- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 22 Шілде, 2014
Бүгін Астанада ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың кеңесі басталады
22 шілдеде елордада ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларының Бірінші өңіраралық кеңесі өтеді. Оған әлемнің 125 мемлекетінің өкілдері қатысады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Бұл кеңестің Қазақстанда өтетіні - үлкен мәртебе. Күн тәртібін ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер жасады. Осыншама мемлекеттің қатысуын олардың ұйымдастырылып отырған шара мақсатына, Қазақстанға, еліміздің мәдениетіне деген қызығушылығы деп білеміз. Кеңесте жергілікті жерлердегі ЮНЕСКО бөлімдерінің және Ұлттық комиссиялар арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық мәселелері талқыланады», - деді ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия Бас хатшысы Әсел Өтегенова.
Әсел Өтегенова меймандарға елорданы таныстыру үшін мәдени бағдарлама жоспарланғанын айтты. Мысалы, екі көрме ұйымдастырылады, шараға қатысушылар көшпенділер өркениеті фестивалін тамашалайды. Бұдан басқа, шараның жаһандық форматын ескере келе, шетелдік қонақтарды қалалық инфрақұрылымның ерекше нысандарымен және Қазақстанның бастамаларымен таныстыру көзделген. Қазақстандық делегацияның құрамына ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссиясының мүшелері, министрліктердің, ведомстволардың, кафедралардың, клубтардың және ЮНЕСКО қауымдастығы мектептерінің басшылары, еліміздің белгілі ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері кіреді. Қазіргі кезде Қазақстанда ЮНЕСКО-ның 4 кафедрасы ашылды, ұйымның 30-дан астам клубы мен 28 қауымдастық мектебі жұмыс істейді.

665 рет
көрсетілді0
пікір