- Фотогалерея
- 19 Маусым, 2025
Дәстүрлі түркілік наным-сенімдерінің ғылыми-мәдени аспектілері талқыланды
Алматыда Түркі академиясы, Каспий университеті және ҚазҰУ философия кафедрасының ұйымдастыруымен байырғы түрік дүниетанымының наным-сенімдерін талқылауға арналған халықаралық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.
Дөңгелек үстелде ғылыми-теориялық бөлім бойынша жұмыс түстен кейін тәжірибелік шараларға ұласты. Жиынға Италия, Қырғызстан және басқа да шет мемлекеттерден сонымен қатар, елімізден аталған саланы зерттеп жүрген білікті ғалымдар қатысып, жоғары ғылыми деңгейде баяндамалар жасады. Түркі наным-сенімін зерделеуші ғалымдар физика, биология, география, нейрофизиология, мәдениеттенау, психология, этнография, философия т.б. ғылым тұрғысынан көп жылғы зерттеулерін ортаға салды.
Дөңгелек үстелдің екінші бөлімінде қазіргі заманғы түркілік ритуалдар орындалып, елімізге танымал халықтық медицина өкілдері қатынасып, нақты тәжірибелерімен бөлісті. Шараға табиғатпен үндестіктің түркілік дәстүрін жалғастырған тұлғалары қатынасып, олармен жүзбе-жүз пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Бұл дөңгелек үстелде түркілік рухани болмысты зерттеуші танымал теоретик ғалымдар мен практиктер кездесіп, өзара пікір алысты. Сондай-ақ олардың мәдениет туралы терең зерттеулері, ғылыми тұжырымдамалары мен пайымдаулары қызу дискурстар арқылы талқыланды. Түркілік наным-сенімдердің әлемдік мәдениеттегі орны мен тәжірибесі ғана емес, оның өмірмәнділік терапиялық, медициналық, дүниетанымдық жақтары белгілі бір деңгейде жаңа арналармен ашылды, бақсылық заманауи соны қырларымен танылды, шамандық әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін құбылыс екендігі туралы пікірлер бір арнаға тоғысты.
Досжан Балабекұлы
Суреттерді түсірген автор
1059 рет
көрсетілді0
пікір







