсті.
Журналды Ф.Оңғарсынова ұзақ жыл басқарып, 1989 жылы басылымның атауын «Ақ желкен» деп өзгертуге бастама көтерді.
Тәуелсіздік дәуірінде "Ақ желкен" танымдық, рухани, әдеби бағытын жалғастырып, жасөспірімдердің өзіндік көмекші құралына да айналды.
Әлемдік ақпарат кеңістігінде балалар мен жасөспірімдерге арналған бір ғасырлық тарихы бар басылымдар кемде-кем. «Ақ желкен» жүз жыл бұрынғы бағытынан адаспай, аманатқа адалдық танытып, бұл күндері аға басылымдар қатарынан көрініп келеді.
Ғылым мен технология қарыштап дамыған қазіргі дәуірде де бұл журнал қазақстандық жасөспірімдердің жан сырын бөлісер досы, болашаққа жол сілтер ақылшысы болып қала береді.
Оқырмандарыңыздың саны артып, ойлы да пайдалы мақала ұсынатын жас авторларыңыз көбейе берсін.
Шығармашылық шабыт, ел мүддесі жолында сарқылмас қалам қуатын тілеймін!» - делінген Мемлекеттік кеңесшінің «Ақ желкен» журналының мерейтойына арналған құттықтауында.
Сонымен қатар, Қанат Ысқақов мерейтойы өтіп жатқан төрт басылымға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жеткізіп, басылымдардың қызметкерлеріне «Ақпарат саласының үздігі», «Құрмет» грамотасы және «Алғыс хат» секілді министрліктің салалық марапаттарын табыстады.
Журналдың мерейтойына арналған Алматы қаласы білім басқармасының құттықтауын Алматы қаласы білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Сағыналиев Даурен Наурызбайұлы табыстады.
Конференция барысында Түркия ғалымдары Нергиз Бираймен және Сонер Сағлам ғасырлық тарихы бар шежірелі басылымның мерейтойымен онлайн байланыс арқылы құттықтап, журналдың мазмұны мен балаларға берер тағылымына жоғары баға беріп, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
Сонымен қатар, Түркияда «Ақ желкеннің» тарихы, балаларға арналған өлеңдер және тәуелсіздік жылдарындағы журнал тарихын зерттеп, ғылыми еңбек жазып жатқан жас ғалым Балсан Мәді өзінің ғылыми жұмысы жайлы пікірімен бөлісті. Балалар мен жасөспірімдер мерейтойында балалар да назардан тыс қалған жоқ. Басылымның тұрақты авторы, астаналық 5-сынып оқушысы Нұрасыл Сахиге «Жас тілші» куәлігі салтанатты түрде тапсырылды.
Дүбірлі жиындағы ерекше сәттердің бірі - «Ақ желкен» журналының 100 жылдық мерейтойына арналып шығарылған кітаптың тұсаукесері болды. Жинақты құрастыру барысында журнал қызметкерлері әр жылдардағы архивті ақтара отырып, бүгінде танымал тұлғаларға айналған қаламгерлердің алғашқы әңгімелерін, өлеңдерін тауып кітапқа енгізген. Сондай-ақ, жаңа кітапта журнал тарихындағы түрлі кезеңдерге шолу жасалып, басылым қызметкерлері қазақ балаларының қандай тақырыптарға қызыққанын анықтап, журнал жылнамасын жасауға тырысқан.
Шара соңына қарай «Ақ желкен» журналында 2024 жылы ұйымдастырылған «Қазақтың нар тұлғалары» викторинасының жеңімпазы марапатталды және басылым ұжымы журналдың 100 жылдығы мен ақын, жазушы Ғабиден Құлахметтің 70 жылдығына арналған жаңа республикалық әдеби байқау өтетіні туралы хабарлады.
Басылымның мерейтойына жиналған меймандар Ұлттық кітапхананың және «Ақ желкен» редакциясының мұрағат қорынан ұйымдастырылған журналдың тарихи сәттерінен сыр шертетін көрмені тамашалады.
Гаухар Түстікбаева,
Суреттерді түсірген:
Досжан Балабекұлы

1267 рет
көрсетілді0
пікір