- Таным
- 14 Шілде, 2025
Медет Ермекқалиұлы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры: Домбыраның үнінде халықтың тағдыры бар
Қазақ музыкасының ұлы шежіресіне айналған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – ұлтымыздың мәдени болмысын әлемге танытып жүрген іргелі өнер ордасы. Оркестрдің 90 жылдық бай мұрасы мен тарихында Ахмет Жұбановтай тұлғалар жетекшілік еткен дәстүрлі мектептің үні мен ұлы рухы сақталған. Осы өнер ордасының абыройын асқақтатып, дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастырып жүрген директор Медет Ермекқалиұлы оркестрдің даму бағыты, шығармашылық серпіні, жаңа жобалар мен алдағы жоспары туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Медет Ермекқалиұлы, оркестр тізгінін ұстаған сәттен бастап қандай мақсатты алға қойдыңыз? Солардың ішінен қайсысын жүзеге асыра алдыңыз?
– Ұлттық мәдениетіміздің інжу-маржаны, қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуы мен дамуындағы жетекші рөл атқарып келе жатқан ұжым, ұлтымыздың музыка тарихындағы тұңғыш оркестр – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің сапында болу, ата оркестрге басшылық ету, ұлттық өнерді насихаттауға үлес қосу кез келген азамат үшін жоғары мәртебе деп санаймын. Ұлттық оркестр Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ретінде жұмыс істейді. Яғни бюджеттен қаржыландырылатын, негізгі мақсаты – ұлттық өнерді ел ішінде, алыс-жақын шет мемлекеттерде насихаттау, мәдени мұраны сақтау және жаңғырту болып бекітілген ұжым.
Әрбір мекеменің басшысында өзіндік басқару стилі, коммуникация тәртібі, жұмыс бейімі болатыны белгілі. Алайда 90 жылдық тарихы бар, ғасырмен үндесіп қатар жасап келе жатқан тарихи ұжымға жетекшілік ететін азаматтарға айрықша жауапкершілік жүктеледі. Ұлттық оркестрдің негізін қалаған Ахмет Жұбанов бастаған ұлы тұлғалардың аманатын абыроймен арқалаған азаматтардың еңбегі тарих бетінде қаттаулы тұр. Біздің де міндет осы бағытта қалыптасатыны сөзсіз.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени саясатты жүзеге асыру барысында Ұлттық оркестрдің жұмысына баса назар аударады және үлкен мемлекеттік қолдау көрсетіп отыр. Тарихы терең ұжымның басшысы ретінде қызметім жалғасып келе жатқандықтан, қандай да бір атқарылып жатқан жұмысыма баға беруден аулақпын. Бекітілген міндеттеме, айқындалған жауапкершілігіміз бар. Мәдени саясатты жүзеге асыруға белсенді атсалысу мен ерекше жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік стратегиялық құжаттарда көрсетілген индикаторларды межелі деңгейде орындау деп айтсақ, орынды болады деп есептеймін. Бұдан бөлек, жаңа айтып өткендей, аманат арқалаған буын ретінде бүгінгі Ұлттық оркестр ұжымының шығармашылық еркіндігі мен қолайлы жұмыс режімін қамтамасыз етуіміз керек. Оркестр артистерінің сахналық костюмдері жаңғыртылды, біршама жаңа музыкалық аспаптар алынды. Сондай-ақ концерттік зал мен ғимаратты күрделі жөндеу жобасы белсенді түрде талқыланып, бірнеше жобамызды қаржыландыру және жүзеге асыру барысы қарастырылып жатыр.
– Соңғы 4–5 жылда оркестр аясында қандай іргелі жоба жүзеге асты? Алдыңғы басшылардың жұмыс тәжірибесімен сіздің басқару әдісіңіздің ара жігі неде?
– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – киелі өнер ордасы. Киелі домбыра мен қобыздың киесі секілді, сахнаның да өзіндік рухы, өзіне тән тынысы бар. Әр басшының өз қолтаңбасы, өз басқару стилі болатыны заңдылық. Біз оркестр тарихындағы әрбір басшыны, әрбір дирижерді зор құрметпен еске аламыз. Ұлттық музыкалық аспаптарға негізделген оркестр құру жолындағы асқан жауапкершілік қазақ музыка өнерінің қара нары, академик Ахмет Жұбановқа тапсырылды. Сонымен қатар Ғанбар Медетов, Жаппас Қаламбаев, Лұқпан Мұхитов, Махамбет Бөкейханов, Қали Жантілеуов сынды көптеген қазақ музыка өнерінің алыбы жиналды. Ахмет Жұбановтардан кейін Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Л.Шаргородский, Алдаберген Мырзабеков сынды өнер қайраткерлері ұлттық оркестрдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
Шамғон ағамыздың оркестр тізгінін ұстаған кезеңінде ұжым әлем деңгейіне көтерілді. 1953 жылы Бухарест қаласында өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінде оркестр алтын медаль иеленді. Сол тарихи күн қазақ өнерінің абыройын асырған тарихи оқиға болды. Ағамыздың жетекшілігімен ұлттық репертуар жүйеленіп, шетелдік сахнада кәсіби деңгейде орындала бастады. Еркебұлан Саламатұлы Мүсіреп ағамыз оркестрді ұзақ жыл басқарды. Тұяқберді Шәмелов ағамыз ұлттық өнерге, ұлттық оркестрге өз еңбегін сіңірді. Осындай асыл ағаларымыздың ерен еңбегінің нәтижесінде оркестрдің өңірлерді аралап, сондай-ақ халықаралық сахналарда өнер көрсетуіне көп еңбек сіңірді. Бертін келе Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов – Ұлттық оркестрде дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп, түрлі ауқымды жобаны жүзеге асырды. Қуанышбек Жанболатұлы да оркестрдің ішкі тынысын жақсы білетін, тәжірибелі өнер иесі ретінде басшылық қызмет етті. Менің басты мақсатым – осы жоғарыда аты аталған асыл ағаларымыз бен замандастарымыздың тарихы терең өнер ұжымына деген аманатын арқалап, әр істі салмақты әрі тиянақты түрде заманауи талаптарға сай жалғастыру.
Соңғы 4–5 жылда оркестрдің шығармашылық бағыты, жаңаша тыныс алып, тың серпінмен дамып келеді. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаевтың шешімімен оркестрге Ұлттық мәртебесі берілді. Бұл ұлтымыздың музыка тарихындағы тұңғыш ұлттық аспаптарға негізделген оркестрге берілген жоғары деңгейдегі мәртебе болды. Осы мәртебеге сай, ата оркестр дәстүрлі музыкалық мұра мен заманауи үрдісті ұштастырған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. 2022 жылы халқымыздың күй өнеріндегі шертпе күйшілік мектебін дәріптейтін «Шертпе күй» фестивалі табысты ұйымдастырылды. Ұлтымыздың рухын күй тілімен сөйлеткен бұл фестиваль құдіретті күй өнері үшін ерекше есте қалды. 2023 жылы Құрманғазы атындағы XII республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауы өтті. Байқау 7 жыл үзілістен кейін қайта ұйымдастырылды. Мұндай байқауды жыл сайын өткізе берсек, оның рухы мен салмағы жоғалып кетеді. Сондықтан бұл бағыттағы ауқымды жобаларды араға 4–5 жыл салып, жүйелі әрі салмақты түрде өткізуді жөн көреміз. Сонымен қатар «Шертпе күй» байқауы екінші рет өткізіліп, бұл іс-шараны да Құрманғазы оркестрі өз мойнына алды. Бұл байқауға республика көлемінде 120 үміткер қатысып, халық күткен рухани мерекеге айналды. Осындай ауқымды жобалар – Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан игі істер.
Ұлттық оркестр кейінгі жылдары дәстүрлі ән-күйден бөлек, заманауи музыка үлгілерін де халық аспаптары оркестріне лайықтап, көпшілікке ұсынып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі – Ұлттық оркестрдің авторлық жобасы «Оркестр түні» концерті. Бұл жобада дәстүрлі халық мұрасы және әлемдік деңгейдегі танымал фильмдердің саундтрегі, хит туындылар орындалады. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында аншлагпен өткен «Оркестр түні» концертінің тұрақты көрермені қалыптасты. Оркестрдің әлеуметтік парақшаларына «Оркестр түні» жобасын еліміздің көптеген қаласында өткізуге ұсыныс, шақырту да көптеп келеді.
– Ел ішіндегі және шетелдегі гастрольдық сапар туралы айтып берсеңіз.
– Гастрольдық бағыттағы жұмыстарға келсек, ұлттық оркестр жылына, кемінде екі республикалық немесе халықаралық деңгейдегі гастрольдық сапар ұйымдастырады. Халықаралық деңгейдегі гастрольдық сапардың шығынын тікелей министрлік қаржыландырады, өйткені ол – мемлекеттік имидж үшін маңызды мәдени миссия. Сондай-ақ Ұлттық оркестр ұжымы Қазақстанның шет мемлекеттердегі мәдениет күндеріне де қатысып, ел абыройын көтерді. Мысалы, осындай сапармен оркестр ұжымы Мысырда, Италияда және Түрікменстан мемлекетінде жеке концерт беріп өнер көрсетіп келеді. Оркестр кейбір жобаны өз табысы есебінен де жүзеге асыруға ұмтылады. Әлбетте, шет мемлекеттерде оркестрдің толық құрамының қатысуымен концерт беру оңайға соқпайды. Біздің оркестрде 84 музыкант еңбек етеді. Кейінгі жылдары оркестрдің жартылай құрамы – шамамен 40–42 адам шетелге барып, өз өнерін көрсетеді. Алдағы уақытта толық құрамдағы ұжыммен шетел сахналарында өнер көрсетуге де үлкен мүмкіндік туады деп сенеміз. Құрманғазы оркестрінің гастрольдық сапарын еліміз бойынша көптеген қала, шалғай аудан асыға күтеді. Арнайы шақырту да келіп жатады. 2024 жылы ұлттық оркестрдің 90 жылдығының аясында соңғы 20 жылдан кейін Қарағанды облысына гастрольдық сапармен барып облыс аумағындағы бірнеше ауданда, облыс орталығында концерт өткіздік. Биылғы концерттік маусымда еліміздің бас қаласы Астана қаласында, Ақмола облысына 19 жылдан кейін қайта бардық, Шымкент қаласында, Түркістан облысының Арыс қаласы мен Ордабасы аудандарына гастрольдық сапар ұйымдастырып, ұлттық оркестрдің ерекше концерттік бағдарласын ұсынып, өнерсүйер қауымды қуантып қайттық.
– Құрманғазы оркестріндегі басқару жүйесі мен көркемдік жоспардың үйлесімі қалай жүзеге асырылады? Бұл бағыттағы жұмыстар қандай құрылым арқылы атқарылады?
– Бізде басқару жүйесінің құрылымы нақты ұйымдастырылған. Ұлттық оркестр де, барлық концерттік ұйымдар сияқты, екі ірі блокқа бөлінеді: әкімшілік және шығармашылық құрам. Әкімшілік блок – қаржы, кадр, жоспарлау және ұйымдастырушылық жұмыстарын алға қойса, көркемдік бағыт репертуар саясатын шығармашылық дамуға басымдық береді. Бірақ негізгі міндет біреу – сапалы, жоғары деңгейлі концерттер ұйымдастыру. Оркестрде Көркемдік кеңес жұмыс істейді. Біз жыл сайынғы репертуарымызды жаңартып, жаңа шығармалар мен жобаларды көркемдік кеңесте талқылап, жылдық жоспарларымызға енгізіп отырамыз. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-домбырашы Батыржан Мықтыбаев. Оркестрдің бас дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығыны иегері, «Құрмет» орденінің кавалері Абылай Тілепберген. Сонымен қатар дирижерлер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Нарын Қанжығалиев алдыңғы буын ағаларымыздың дирижерлік сара жолын жалғастырып келеді. Әкімшілік басқару мен шығармашылық үндестік бір арнаға тоғысқанда ғана ұлттық оркестрдің алға қойған мақсаты толық жүзеге асады деп есептеймін. Сонымен қатар елімізге танымал дәстүрлі, опера, эстрада әншілерімен бірлесе жұмыс істеу – ұлттық оркестрдің шығармашылық бағытындағы маңызды басымдықтардың бірі. Ұлттық оркестрмен тұрақты түрде өнер көрсетіп келе жатқан мәдениет саласының майталмандары да бар. Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев, Жұбаныш Жексенұлы, Нұрлан Өнербаев, Талғат Күзембаев, Саят Медеуов, Жеңіс Ысқақова, Рамазан Стамғазиев және Нұржамал Үсенбаева сияқты тұлғалы өнерпаздар – сахнамыздың тұрақты қонағы. Нұрғалым Аманбай, Толғанай Пазылақын, Рухия Байдүкенова, Асхат Үрпеков, Айдос Жабағин, Расул Жармағамбетов, Yernazar және өзге де жас өнерпаздар Ұлттық оркестрмен бірге заманауи түрлі жобаларда өнер көрсетіп келеді. Міне, осындай ауқымды концерттерді ұйымдастыру – Ұлттық оркестрдің ұжымының ортақ жауапкершілігіндегі жұмыс. Сондықтан ішкі құрылым да, ұжымдық атмосфера да жоғары деңгейде жүйелі жұмыс істеуі керек.
– Оркестр құрамының ішкі мәдениеті мен кәсіби ауанын қалай қалыптастырасыздар?
– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – үлкен мәдени ортаның, дәстүр мен тәртіптің тоғысқан орны, ұрпақтар сабақтастығы берік қалыптасқан ұжым. Оркестрдің ішкі ауанын, шығармашылық тәртібін сақтап қалу – біз үшін маңызды міндеттердің бірі. Біз үшін бұл бағыт – ұжымдық рух пен шығармашылық тәртіпті қалыптастырудың негізі. Ең алдымен, оркестрде өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген орта қалыптасқан. Тәжірибелі музыканттар жас әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, кәсіби дәстүр сабақтастығы үзілмей жалғасып келеді. Әрбір артист оркестрдің үлкен өнер мектебінің бір бөлшегі екенін терең түсінеді.
90 жылдық тарихы бар оркестрді, киелі мекенді ардагерлерсіз елестеу мүмкін емес. Осы мәдениет пен дәстүр сабақтастығының ажырамас бір бөлігі – оркестр ардагерлеріне деген шынайы құрмет. Біз өнер шеберлерін ұлттық оркестрдің құрылған күні, Көрісу күні, Халықаралық әйелдер күні, Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, үнемі концертімізге құрметті қонақ ретінде шақырып, сахна төрінде лайық ілтипат көрсетуді дәстүрге айналдырдық. Олардан жас музыканттарға арнап шеберлік сыныптарын, тәжірибе сабағын өткізуі – ұжымның рухани байлығын еселей түсетін ерекше үрдіске айналып отыр. Мысалы, Құндыз Қаламбаева апамыз – оркестрдің көрнекті мүшесі, зейнет жасында болса да, қажет кезде сахнаға шығып, кейінгі буынға рух береді. Ол – қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы, күйші Жаппас Қаламбаевтың қызы. Мұндай тұлғалардың ұжымдағы орны ерекше. Ардагерлердің өмір жолы мен орындаушылық мектебі – бүгінгі буын үшін баға жетпес қазына, ал олардың ортамызда болуы – оркестрдің тірі тарихы мен асыл мұрасы.
– Бүгінгі көрерменнің талғамы өзгеріп келеді. Ұлттық музыка өнері мен жастар арасындағы байланысты дамыту жолын қалай оңтайландырып жатсыздар?
– Расымен де, қазіргі уақыт – ақпарат ағыны тасқындаған, таңдау еркі кеңейген дәуір. Жастардың музыкаға деген талғамы да сан қырлы. Жастарымыз әлемдік трендіге, заманауи бағытқа бет бұрып отырғаны рас. Осындай алуан түрлі мәдени толқынның ортасында жүріп, ұлттық өнерімізді – төл ән-күйімізді жастарға қалай жеткіземіз? «Оларды қалай қызықтыра аламыз?» деген сұрақ – біздің шығармашылық ұжымның басты күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Біз бұл сұраққа нақты іспен жауап беруге тырысып келеміз. Дәстүрлі музыка өнерінің қалыбын сақтай отырып, кейінгі жас буынға жаңа форматта ерекше жобаларды ұсыну біздің басты мақсатымыз.
Біз де заман талабына сай болып, ұлттық музыкаға жаңаша көзқарас ұсынатын жобаларды іске асырып жатырмыз. Солардың бірі әрі сәтті жүзеге асып келе жатқан жобамыз – жоғарыда атап өткен «Оркестр түні» жобасы. Бұл концерттік бағдарлама арқылы оркестр мен көрермен арасындағы байланысты жақындастыра түсіп, ұлттық өнерді заманауи форматта ұсыну арқылы жастарды тартуға тырыстық. Концерт формасы, сахналық шешімдері мен музыкалық өңдеулері бүгінде жас тыңдарман тарапынан зор қызығушылық пен қолдауға ие болып жатыр. Бұдан бөлек, ұлттық музыка өнерін эстрадалық бағытпен үйлестіріп, жаңа буынның жүрегіне жақындатуға күш салып отырмыз. Мәселен, биылғы маусымда ұлттық оркестрдің бастамасымен дирижер Әділет Азбаевтың жүзеге асырып жүрген «Folk Show» жобасы өтті. Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырудың жарқын үлгісі болған бұл жоба жастар арасында ерекше ықыласқа бөленді.
Сонымен қатар әлемдік кинофильмдердің танымал саундтректері негізінде «Soundtrack hits» атты ерекше жобаны жасадық. Осы жоба арқылы ұлттық аспаптардың мол мүмкіндігін, олардың әмбебаптығын көрсете отырып, Батыс музыкасын қазақы нақышпен қайта сөйлеттік. Мұндай бағыттағы концерттерді Республика сарайы, Алматы театры сияқты ірі мәдениет ошақтарында ұйымдастырып келеміз.
– Қазақ оркестрінің қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты не айтар едіңіз? Ұлттық аспаптарды жаңарту әрі оны сақтау мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
– Қазір заман басқа – бәрі жылдам, цифрландырылған жүйе. Соған сай электронды домбыра, қобыз секілді жаңашыл аспаптар пайда болып жатыр. Бұл, бір жағынан, дамудың белгісі, екінші жағынан, дәстүрлі орындаушылық өнеріміздің жұқару қаупіне алып келуі мүмкін. Біздің оркестр музыкалық түпнұсқаны бұрмаламай, ұлттық сазды нақышын сол күйінде жеткізуге тырысады. Әрбір күйдің өз табиғаты, өз үні, өз философиясы бар. Біз сол дәстүрді сақтауға, деңгейін көтеруге барымызды саламыз. Дегенмен оркестр тарихында аспаптық өзгерістер де болған. Мәселен, кезінде Шамғон Қажығалиев оркестрді басқарған тұста, орындаушылық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында домбыра құрылымына өзгерістер енгізілген. Сол кезде көптеген аспап оркестрге енгізіліп, оркестрдің орындаушылық шеберлігі жаңаша бағытта дамып, өзгеше үйлесім тапты. Қазір де оркестр құрамына баян, сырнай, виолончель, контрабас сынды аспаптарды үйлесімді қосып, әуен құрылымын байыта түсеміз. Өкінішке қарай, оркестрдің қалыптасу жолындағы алғашқы нұсқада жасалған музыкалық аспаптың көбі сақталмаған. Кейбірі еліміздегі музейлерде тұр. Академик Ахмет Жұбанов – қазақ музыкасын жүйелеген ірі тұлға. Академиктің ұлттық оркестрді қалыптастыру жолында Ресейден ағайынды Романенколар сынды аспап жасаушы шеберлерді алдырып, музыкалық аспаптарды бір жүйеге келтірді. Бұл игі істің басында қазақ даласынан шыққан аспап жасаушы шебер Қамар Қасымовтың да орны ерекше. Сол аспаптардың сапасы, жасалу технологиясы әлі күнге дейін ерекше болып есептеледі. Қазір сол домбыралар санаулы ғана орындаушының қолында, еліміздегі музейде сақтаулы.
Қазір қобыз жасаушы шеберлер өте аз. Ұлттық музыка аспаптарын жасаудың өзі өнер. Ел ішіндегі санаулы шеберлердің бірі – Жолаушы Тұрдығұлов. Ол кісі жоғарыда атап өткен оркестр тарихындағы ұлттық аспап жасаушы шебер Қамар Қасымовтың ізетті жолымен ұлттық аспаптарды жасап, жөндеп, қайта жаңғыртып келеді. Жуырда ғана Мемлекет басшысының арнайы жарлығымен Жолаушы ағамыз ұлттық қолөнерге, еліміздің мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Мұны ұлттық өнерге, оның ішінде дәстүрлі қолөнер саласына берілген лайықты марапат деп білеміз.
Оркестрдің болашағы дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білуде жатыр. Біз қазіргі заманның талабынан артта қалмай, тың жобалар арқылы ұлттық өнерімізді жаңаша ұсынуға тырысып келеміз. Бірақ түп негізден алыстамай, Құрманғазының қайталанбас күйін, Тәттімбеттің тебіренген шертуін, Дәулеткерейдің терең философиясын жоғалтпау – басты мұратымыз. Болашағымыз осы мұратқа адал болсақ қана жарқын болады.
– Оркестрдің репертуары жаңартылып отырады дедіңіз. Шығармашылық ізденіс, материалдық-техникалық база және инфрақұрылым мәселесіне тоқталсаңыз.
– Иә, оркестр репертуары үнемі жаңартылып отырады. Жыл сайын кемінде 35, ең көбі 40 жаңа шығарма репертуарға енгізіледі. Бұл, бір жағынан, шығармашылық серпіннің, екінші жағынан орындаушылық мүмкіндігіміздің артуын көрсетеді. Біздің репертуарда Ахмет Жұбановтың өзі қолымен жазған кейбір туындысы сақтаулы. Архивте сақталған сол мұраларды цифрлық жүйеге көшіру ісі де қолға алынып жатыр. Сондай-ақ оркестрдің жан-жақты дамуы тек орындаушылықпен шектелмейді. Ұлттық оркестр әрдайым шығармашылық ізденіс барысында әлемдік деңгейдегі музыка майталмандарымен байланыс орнатып, түрлі жобаны жүзеге асыруды мақсат етеді. Соның айғағы – әлемге танымал скрипкашы әрі дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның музыкалық елшісі Марат Бисенғалиевпен жүзеге асқан бірлескен жоба. Бұл шығармашылық байланыс – ұлттық мұрамызды әлемдік деңгейге шығару жолындағы сәтті қадамның бірі. Әлемдік деңгейдегі виртуоз классикалық репертуардан «Полонез» секілді күрделі туындыларды орындап, оркестрдің кәсіби дайындығына және орындаушылық шеберлігіне жоғары баға берді. Әрбір концертімізден кейін осындай дарын иелері мен халықтың ықыласы мен ризашылығы – біздің ең басты марапатымыз.
Ұлттық оркестр біршама тың жаңалықтарды ұлттық оркестрдің 90 жылдық мерейтойының аясында іске асырды. Атап айтар болсақ, Халықаралық «Air Astana» әуе компаниясымен бірлесіп, ұшақ ішіндегі музыкалық фон ретінде Құрманғазы оркестрі орындаған 15 күй таңдалды. Әуе кеңістігінде қалықтаған Құрманғазы оркестрінің орындауындағы Құрманғазының, Динаның, Тәттімбеттің құдіретті күйлері елдің рухын әлемге танытып келеді. Сонымен қатар еліміздегі ең ірі кітап, музыкалық таспалардың шығуы үшін түрлі жобаны іске асыратын «Meloman» компаниясымен бірлесіп, ұлттық оркестрдің таңдаулы шығармалары енген арнайы винил пластинка халық назарына ұсындық. Осындай түрлі ауқымды жобамыз көп.
Аспаптар мәселесі де басты назарда. Бұрыннан қолданылып келе жатқан аспаптармен қатар, соңғы жылдары жаңадан жасалғандары да бар. Екі жыл бұрын «Отырар сазы» оркестрімен бірлесіп, аспап жасаушы шебер Жолаушы Тұрдығұлов ағамызға арнайы домбыра жасатып, оркестрдің қолданысына бердік. Бұл іске Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау көрсетілгеніне алғысымыз шексіз. Биылғы жоспар бойынша да біршама аспаптарымыз жаңарғалы отыр. Ал контрабас, литавра секілді кейбір аспап бұрыннан жаңартылмаған. Осы аспаптардың бастапқы жасалу технологиясын сақтай отырып, жаңалау басты назарда. Егер сапалы аспаптарды жүйелі түрде алып отырсақ, олар ұзақ жылға жетер еді. Оркестр жыл сайын орта есеппен 100 концерт ұйымдастырады. Кей жылдары бұл межеден асып жатсақ, кейде елдегі жағдайларға байланысты шегеріп жатамыз.
Сонымен қатар Құрманғазы оркестрінің 90 жылдығына орай, өткен жылы концерттен түскен қаражаттың есебінен арнайы қысқы және жазғы сахналық киім тіктірдік. Бұл – оркестрдің сыртқы келбетін жаңарту, біртұтас стиль қалыптастыру бағытында жасалған әрекет.
Бүгінде ұлттық оркестр үшін инфрақұрылым мәселесі толық шешімін таппай отыр. Оркестрдің ғимараты – Алматы қаласының көрікті орталығында, Абылай хан даңғылының бойында орналасқан. 2018 жылдан бері үш қабатты, 800 шаршы метрлік бұл ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Сахна залының өзі өнер ордасына лайық болғанымен, ішкі инженерлік жүйелері ескірген. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табады деген сенімдеміз. Біздің бір ғана тілегіміз – ғимараттың сыртқы тарихи келбетін сақтай отырып, оркестр ғимаратына заман талабына сай күрделі жөндеу жұмысын жүргізу. Құрманғазы оркестрі – ұлт рухының тірегі. Сондықтан оның шығармашылық тынысын ғана емес, материалдық-техникалық негізін де жаңарту – ортақ міндет деп есептеймін. Халықаралық бағыттағы жоспарымыз да айқын. Қазір оркестр ұжымы Қытай, Оңтүстік Корея, Болгария және Малайзия елдеріне гастрольдық сапар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттерге оркестр бұрын-соңды барған емес, сондықтан аталған елдер – біз үшін жаңа мәдени кеңістік, тың аудитория. Осы елдерден ресми және бейресми ұсыныстар түсіп жатыр. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар пысықталуда. Алдағы уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау көрсетілсе, Құрманғазы оркестрінің өнері шетел тыңдармандарына жол тартатыны сөзсіз. Келесі жыл ұлттық оркестрдің тарихындағы ерекше жыл болмақ. Келер жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ең алғашқы бас дирижері және көркемдік жетекшісі Академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы. Қазір осы тарихи сәтке дайындық жүргізіліп жатыр. Басты жоба – халықаралық дирижерлер байқауын өткізу. Бұл – Құрманғазы оркестрінің жалпы барша қазақ оркестрлерінің болашағына стратегиялық серпін беретін жоба болмақ. Байқауда гран-при иеленген дирижермен бір жылға келісімшартқа отырып, ұлттық оркестрмен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Бұл тұлға қазақстандық болуы да, шетелдік болуы да мүмкін.
– Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі секілді ұжымды басқару кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейді. Осы ұжымдағы жас буынға, сондай-ақ ұлттық оркестрде еңбек етуді армандайтын кейінгі толқынға қандай тілегіңіз бар?
– Құрманғазы оркестрі – қазақ халқының өнерін, ұлттық рухын, болмысын әлемге танытып келе жатқан ұлттық мектеп. Ұлт тарихындағы тұңғыш оркестрді басқару – үлкен абырой әрі жауапкершілік. Бұл – тек басшылық емес, ұлттық мұраны сақтау мен дамыту жолындағы қызмет деп білемін. Жас буынға тілегім – кәсібіне адал болып, ұлттық өнерге жан-тәнімен беріліп еңбек етсе бағындырмайтын белес жоқ. Ал ата оркестрде жұмыс істеуді армандайтын жастарға – арманынан айнымай, білім мен тәжірибені ұштастырып, осы ұлы өнерге үлес қосуына шын көңілден тілектеспін. Біздің есігіміз әрдайым талантты ұрпаққа ашық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
«Ана тілі»
761 рет
көрсетілді0
пікір






