Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 21 Маусым, 2025

ҚазҰУ мен «Ана тілі»: ынтымақ пен жаңғыру

2025 жылдың 20 маусымында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БАҚ қызметкерлері күніне орай «Ана тілі» ұлттық газетінің 35 жылдығына арналған «Заманауи журналистика: тәжірибе, ғылым, инновация» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.

Шара қонақтарының қатарында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы, журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы, «Хабар» агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры Серік Әбікенұлы, «Alatau Aqparat» медиа холдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС директорының орынбасары Есей Жеңісұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, «Ана тілі» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Қарагөз Сімәділ, «Ана тілі» газетінің бас редакторының орынбасары Берік Бейсенұлы,  ҚазҰУ Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі, доцент Мәдина Мансурова, «Үркер» журналының бас редакторы Жарас Сәрсек, «Ұйғыр Авази» газетінің бас редакторы Ершат Асматов, «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сагимбеков, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармахан, «Қазақстан дәуірі» халықаралық газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлепбаев, «Дружные ребята» журналының бас редакторы Ольга Рыбкина сынды қоғамға танымал тұлғалар бар.

1990 жылы Ұлыстың ұлы күні — 22 наурызда тұңғыш саны жарық көрген «Ана тілі» газеті осы күнге дейін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ел руханияты мен тіл мәдениетінің тірегі болып келеді. Оған дәлел — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қаңтар айында басылымға берген арнайы сұхбаты, онда Президент басылымның ақпарат кеңістігіндегі рөліне ерекше тоқталып, ұлттық ой-сана мен тіл мәселесіне қатысты өзекті тақырыптарды батыл көтеріп отырғанына жоғары баға берген еді.

Дөңгелек үстел аясында университеттің ғылыми әлеуеті де көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтар үшін ұйымдастырылған арнайы пресс-тур барысында Жерді қашықтан зондтау орталығының мүмкіндіктері, суперкомпьютер кешені мен «Фараби хаб» жобасының жетістіктері таныстырылды. Мұның барлығы ҚазҰУ-дың білім мен ғылымды ұштастырудағы жаңа қадамдарының жарқын көрінісі болды.

Жиынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылығы ашып, қатысушыларға мазмұнды пікір алмасу мен кәсіби нәтижелі кездесулер тіледі. Сонымен қатар, шара барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, қатысушыларға алдағы уақытта ортақ жобаларды іске асырудың жолдары ұсынылды.

Дөңгелек үстелде сөз алған қаламгерлер мен медиа мамандар ұлттық журналистиканың бүгіні мен келешегіне тоқталды. Мереке Әбдешұлы Құлкенов «Жазушының көзімен: журналистикадағы шынайылық және шығармашылық» тақырыбында ой қозғап, қалам ұстаған адам үшін әділдік пен сөз еркіндігінің маңыздылығын атап өтті. «Журналист — ең алдымен шындықты айтуға, халыққа дұрыс ой жеткізуге жауапты адам. Қалам ұстаған жан шынайылық пен шығармашылық еркіндікті қатар алып жүруге тиіс. Сол кезде ғана журналистика өз миссиясын толық орындайды», — деді ол өз сөзінде. 

Есей Жеңісұлы «Қазақ газеттері: кеше, бүгін және ертең» атты баяндамасында басылымдардың жаңа форматтарға бейімделуі туралы ой бөлісіп: «Ана тілі» жас журналистердің қанат қағатын орны. Қазіргі заманның талабына сай, ыңғайына келген басылым. Оның үстіне тек газет шығарып отыру аздық етеді. Әлеуметтік желілерді жүргізу, дамыту міндетті,  дейді.

Бауыржан Жақып «Білім мен тәжірибе: болашақ журналистерді даярлау» тақырыбында жас мамандарды тәрбиелеудің өзекті мәселелерін көтеріп: «Қазір журналист боламын деген студент тек теориямен шектеліп қалмауы керек. Оқу орнында алған білімін редакцияда іс жүзінде сынап көргенде ғана кәсіби тәжірибе жинайды. Университет пен бұқаралық ақпарат құралдарының тығыз байланысы — сапалы журналист дайындаудың кепілі. Білім мен тәжірибе әрдайым қатар жүрсе, біздің жас журналистер бәсекеге қабілетті бола алады», — деді профессор.

«Ана тілі» газетінің 35 жылдық тарихына шолу жасаған газеттің бас редакторы Ерлан Жүніс ұлттық басылымның даму жолы мен қазіргі заман талабына сай бағыттарын тарқатып, өз сөзінде: “Қыздың баласындай сүйкімді газет жасағымыз келеді. Ұлттық нақыш пен заманауи графиканы, визуалды тартымдылықты бір-бірімен ұштастырып, жетілдіру мақсатымыз. Цифрлық трансформацияға бейімдеу де өте маңызды. Алдағы уақытта мектеп, университеттермен тығыз байланыста болып,  арнайы ағартушылық бағдарламаларды жүзеге асыруға ұмтыламыз. Білім беру мекемелеріне сенімді серіктес болып, сапалы оқырман қалыптастыруға бар күшімізді саламыз” - дейді. 

Сөз арасында Есей Жеңісұлы газеттің қазіргі дәуірде де маңызын жоймағанын атап өтті. «Газет халыққа қолжетімді болуы үшін тек қағаз жүзінде емес, әлеуметтік желілерде де белсенді болуы керек. Мысалы, Жапонияда бір газет бір күнде миллиондаған тиражбен шығады. Бізде дәл солай болмаса да, басылым өзектілігін, шынайылығын жоғалтпаса екен деймін. Бұл ретте ҚазҰУ-ға осындай мерейтойды ұйымдастырып отырғаны үшін үлкен рахмет», — деді.

Шараның ең маңызды жаңалығы — қазақ тіліндегі тұңғыш нейрожелі көмекші «AI-QazMedia» жобасының тұсаукесері болды. ҚазҰУ Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы мен журналистика факультетінің бірлескен бұл жобасы интернеттегі қазақ тіліндегі контентті автоматты түрде генерациялауға жол ашып, мемлекеттік тілдегі нейрожелі мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. «AI-QazMedia» — дәстүрлі медианы инновациямен ұштастыратын тың құрал ретінде бағаланып отыр.

Ресми бөлім аяқталған соң шараға қолдау көрсеткен түлектерге Алғыс хаттар табысталып, қатысушылар естелік суретке түсіп, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Осыдан кейін арнайы ұйымдастырылған кофе-брейк пен фуршетте қонақтар бейресми жағдайда еркін әңгімелесіп, өзара тәжірибе алмасты. Достық қарым-қатынас орнап, кәсіби ортада жаңа идеялардың туындауына жағдай жасалды.

«Ана тілі» газетінің мерейтойы аясында өткен «Заманауи журналистика: тәжірибе, ғылым, инновация» дөңгелек үстелі ұлттық журналистиканың даму бағытын айқындап, ғылым мен жаңа технологияның өзара ықпалдастығын нақтылай түсті.

 

Фотосурет авторы: Азамат Құсайынов


Аружан Вахапова
Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университетінің 

2курс студенті

210 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз