Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 23 Маусым, 2025

«Қымызмұрындық» фестивалінің ерекшелігі неде?

Алматы облысындағы әйгілі Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Кеген ауданының әкімдігі мен аудан жұртының ұйымдастыруымен өткен «Қымызмұрындық-2025» шарасының ашылу салтанатында құлындар желіге байланып,  ауылдың қыз-келіншектері күбіде қымыз пісіп, 1 тонна қымыз тегін таратты.

Ұлттық сусын қымыздың түр-түрі таныстырылып, піспекті тобылғыға  ыстап, қымыз жасау технологиясы көрсетілді.  Жиынға келген ақсақалдар қымызхана иелеріне ақ батасын берді.

«Топжарған» тобы өнерін көрсетті, ал аудан жыршылары жырдан шашу шашты.

Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелерінің қатар-қатар тігілген киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы болды.

Спорттық  ойындар мен жәрмеңке, көрме,  этно-ауыл көрмесі қойылды.

Сонымен қатар 15 кг болатын ыдыспен қымыз ішуден жарыс өтті.

«Қымызмұрындық- 2025» шарасы гала концертпен жалғасын тапты.

Қымызмұрындық шарасы «Кеген» халық  театрының  әзірлеген театрландырылған көрінісімен басталды.

Қымызмұрындықтың ашылу салтанатында жиналған көпшілікті Алматы облысының әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін деді.

Сонымен қатар Қырғызстанның Ыстықкөл облысы, Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Еңбек ардагері Естенов Тоққожа Естенұлы, Жолан Омаровтың әкесі Ыбрайахын ақсақал сөз алып, іс-шараның маңыздылығын айтып өтіп, ізгі тілегін жеткізді.

Одан ары қарай танымал эстрада жұлдыздарының ән кешіне ұласты.

Сонымен қатар «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі кешті қыздыра түсті.

Ал «Жолан жүйрігі» аясында Құнан бәйге, Топ бәйге, Аламан бәйге өтті. Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғызстаннан келген 150-ге жуық жүйрік тұлпар қатысты.

Халықтық сипаттағы қымызмұрындық жоралғысын өткізудің де түпкі мақсаты –  жастарға өнеге, тағылым ету болып табылады. Шараға еліміздің әр түкпірінен 10 мыңға жуық адам қатысты.

Досжан Балабекұлы

Суреттерді түсірген автор

 

1268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз