Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 02 Шілде, 2025

Абиба Абужақынова ҚазҰУ дипломын алды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде спортшы-дзюдошы, Будапешттегі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Абиба Абужақыноваға диплом табыс етілді. Бұл туралы kazgazeta.kz тілшісі хабарлайды.

Белгілі спортшы ҚазҰУ-да оқуын аяқтап, заң факультетінің «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.

ҚазҰУ түлектеріне диплом тапсыру рәсімі кезінде Абиба Абужақынова білімін жетілдіруге үлес қосқан әрі қолдау көрсеткен оқытушыларына шын жүректен алғысын білдірді. «Университет қабырғасында мен екінші жоғары біліммен қатар, өмірлік маңызды сабақтар алдым. Мұнда маған тәртіп, адалдық пен мақсатқа жету үшін табандылықты үйретті. Бұл қасиеттер менің алға ұмтылуыма және кез келген қиындықты жеңуіме көмектеседі. Қазіргі уақытта мен кәсіби дамуымды жалғастыру үшін және жоғары білім алу мақсатында магистратураға түсуге дайындық үстіндемін», – деді Абиба Абужақынова.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен үздік түлектерге диплом табыстау рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Алтынбек Нұхұлы, Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжанов, Ермұрат Бәпи,  Айдос Сарым арнайы қатысып, жас мамандарды дипломмен марапаттады.

Мерекелік кешті ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, жетекші университеттің жетістіктері мен халықаралық беделіне тоқталды.

Биыл университетті 7080 түлек бітірді. Оның ішінде 5410 студент – бакалавриатты, 1163-і – магистратураны, 507-сі – докторантураны тамамдады. 1404 студент қызыл диплом иегері атанды. 660 шетелдік студент Қазақстанда білім алып, ҚазҰУ дипломымен елдеріне оралғалы отыр. Олар – Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей, Жапония, Индонезия, Иран, Пәкістан, Түркия, Гана және Қырғызстан елдерінен келген білім алушылар.

Суреттерді түсірген-Досжан Балабекұлы

 

2287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз