Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 16 Шілде, 2025

«Еңбек адамы»: Қайрат Найзабаев, орманшы

Тұмса табиғаттың тіршілігін қорғау, оны болашаққа сақтау аса қастерлі міндет. Бұл тұрғыда таудағы орманның флорасы мен фаунасын көздің қарашығындай қорғайтын орманшылардың жұмысын нағыз еңбек адамы ретінде айтуға болады. Бұл туралы kazgazeta.kz тілшісі хабарлайды.   

Қайрат Найзабаевтың Іле Алатауы мемлекеттік табиғи паркі, Медеу филиалы, Үлкен Алматы орманшылығы №4 айналым инспекторы болып қызмет жасағанына алты жылдан астам уақыт өтіпті. Оны бұл салаға жетелеген де табиғатқа деген сүйсіпеншілігі болса керек. Ол орман шаруашылығынан бұрын, шекара қызметін бітірген. Өмірдің әр түрлі кезеңінде жеке кәсіппен де айналысқан. Ел асып, Сібір орманында, Қырғызстандағы таулы аймақтарда жұмыс жасаған. Бір қызығы оның барлық жұмыс ортасы табиғат ортасында болған. Мүмкін, кейіннен орманшылыққа келуінің себебі де жүрек түкпіріндегі табиғатқа деген құштарлығы болса керек. Бүгінде өз ұрпақтарына осы мамандықты насихаттап, олардың арасынан табиғатқа қызмет ететін инспектордың шығатындығына сенімді. Өйткені, өмірде шәкірт тәрбиелеудің, оның ұлтқа қызмет етуінің қаншалықты маңызды екенін Қайрат Үсенбайұлы жақсы біледі.

Орманшының жұмысы – кеңседегі тірлік емес. Оның жұмысы тау-тасты, өзен-көлді, орман-тоғайды аралап, аң-құс пен өсімдіктер дүниесін сақтап қалуға, көбейту жұмыстарына шақырады. Шындап келгенде, бұл болашаққа арналған қажырлы еңбек.

Орманшы үшін ең басты қауіп-қатер орманды өрттен сақтау. Қазір Іле Алатауына келетін қонақтар, туристер өте көп.  Оның айтуынша ең қиыны – олардың көпшілігі өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Мұндайда ең маңызды жұмыс - түсініктеме жүргізу.

«Қоқыс мәселесі - біздегі індет. Бірақ, қоқыс тастамауға, тастатпауға әрекет жасау амалы аса маңызды. 2019 жылға дейін Өткелді шатқалындағы ыстық бұлақтарға бастайтын жол нашар болды. Содан кейін айналасы реттеліп, төрт көпір қойылып, жолы ашылған соң бару жеңілдеді. Адамдар ағыла бастады. Әсіресе, жастардың, жалпы саяхатшылардың саны күрт көбейді. Біз осы тұста таудағы қоқысты жинау мәдениетін қалыптастыру бойынша Өткелді шатқалында көптеген жұмыстар атқардық.

Қоқыс тастаған жерден демалушыны ұстап алып, айыппұл салуға болады. Бірақ, онымен мәселе шешілмейді. Мұнда келген қонақтар осы жердегілердің жүріс-тұрысына қарайды. Сол себепті жатқан қоқыстарды жинап жүретін адамдардың саны көбейсе, келген қонақтар да соған бейімделеді. Өткелді шатқалында Махатдин Хаджиев деген кофе сатушы бар. Бірлесіп жақсы істі бастап көрдік. Ол бір қапшық қоқыс жинап келген кісіге- кофесін тегін беретін акция ұсынды. Біз қасында тұрып,  шатқалға келіп жатқандарға түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Өрт туралы, ағашты кеспеу, аңдарға тиіспеу, қоқыс тастамау, оны жинап кету туралы айтамыз. Негізі осының әсері өте жақсы болды. Кейінгі жылдары еріктілер көбейді. Жаны ашып, қоқыс жинап, айналасын тазалап кететін еріктілер күн сайын көбейіп келе жатыр. Бұл қуантарлық жаңалық! Демек, экологиялық мәдениетті біз осылай қоғам болып қалыптастыра аламыз», - дейді Қайрат Үсенбайұлы.

Айналым инспекторының ұлттық парктегі аумағы - 3449 га жерді құрайды. Оның 863, 2 га жері орманмен көмкерілген, ал 2585,8 га жері ормансыз, 7-уі орман. Демек,  аумақ өте ауқымды.

«Жұмысыңды жақсы көрсең-шаршамайды екенсің. Инспекторлардың жұмысы 24/7 уақыт алады. Күндіз-түні осы орманды сақтап қалу үшін бақылауда, түсіндіру жұмыстарында жүреміз. Әр түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатады, үнемі табиғат аясындағы жұмыстамыз. Отабасымыз да осында тұрады. Балаларымды да осы мамандыққа баулимын.  

Менің аумағым теңіз деңгейінен 1630 метрден 3350 метрге дейінгі орманды белдеуді қамтиды.  Ал шыңдармен есептесек, 4319 метр биіктікті алады. Мәселен, туристер үшін танымал Үлкен Алматы, Турист, Тұран, Бауыржан Момышұлы шыңдары айналым аумағымда жатыр. Әрі парктің шекаралық аймағы осы тұста Қырғызстанмен шектеседі.

Әр инспектор өзінің айналымына жауапты. Бұл аумақты бір күнде аралап шығу мүмкін емес, күніне бөліп қойған аймақтарды бақылаймыз», - дейді Қайрат Үсенбайұлы.

Айналым инспекторының айтуынша, таулардың тарихи атауларын қайта қарау маңызды.

«Шатқалдардың, таулардың, шыңдардың халықтық, тарихи атауларын жаңғыртуымыз қажет.  Көпшілік «Алёшкин көпірі»,-дейді, бірақ ол болмаған нәрсе. Ол «Әліштің көпірі» болған. Біздің ұлттық паркте Марат Әлішов деген кісі жұмыс жасады. Зейнетке шықты. Соның атасы Әліш деген кісі болған. Көпір сол Әліш атаның атымен аталған. Ол кісінің сол жерде жайлауы болған. Кейін оны туристер «Алёшкин көпірі» деп кеткен. «Казачкамыз» негізінен Терісбұтақ. Сол сияқты жағдайлар өте көп. Ал шетелдіктерге де тарихи атаудың айтылған қызықты, оларға тіпті таудағы үйдің, комфорттың керегі жоқ. Оларға Алматының биік ғимараттары, жаңа үйлері қызық емес. Керегі таудың тұмса табиғаты мен жергілікті халықтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі. Бір сөзбен айтқанда экотуризмге көзқарасымызды дұрыстауымыз керек. Біз соны дұрыс жолға қоя алмаймыз отырмыз», - дейді орманшы.

Қоғамда әр азамат өз ісіне біздің кейіпкеріміз секілді жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қараса, алға жылжуымыз да көш ілгері, табысты болары анық. Еңбек жолын табиғат қорғау саласымен ұштастырған Қайрат Үсенбайұлымен болған әңгімелесуде біз еңбек адамының қажырлы қайраты мен еңбексүйгіштік қасиетімен және болашаққа деген жарқын тіріліктерімен жақыннан таныстық. Іле Алатауының адам ең көп келетін нүктесіндегі еңбек адамының бір күндік жұмысымен танысқан біздердің де табиғат қорғаудағы қызметкерлердің жұмысының аса жауапкершілікке толы екенін аңғардық.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

 

5220 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз