- Таным
- 15 Маусым, 2025
Тұрағұл ұмыт қалды ма?

Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлын білмейтін қазақ жоқ. Бала күннен бәріміз Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жаттап өстік. Абайды бәріміз білеміз, құрметтейміз. Ал оның ұрпақтары туралы не білеміз? Абайды танығандай, оның ұрпақтарын да танып-білу парызымыз емес пе? ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған Тұрағұл Абайұлының түпнұсқа еңбектері тұлға тағдыры мен шығармашылығынан сыр шертеді.
Ұлы ақынның көзі тірісінде қасында жүрген, мұрасын сақтап, жалғастыруға бар күш-жігерін салған бір тұлға бар. Уақыт өте келе оның есімі тарихта елеусіз қалды. Ол – Тұрағұл Абайұлы.
Тұрағұл кім? Абайдың өнегелі тәрбиесін алған Тұрағұл қандай адам болды? Ол қазақ руханиятына қандай үлес қосты? Біз оны ұмыт қалдырған жоқпыз ба? Осы сұрақтарға бірге жауап іздейік.
Тұрағұл Абайұлы – Абай Құнанбайұлының үлкен ұлы, қоғам қайраткері, аудармашы. «Әкем Абай туралы» атты естелігінде Тұрағұл өзі туралы: «Мен әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын... Мен әкемнің 32 жасында, жастықтың алғашқы арыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын», – дейді.
Абай өз балаларының білімді, көзі ашық, саналы болып өсуін қалады. Тұрағұлды мұсылманша, орысша оқытты. Ниязбек Алдажаров «Абай туралы әңгімелер» атты мақаласында: «...Тұрағұлдың орысшаға жетік екенін бірінші рет естіп, таңқалдым», – дейді. Домбыра, скрипка сияқты музыка аспаптарын еркін меңгерген, анасы Әйгерімге тартқан әнші де болды. Рухани-мәдени ортада терең мазмұнды әңгімелерді тыңдап, шыңдалып өсті.
Ниязбек Алдажаров тағы бір сөзінде: «Тұрағұл сөзге шешен, майда тілді, биязы сөйлейтін, өте қабілетті болған. Абайдың сүйікті әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш ұлы. Мен өз басым осы күнге дейін ер адамда Тұрағұлдай сымбаттыны көргем жоқ. Мен көргенде ол ұзын бойлы, денелі, қызыл шырайлы, қою қара сақалды, қара мұртты, өте сымбатты болған. Үлкендерден естігенім шешесіне тартқан деуші еді», – деп жазған.
Тұрағұл жасынан білімге құмар, әдебиетке жақын болды. Абайдың айналасындағы зиялы адамдармен араласып, өзінің ой-өрісін кеңейтті. Алаш зиялыларымен бірге ұлт мүддесі үшін қызмет етіп, қазақ мәдениеті мен тарихында із қалдырды.
Тұрағұл – әкесінің ақындық, ағартушылық және қоғамдық мұраларын жалғастырып, Абай идеяларының таралуына ықпал етті. Абай өмірден өткен соң, оның шығармаларын жариялау, халыққа жеткізу ісіне белсене араласты. 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көргенде, оны баспаға әзірлеу ісіне Тұрағұл мен Кәкітай Ысқақұлы белсене атсалысты. Бұл қазақ әдебиетіндегі аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол тек жинақты баспаға дайындап қана қоймай, әкесінің сөздерін қатесіз жеткізуге күш салды. Бұл оның әкесіне деген шексіз құрметі мен әдебиетке деген адалдығын көрсетеді.
Тұрағұл тек әдебиетпен ғана айналысқан жоқ. Ол Абайдың әділдік, еркіндік, халықты ояту идеяларын қолдап, саяси оқиғаларға да араласты. 1917 жылы өткен Орынбордағы Алашорда съезіне қатысып, қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруға өз үлесін қосты.Саяси белсенділігі үшін Тұрағұл Алаш қозғалысының басқа жетекшілерімен бірге қуғынға ұшырады. 1922 жылы ол Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлерімен бірге төрт айға абақтыға қамалды. Бірақ бұл оның ұстанымын өзгерткен жоқ. Кеңес үкіметі орнаған соң, 1927 жылы екінші рет қамауға алынып, 1928 жылдың көктеміне дейін Семей түрмесінде жатты. Түрмеден шыққан соң көп ұзамай мал-мүлкі тәркіленіп, Шымкентке жер аударылды. 1934 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, осы қалада өмірден өтті.
1995 жылдың маусым айында Жанар Қойлышованың «Ақ босаға» газетінде жарық көрген «Тұрағұлдың кіндігінен тараған бесеу едік» атты мақаласынан Мәкен апайдың айтқан сөзінен үзінді келтіргіміз келеді. «Абайдың үш әйелі болған. Мен екінші әйелі Әйгерімнен туған Тұрағұл деген ұлының кенже қызымын. Әйгерімнен үш ұл: Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайыл (Мекайыл, Ізкайыл деген періште аттары) және Кенжеш деген бір қыз болды. Менің әкем Тұрағұлды Абайдың бірінші әйелі Ділдә бауырына салып алған екен.
Әкем Тұрағұл Алашордашы болды, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермековтермен бірге жүрді. Ахметтен басқаларын, Әлихан, Әлімхан, Міржақыпты мен де көрдім. Әлімхан Қарқаралының қазағы еді, ал Әлихан төре болатын.
Сөйтіп, әкем ақыры солармен бірге 1928 жылы ұсталып, Шымкентке айдалып кетіп бара жатқанында маған Абайдың өлеңдері жазылған дәптерді табыстап, өзгенің емес, өз атаңның әндерін айт деп тапсырып кетті. Мен өзім сол кезде ән айтып жүретінмін. Содан бастап ағамның айтуымен Абай әкемнің әндерін айтып келемін. (Мен өз әкемді аға, Абайды әке деймін).
Ізкайыл 1929 жылы Ақшоқыда қайтыс болды. Ал Мекайыл ағам 1931 жылы ұсталып, атылып кетті, қарағым. Өкімет Абайдың ұлы болғаны үшін ату жазасына кесті. Кенжешті Бішкектен, базар басынан, қаңғып жүрген жерінен тауып алғанбыз, ақыры адам болмай 1932 жылы Тоқпақта қайтыс болды, денесін қолдан қойдық.
Біз Тұрағұлдың кіндігінен тараған бесеу едік, одан да мен жалғыз қалдым. Үлкен апам Ақиланың күйеуі, атасы, қайнағасы – 1931 жылы атылып кетті. Бір баласы соғыстан оралмады. Бір ұлы бертінде қайтыс болды, өзі 1990 жылы дүниеден өтті. Қалима апамды 1983 жылы Сарыағашта жерледік, екі қызы қазір Қарағандыда тұрады. Жебірәйіл деген ағам 1930 жылы, 26 жасында Ташкентте, үкімет «халық жауының ұлысың» деп жұмыс бермей, жұмысқа алмай қойған соң, жұмыссыз, қаңғып жүріп қайтыс болды. Оның жалғыз ұлы соғысқа барып, мүгедек боп оралған-тын. Оны 1990 жылы Ақила апамнан кейін жерледім, денесі Кеңсайда жатыр. Зүбәйір ағам екі баласымен бірге 1933 жылы Бішкекте аштан өлді ғой.
Егер осылар тірі болғанда, ішімізден ақын да шығар еді, әнші де шығар еді... Иә, қызым, өмір деген ащы, кейде туған бауырыңа қол ұшын бере алмайтын кездер болады...
Жарайды, менің өзіме, қара басыма ештеңе қажет емес. Мен аруақтарды ойлаймын. Тұрағұл ағамның зиратының үстіне Шымкент химфарм зауыты салынып кеткен. Ол жерде тек менің әкем Тұрағұл ғана емес, қаншама аруақтар жатыр. Бұрын бұл жерде үлкен қорым болған. Мен сол зауыттың қабырғасына «Осы жерде Абайдың ұрпағы, ұлы – Тұрағұл жерленген» деген мемориал тақта орнатылса деп біраз жүгірдім...», – деп Мәкен апай әкесі Тұрағұл мен Абай ұрпақтарының қилы да қасіретті тағдырын тебірене еске алып, өмірдің әділетсіз сынақтарына мойымай, олардың асыл рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге тырысқанын баян етеді.
Абай мен Тұрағұл: Әке мен баланың ұлы бейнесі. Қазақ отбасындағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынас – ұлттық мәдениеттің, ұрпақ сабақтастығының, тәрбие мен даналықтың ең биік шыңы. Қазақ халқы әуелден отбасы құндылықтарына ерекше мән берген. Әке – отбасының тірегі, ұрпақтың тәлімгері, ал бала – сол тәлімнің жалғастырушысы. Абай мен Тұрағұл арасындағы қарым-қатынас – қазақ отбасы мәдениетінің жарқын үлгісі.
Абайдай дана әке тәрбиелеген Тұрағұл – тек ұлы ақынның баласы ғана емес, өзі де әдебиетке, қоғамға зор үлес қосқан тұлға. Абай Құнанбайұлы қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өз балаларына да терең білім мен ұлттық сана-сезім дарытқан әке еді. Оның отбасындағы тәрбиесі – қатаңдық пен мейірімділіктің үйлесімді қосындысы болды. Абай балаларының бойына адалдықты, адамгершілікті, білімге құштарлықты сіңірді. Әсіресе, әділеттілік пен турашылдықты өмірінің басты қағидасы етті. Оның осы тәрбиесі Тұрағұлдың өмірінен айқын көрінеді.
Абайдың ұлы Тұрағұл осы тәлімді бойына сіңіре білді. Әкесінің шығармашылығын дәріптеп, оның еңбектерін насихаттауға өмірін арнады. Тұрағұлдың аудармалары мен жазған мақалалары оның терең ойлы, білімді жан екенін көрсетеді. Абайдай ұлы әкенің тәрбиесін көрген Тұрағұл өз заманында зиялы азамат болып қалыптасты. Олардың арасындағы әке мен бала байланысы, отбасы құндылықтары, тағылымды тәрбие – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Қазақ қоғамында «Әкенің қадірін білмеген, халықтың қадірін білмейді» деген нақыл бар. Тұрағұл – әкесінің қадірін біліп қана қоймай, оның асыл мұрасын халыққа жеткізген жан. Тұрағұл әкесін тек әке ретінде ғана емес, рухани ұстаз, кемеңгер тұлға ретінде сыйлап өтті. Ол Абайдың әрбір айтқан сөзін жүрегіне түйіп, әке мұрасын сақтау жолында аянбай еңбек етіп қана қоймай, өзі де әдебиетке үлкен үлес қосқан тұлға. Оның ең маңызды еңбектерінің бірі – «Әкем Абай туралы» естелігі. Тұрағұлдың бұл еңбегі – қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін ерекше құнды тарихи-әдеби мұра. Бұл шығармада ол Абайдың өмірі, мінезі, отбасы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы туралы құнды деректер қалдырды. Тұрағұл әкесінің көзі тірісінде оның ең жақын адамдарының бірі болды және оның идеяларын терең түсініп, қолдады.
«Әкем Абай туралы» еңбегінде Тұрағұл Абайдың күнделікті өмірде қандай адам болғанын, оның жан дүниесін, мінезін, әдеттерін шынайы түрде суреттейді. Тұрағұл әкесінің өте салмақты, ұстамды, білімге құштар, әділ әрі кішіпейіл адам болғанын жазады. Ол қонақжай, көпшіл, ел ішіндегі маңызды мәселелерге араласып, әділ төрелік айтқан. Өз балаларын ерекше тәртіппен тәрбиелеп, оларды білімге, адалдыққа, еңбексүйгіштікке баулыған. Абай күн тәртібін қатаң ұстанған, ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру әдеті болған. Кешкі уақыттарда тоғызқұмалақ сияқты ойындар ойнаған. Ас мәзіріне аса мән бермеген, қарапайым тамақтанған. Абай өз маңайына тек білімді, көзі ашық адамдарды жинаған. Көптеген шәкірттеріне тәлім беріп, олардың рухани дамуына ықпал еткен. Ол ел басқару ісіне араласқанымен, мансап қумаған, әділдік пен адамгершілікті бәрінен жоғары қойған.
Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» атты естелігінен алынған мына бір үзінді жоғарыда жазған сөзді дәлелдей түседі. «Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі жарқын, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуанышы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжіліс, қызықты ойын, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай шаруасын ғана істеп отырушы еді. Маған десе малай-малшы болсын, я үйіндегі қызметкер қатынның да болса бір тәуір мінезін тауып отырар еді. Еш уақытта сүймеген адаммен ұзақ уақыт мәжілістес болып отыра алмайды. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол мезгілін абақтыдай көруші еді. Сыпайылық, сыйлық қылып, әдептіленіп, аяғының басқанын, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамды жақсы көрмеуші еді. Жарқын жүзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап, сағынып, ондай адамы келгенде, не баласы, немесе туысқан бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді...
1889 жылы үлкен шешемнен туған Райхан деген апамды ұзатып, үйдің ішінің бәрі жолаушы кетіп, үйде әкеммен екеуіміз қалдық. Сол жылы артынан абайлап қарасам, әкемнің ғылым жолына белсеніп шыққан жылы екен. Сонда таңертеңнен кешке шейін бас алмай, орыстың кітаптарын оқиды да, ара-тұра өлең жазып тастайды. Өлең жазарда ширек табақтай ақ қағазды алдына алып, қолында қарындашы, бір Мұсаға мінген кісідей болып, көзі жасаураңқырап (тегінде көзі жасаурағыш еді), әндетіңкіреп, күңіреніп отырады. Сол күңіренудің арасында естір-естімес қалып, күбірлеңкірей келіп, жазып кеткен соң, көп ойланып тоқтамайды. Алдыңғы жазғанын сызып тастап түзетпейді де. Бейне өлеңнің тығыны алынып, ағып бара жатқанға ұқсайды. Сол жазып тастағаннан кейін, өзі жатқа айта білмейді. Мен жаңағы оңаша қалған уақыттағы жазған өлеңдерін жазып, жаттап алып, өзі айт десе айтып беріп, айтқан сөздерін жалықпай тыңдап отырсам керек. Менің соныма-ақ риза болып, қуанып, жолаушылар келгенде: «Мынау адам болады екен. Менің сөзімді ұғып, жалықпай тыңдады» деп мені мақтады», – дейді.
Тұрағұл өз естелігін жазудағы негізгі мақсаты – әкесінің бейнесін халыққа таныстыру, оның адами қасиеттерін, мінезін, әдет-ғұрпын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Ол Абайды тек ақын, философ, ойшыл ретінде ғана емес, қарапайым отбасы мүшесі, әке, ұстаз ретінде де сипаттайды.
Бұл еңбек – қазақ әдебиеті мен тарихы үшін маңызды, себебі ол Абайдың жеке өмірі мен мінезін тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Тұрағұлдың өзі де бұл еңбегі арқылы үлкен қаламгер, естелік жазудың шебері ретінде танылады.
Тұрағұл Абайұлының аудармашылық қызметі – оның ағартушылық, елге пайдалы болсам деген ұмтылысынан туған рухани миссиясы деуге болады. Ол Абайдың тәрбиесін, рухани әлемін бойына сіңіре отырып, сол жолды жалғастыруды өмірлік міндет санаған. Аудармамен айналысуына бірнеше маңызды себеп пен қоғамдық қажеттіліктер әсер етті. Ең алдымен, Тұрағұл заманы – қазақ қоғамының ояну, өркениетке ұмтылу кезеңі еді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында оқу-білімге деген сұраныс артып, ел ішінде рухани ізденіс күшейген болатын. Осы кезеңде қарапайым халыққа, әсіресе қазақ шаруаларына өмірлік маңызы бар дүниелерді жеткізу қажеттілігі туындады. Аударма – осы мақсатқа жетудің ең тиімді құралы болды. Тұрағұл Абайұлы осы бағытта еңбектенді. Ол аударған шығармалар – жай ғана көркем әдебиет емес, қоғамды тәрбиелейтін, ойландыратын шығармалар болды.
Тұрағұл өз аудармалары арқылы ұлттың рухани көкжиегін кеңейтіп, жаңа заманға бейімделуіне үлес қосып, әйел теңдігі, бала тәрбиесі, отбасы құндылығы, еңбек этикасы секілді маңызды ұғымдарды қазақы дүниетаныммен ұштастырып беруге тырысты.
Аударма ісіне арнайы маманданбаса да Тұрағұл Абайұлы Джек Лондонның «Баланың ерлігі», Б.Прустің «Әнтек қыран» атты әңгімесін, орыс жазушылары М.Горькийдің «Челкаш», А.Неверов «Мен өмірге жерікпін», Г.Н.Сперанский «Балалы әйел не білуі керек», А.Б.Белицер «Қолдағы малдың, құстардың құрт ауруы болмағының жайы», С.П.Пиридолиннің (Придулин) «Мал шаруасының насихаттары» атты еңбектерді қазақ тіліне аударған. Ол көркем аудармамен қатар медицина, мал шаруашылығына қатысты ғылыми әдебиетті де аударып, ағарту ісіне араласқан.
Тұрағұл Абайұлының ең маңызды аудармасы Г.Н. Сперанскийдің «Балалы әйел не білуі керек» атты еңбегі. 1927 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының кіндік баспасынан жарық көрген. 40 беттен тұратын кішкене кітап, 4000 данамен басылып шыққан. Ана мен бала денсаулығына қатысты медициналық-санитарлық білім беруге арналған. Бұл кітапта жүктілік, босану, бала күтімі, тамақтандыру, тазалық пен аурулардың алдын алу сияқты маңызды мәселелер қарастырылады. Ол сол кездегі қазақ қоғамында медициналық білімнің жеткіліксіздігін ескеріп, ана мен баланың денсаулығын жақсартуға үлес қосу үшін осы еңбекті қазақ тіліне аударған.
Тұрағұл Абайұлы мен алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаев – екеуі де халқына қызмет етуді басты мақсат еткен ағартушылар. Олардың еңбектері тек көркем әдебиетпен ғана шектелмей, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әсіресе, бала тәрбиесі мен білім беру мәселелеріне бағытталды. Мағжан бала тәрбиесінің рухани, психологиялық жағына назар аударса, Тұрағұл денсаулық пен күтім мәселесін алға тартты. Екеуі де ананың рөлін ерекше бағалап, болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде ананың сауатты, білімді болуының маңызын айқындады. Тұрағұл Абайұлының Г.Н.Сперанскийдің «Балалы әйел не білуі керек» атты медициналық-ағартушылық еңбегін қазақ тіліне аударуы мен Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабының арасында айтарлықтай ұқсастық бар.
Мағжан Жұмабаев өз еңбегінде бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, оны ата-ананың, әсіресе ананың міндеті ретінде қарастырады. Ол баланың тәрбиесі ана құрсағында жатқан кезден басталатынын айтып, болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуы үшін ең алдымен аналардың дұрыс тәрбие беруі керек екенін баса көрсетеді.
Дәл осы идеяны Тұрағұл Абайұлы да ұстанған. Ол аударған «Балалы әйел не білуі керек» кітабы медицинаға негізделгенімен, түпкі мақсаты – аналарды бала күтіміне үйрету арқылы қазақ халқының денсаулығын жақсарту, ұлттың болашағын сақтау. Осылайша, Тұрағұл да, Мағжан да ана мен бала тәрбиесін мемлекеттің, ұлттың болашағымен байланыстырады.
Тұрағұл Максим Горькийден «Челкаш» атты әңгімені аударып, 1925 жылы «Таң» журналының №1-4 санында, 82-96 беттерінде жариялаған. Оның аудармаларының ішінде осы әңгіменің қазақ тіліне тәржімалануы айрықша орын алады. Бұл еңбек қазақ әдебиеті мен аударма мәдениетіне қосылған сүбелі үлестің бірі десек болады.
Максим Горький – орыс әдебиетінің көрнекті өкілі, оның шығармаларында әлеуметтік теңсіздік, кедей халықтың өмірі, адам тағдыры ерекше суреттеледі. «Челкаш» әңгімесі де дәл осы тақырыпты қозғайды. Тұрағұл Абайұлының аудармасы түпнұсқаның рухын жоғалтпай, қазақ оқырманына түсінікті тілмен жеткізе алғанымен құнды.
Әңгімеде теңіз портындағы тіршілік, жұмысшылардың ауыр еңбегі шынайы бейнеленеді. Тұрағұл қазақ тілінің байлығын пайдаланып, Горькийдің көркемдік тәсілдерін сақтай отырып, оқырманға әсерлі түрде жеткізе білген. Мысалы, кемежайдағы шудың, темірлердің тырсылдауы, су толқындарының жағаға соғылуы, адамдардың абыр-сабыры – барлығы қазақ тіліндегі бейнелі сөздермен көркемделген.
Тұрағұлдың бұл еңбегі оның өз алдына жеке шығармашыл тұлға болғанын да дәлелдейді. Ол қазақ оқырманын әлемдік әдебиетпен таныстыруды мақсат еткен алғашқы зиялылардың бірі болды.
А.Неверовтің «Мен өмірге жерікпін» атты әңгімесі – өмірге деген құштарлық пен қайсарлықтың символы іспетті шығарма. Бұл туынды Тұрағұл Абайұлының аударуымен 1927 жылы Мәскеуде Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасынан 4000 дана болып басылған.
Шығармада автордың өзі баяндаушы ретінде көрініп, өмірдің қиындықтарына қарамастан, өмір сүруге деген ұмтылысты көрсетеді. Әңгіме барысында автордың өмірге деген сүйіспеншілігі айқын сезіледі. Ол табиғаттың әсемдігін, адамдардың қарапайым қуаныштарын суреттей отырып, оқырманды өмірдің әр сәтін бағалауға шақырады. Бұл шығарма сол кезеңдегі кеңестік әдебиетте өмірге деген жаңа көзқарасты көрсететін маңызды туындылардың бірі болды. Тұрағұл өмірдің шындығын, адамның күрескерлік болмысын айшықтайтын бұл әңгімені қазақ тілінде сөйлетіп, оқырманға рух беруді көздегендей.
1927 жылы Мәскеуде, кеңес одағындағы елдердің кіндік баспасынан араб графикасымен жазылған 40 беттен тұратын шағын кітап жарық көрді. Кітапқа Тұрағұл Абайұлының Джек Лондоннан аударған «Баланың ерлігі», Б.Прустің «Әнтек қыран» әңгімелері енген.
«Баланың ерлігі» атты аудармасы «Ескимос елінің тұрмысынан» атты әңгімеден алынып жазылған. Шығармада қиын өмірлік жағдайларға тап болған жас бала Киштің тағдыры баяндалады. Киш – ақылды, дені сау, батыл бала. Ол тағдырдың соққыларына төтеп беріп, өзін қорғауға тырысады. Мәтінде сол кездегі қиын өмір, аштық пен кедейлік, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік мәселелері көрініс тапқан. Киштің ерік-жігері, әділдікке ұмтылысы оның ерекшелігін көрсетеді. Ол батыл қадам жасап, өмірлік маңызды шешімдер қабылдайды.
Келесі аудармасы Б.Прустің «Әнтек қыран» атты әңгімесі. Басты кейіпкер Әнтектің балалық шағы, оның кедейшілік пен қиындыққа толы өмірі, ерте жастан еңбекке араласуы баяндалады. Табиғат көрінісі, таулар мен өзендер суреттеледі. Әнтек бала күнінен диірменге қызығушылық танытып, оны зерттеуге тырысады. Шығарма әлеуметтік теңсіздік, тұрмыстың ауыртпалығы мен адамның өмірге деген құштарлығы туралы ой қозғайды.
Тұрағұл Абайұлы ауыл шаруашылығына, медицинаға қатысты еңбектерді де қазақ тіліне тәржімалады. А.Б. Белицерден жасаған «Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауыруы болмағының жайы» аудармасы 1926 жылы Семейдің губерниялық баспасынан араб графикасымен басылып шыққан. 28 бетті құрайды, таралымы 2000 дана.
Бұл еңбек мал мен құстың паразит аурулары, яғни құрт аурулары жайлы ғылыми-танымдық еңбек болып табылады. Қазақ халқы үшін төрт түлік пен үй құстарының саулығы өмір сүрудің негізгі факторы болғандықтан, бұл аударма сол кездегі шаруаларға аса қажет болды. Кітапта мал мен құстарда кездесетін паразиттік аурулардың белгілері, олардың алдын алу жолдары және емдеу әдістері қарастырылған.
«Мал шаруасының насихаттары» атты аудармасы да (С.П. Придулин) 1926 жылы Семейдің губерниялық баспасынан араб графикасымен басылып шыққан. 46 бет, таралымы 2000 дана. Аударма мал шаруашылығының қыр-сырына арналған. Онда малды дұрыс күтіп-бағу, азықтандыру, асылдандыру және өнімділікті арттыру жолдары баяндалған.
С.П.Придулин – мал шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға шақырған зерттеушілердің бірі. Оның бұл еңбегі шаруаларға малдың өнімділігін арттыру, ауыртпалықтарды азайту және жаңа тәсілдерді қолдану жөнінде нұсқау ретінде ұсынылды. Тұрағұл бұл аудармасы арқылы қазақ шаруаларына сол заманғы мал шаруашылығындағы жаңашылдықтарды таныстыруға тырысты.
Тұрағұл Абайұлының бұл екі аудармасы – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әсіресе ауыл шаруашылығына тікелей көмектесуге бағытталған ағартушылық еңбектер. Ол сол заманғы ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударып, мал өсірушілер мен шаруаларға маңызды мәліметтер жеткізді. Бұл аудармалар – Тұрағұлдың қазақ қоғамының экономикалық, әлеуметтік дамуына қосқан елеулі үлесінің бір көрінісі.
Тұрағұл Абайұлы – қазақ тарихында айрықша орны бар, бірақ есімі ұмытылып бара жатқан тұлғалардың бірі. Ол ұлы Абайдың ұрпағы ғана емес, халқына қызмет еткен азамат, ұлт руханияты мен саясатының бел ортасында жүрген қайраткер. Өкінішке қарай, оның өмірі мен еңбектері кеңестік кезеңде назардан тыс қалып, тарихтағы рөлі толық зерттелмеді.
Тұрағұл тек өз отбасының ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының мұрасына адалдық танытты. Бүгінгі ұрпақ үшін Тұрағұлдың ерлігі мен еңбегі үлкен өнеге болуға тиіс. Егер біз Абайды ұлт ұстазы деп танысақ, онда оның ұлы Тұрағұлды да өз тарихымыздың маңызды бөлігі ретінде бағалауымыз керек. Ұмытылған есімдерді қайта жаңғырту – ұлттың өткеніне деген құрмет пен болашаққа деген сенімнің белгісі. Осы орайда, «Абайдың ұлы – ұмыт қалған тұлға ма?» деген сұраққа нақты жауап беру үшін оның шығармашылығы мен қызметін тереңірек зерттеу, халыққа кеңінен насихаттау қажет. Оның есімі қазақ руханиятында лайықты орын алуға тиіс. Тұрағұлды қайта танып, оның еңбектерін насихаттау – ұлт алдындағы маңызды міндет.
Тұрағұлды таныту мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі Тұрағұл Абайұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Кемеңгер ойдың заңғары» атты тақырыптық көрме ұйымдастырды. Мақалада аталған Тұрағұл Абайұлының түпнұсқа еңбектері ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған.
«Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев (1875-1934)», «Тұрағұлдың айтқандары», «Тұрағұл Абайұлының екі аудармасы», «Тұрағұлдың тауқымет тартқан тұқымы», «Тұрағұлдың кіндігінен тараған бесеу едік», «Тұрағұл туралы не білеміз?», «Тұрағұл мырза», «Тұрағұлдың қабірі қайда? Немесе ақын ұрпағын қашан ұлықтаймыз?» және тағы да басқа баспасөз беттерінде жарияланған құнды мақалаларды ҚР Ұлттық кітапханасының «Мерзімді басылымдар» қызметінен тапсырыс беріп, оқуға болады.
Сондай-ақ Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің оқу залында «Ұлттық кітап күні» аясында және Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Тұрағұл Абайұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Әке мен бала: ұрпақтар сабақтастығы» атты абайтанушы ғалымдармен ғылыми-танымдық кездесу өтті. Кездесуге Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының сарапшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікқазы Қорабай мен филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығаев және Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты.Серікқазы Қорабай мен Базарбек Атығаев Тұрағұл Абайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы құнды ақпарат берді. Серікқазы ағамыздың айтқандарына сүйене отырып, мынадай маңызды мәліметке тоқталғымыз келеді.
«1880 жылы Семей қаласында Евгений Михайлов алғашқы қоғамдық кітапхананы ашады. Ол кезде кітапхана қорында 270 дана кітап болған, бұл сол заман үшін үлкен көрсеткіш еді. Кітапханаға 130-ға жуық тұрақты оқырман келіп тұрған, олардың ішінде жалғыз қазақ оқырман – Абай Құнанбайұлы болатын. Бір күні кітапханада жұмыс істеп жүрген Александр Леонтьев Ибраһим есімді қазақтың кітап оқып отырғанын көреді. Абай одан «индукция мен дедукция деген не?» деп сұрағанда, Леонтьев қатты таңырқапты. Өйткені Абай шетел әдебиетін, еуропалық ғалымдардың еңбектерін оқып отырған екен. Абайдың осындай терең танымға, ғылым мен білімге деген құштарлығы – қазақ мәдениетіне жаңалық әкелген, тың серпін берген құбылыс».
Бұл оқиға Абайдың тек ақын ғана емес, нағыз ағартушы, кітапхананың тұрақты оқырманы болғанын көрсетеді.
Базарбек Атығай: «Тұрағұл – алдыға ұмтылмаған, көрінуге, танылуға тырыспаған, ағаларының алдына түспеген. Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» атты естелігі – ұлы Абайдың шынайы болмысын ашатын баға жетпес мұра. Тұрағұл – Абайдың жолына адал болған ұл. Ол әкесінің ағартушылық миссиясын жалғастырып, халқына қызмет етті. Алаш қозғалысының бір мүшесі ретінде елдің ертеңі үшін алаңдап, Алаш атты әскерінің құрамында үлкен соғысқа қатысқан. Ол ел аралап, әскер жинап, елінің тағдырына жан-тәнімен араласқан», – деді. Кездесу соңында студенттер Абай өлеңдерін жатқа айтып, ұлы ақынның рухына құрмет көрсетті. Бұл тағылымды басқосу бізге тың деректер мен естімеген мәліметтер сыйлап, Абай мен оның ұлы Тұрағұл туралы танымымызды тереңдете түсті.
Тұрағұлдың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Оның тұлғалық болмысын, біз біле бермейтін қырларын жас ғалымдар ашып, тасада қалған еңбектерін жарыққа шығарса – бұл қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін өлшеусіз олжа болары анық.
Абайдың ұлы туралы жазылған еңбектерді зерделей отырып, тарихта есімі ұмыт қалмасын десек – Тұрағұлды бірге зерттейік, насихаттайық. Абайдың өсиеті мен Тұрағұлдың еңбегі – халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын рухани аманат.
Абай Құнанбайұлы мен Тұрағұл Абайұлының артында қалған мол мұра – қазақ халқының мәңгілік шамшырағы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жол көрсетіп, ұлттық санамызды нұрландыра бермек.
Айгерім Мұратқызы,
ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
"AQIQAT" журналы

588 рет
көрсетілді0
пікір