- Таным
- 22 Шілде, 2025
Оксфорд қазақ тілін қалай оқытады?
4 шілдеде «Болашақ» бағдарламасы арқылы Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, қазақ тілін ағылшынтілді студенттерге оқытып келген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері Дидар Садық пен Меруерт Иманғазина «Оксфорд университетінің әдістемесі бойынша түркі тілдерін оқыту тәжірибесіне шолу» және «Оксфорд университетінің білім беру жүйесі мен оны қазақ тіліне кіріктірудің амалдары» тақырыбында баяндамада жасап, есеп берді.
Тағылымдамаға мамандар Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетіне түрік, өзбек және әзербайжан тілдерін оқыту әдістемесін зерделеу мақсатында ғылыми қызметкерлер ретінде шақырылған. Осы тәжірибе Оксфордтағы түрік тілдерін оқыту бағытында маңызды қадам болып қана қоймай, қазақ тілін үйретудің лингводидактикалық негіздерін тереңірек зерттеуге жол ашты.
Оқыту үдерісі тәжірибелік-коммуникативтік әдіске негізделген: онда тілдің тек күнделікті қолданылатын грамматикалық құрылымдары мен тұрмыстық деңгейдегі сөйлеу үлгілері ұсынылады. Мұндай әдістің мүмкіндігі шектеулі – ол максимум B1 деңгейіне дейінгі тілдік құзыреттілікті ғана қамтамасыз ете алады (CEFR шкаласы бойынша). Осыған байланысты қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда теориялық негіздерді кеңейтіп, әдістемелік құралдарды жүйелеу қажет. Қазақ тілін академиялық деңгейде (яғни С1 деңгейіне дейін) үйрету үшін тек күнделікті сөйлесуге арналған қарапайым әдістер жеткіліксіз. Жоғары деңгейге жету үшін әлдеқайда күрделі, терең әрі нақты мақсатқа бағытталған арнайы әдістемелер керек. Оксфорд университетіндегі түрік тілдерін оқытуда біртұтас бекітілген әдіс жоқ. Бұл жерде оқыту постәдістемелік кезеңге сәйкес жүргізіледі. Яғни классикалық әдістердің бірі ретінде грамматикалық-аудармалық тәсіл негізге алынғанымен, әрбір оқытушы студенттің қабілетін, оқу мақсатын, тілдік деңгейін ескере отырып, әртүрлі әдісті біріктіру арқылы өзіне лайық жеке оқыту моделін әзірлейді. Ағылшын тілі оқыту үдерісінде түсіндіру тілі ретінде қолданылады. Бұл студентке түрік (оның ішінде қазақ) тілінің грамматикалық құрылымын логикалық әрі салыстырмалы түрде ұғынуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл грамматиканы саналы меңгеруге, оны талдау және аударма арқылы бекітуге бағытталған. Оқыту мынадай кезеңдерден тұрады:
1. Грамматикалық құрылымды түсіндіру (ағылшын тілінің көмегімен);
2. Аударма және салыстыру арқылы түсінгенін бекіту;
3. Жаттығулар кешені арқылы құрылымды практикада қолдану;
4. Автоматтандыру, яғни тілдік құрылымның бейсаналы түрде қолдануға дейін жетуі.
Қазақ тіл білімінде бүгінге дейін қазақ тілінің шет тілі ретіндегі грамматикасы толыққанды әзірленбеген. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері ағылшынтілділерге арналған қазақ тілінің грамматикалық ережелерін А1–А2 және базалық В1 деңгейі бойынша әзірлеп шықты. Грамматикалық нұсқаулықты С1 деңгейіне дейін толыққанды әрі сапалы түрде дайындау үшін Оксфорд университетімен бірлескен зерттеу жұмысын әрі қарай жалғастыру қажет.
Институт қызметкерлерінің зерттеу жұмысы аясында Оксфорд университеті мен «Birsöz» бастамасымен бірлескен коллаборация нәтижесінде Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы «Learner’s» ішкі корпусының қанатқақты жобасы іске қосылды.
Бұл тәжірибені қазақстандық контексте бейімдеу және енгізу мынадай бағыттар арқылы жүзеге асуы мүмкін: біріншіден, қол жеткізілген нәтижелер 2025 жылдың басынан Қазақстан тәжірибесіне енгізіледі. Атап айтқанда, Қазақ тілінің ұлттық корпусы «Learner’s» ішкорпусының қанатқақты жобасы осы жылдың қаңтар айында іске қосылып, А1–А2 деңгейлері бойынша грамматикалық жаттығулар кешені корпус базасына енді. Екіншіден, қазақ тілін шет тілінде үйренушілер үшін түсінікті әрі жүйелі білім көзін қалыптастыру мақсатында ағылшынтілді аудиторияға арналған «Қазақ тілінің грамматикасы/The Grammar of the Kazakh Language» анықтамалығы әзірленуге тиіс. Үшіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанынан Қазақстанда білім алатын ағылшынтілді студенттерге қазақ тілінің академиялық грамматикасын оқытатын арнайы курс ашу (ережесі, құрылымы кейінірек анықталады) қажет.
Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері Меруерт Иманғазина Оксфорд университетіндегі тіл үйрету құрылымы мен қазақ тілін оқыту тәжірибесі жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, Оксфорд университетінің білім беру жүйесі «tutorial system» деп аталады және оқу жылы үш академиялық кезеңнен тұрады: күзгі оқу кезеңі (қазан – желтоқсан), қысқы оқу кезеңі (қаңтар – наурыз), көктемгі оқу кезеңі (сәуір – маусым). Оксфордта түркі тілдері соңғы он жылдықта оқытыла бастаған. Атап айтқанда, ең алғаш университет қабырғасында түрік тілін оқыту қолға алынса, қазірде әзербайжан, өзбек тілдері де бұл қатарға қосылған. Білім алушылар үш семестрде түрік тілін А1 деңгейінен бастап В2, кейде С1 деңгейіне дейін меңгеріп шығады. Сағат санын есептер болсақ, Оксфорд студенттері түрік грамматикасын меңгеруге 168 сағатын арнайды екен. Мұндағы тіл үйретудің басты ерекшелігі – грамматиканы терең оқытуында. Көбінесе студенттердің қарым-қабілетін ескере келе оқытушылар «input+1» әдісіне сүйенеді. Бұл дегеніміз студентке сабақта негізгі грамматикамен қатар алда өтілетін күрделі грамматика туралы да аз-маз ақпарат беріп отыру. Соның арқасында студенттер күрделі құрылымдардың өзін жеңіл үйренеді. Оксфорд оқу бағдарламасындағы грамматикалық тақырыптардың жүйесі мен ұсынылу жолы да бөлек. Оксфордта қазақ тілін оқытудың бір жаңалығы Pre-A1 деңгейінің қосылуы деуге болады. Бұл деңгейдің мақсаты – тек латын әліпбиімен оқуға дағдыланған тіл үйренушілерге кирил әліпбиі мен қазақ дыбыстарын толық үйрету. Себебі, кирил және латын әліпбиіндегі бір-біріне таңбасы ұқас, алайда мағынасы әртүрлі әріптер студенттердің мәтіндерді оқуын баяулатып, оқыту процесін күрделендіреді.
Грамматика негізгі ережелер мен құрылымдарды меңгертуге бағытталған; Грамматикалық модельдер сөйлем құрау, морфологиялық талдау, синтаксистік құрылымдарды жүйелеу үшін қолданылады. Flipped learning әдісі (теорияны оқушы/студент үйде өз бетімен меңгереді) – студенттердің сабаққа дейін теориялық материалмен танысып, аудиторияда практикалық тапсырмалар орындауына негізделген. Буклеттер мен оқу парағы – оқу үдерісін көрнекі әрі құрылымды ету үшін қосымша жазбаша құралдар ретінде пайдаланылады. Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасы (бастапқы дайындық деңгей) мынадай негізгі тақырыптардан тұрады: Қазақ тілі әліпбиі – оқыту барысында кирилл әліпбиі негізінде қазақ тілінің әріптерімен таныстырылады. Сонымен қатар дыбыстық жүйе ерекшеліктері мен әріптердің жазылу тәртібі үйретіледі. Қазақ тілінде жазу машығы (handwriting) – әріптердің жазылу үлгілері мен графикалық құрылымы көрсетіліп, жазу тәртібі жүйелі түрде меңгертіледі. Оқу үдерісінде каллиграфия элементтерін үйрету арқылы таза, көркем жазу дағдылары қалыптастырылады. Дыбыстардың ерекшелігі (Peculiarities of the sounds) – қазақ тіліне тән дыбыстар таныстырылып, олардың айтылу және қолданылу ерекшеліктері түсіндіріледі. Дауысты дыбыстардың айтылу ерекшеліктері (Vowel pronunciation) – жуан және жіңішке, еріндік және езулік дауысты дыбыстардың айырмашылықтары мен айтылу тәсілдері қарастырылады. Дауыссыз дыбыстардың айтылу ерекшеліктері (Consonant pronunciation) – ұяң, қатаң және үнді дауыссыздардың айтылуы мен қолданылу ерекшеліктері түсіндіріледі. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі (The sound system) – буын, екпін және үндестік заңдылықтары талданып, негізгі фонетикалық құбылыстармен таныстырылады. Жалғаулардың жалпы кестесі (General table of endings) – зат есім, етістік және сын есім сынды сөз таптарына жалғанатын жалғау түрлері жүйеленген түрде ұсынылады. Бұл бағдарлама қазақ тілін алғаш үйренушілерге арналған және фонетикалық, орфографиялық, грамматикалық негіздерді меңгеруге бағытталған», – дейді Меруерт Иманғазина.
Ономастика бөлімінің ғылыми қызметкері Дидар Садық Оксфорд университетінде сирек тілдерге, оның ішінде түрік тілдеріне ерекше мән берілетінін айтады. Оның айтуынша, Оксфорд – гуманитарлық ғылымдардың әлемдік деңгейдегі жетекші орталықтарының бірі ретінде сирек және аз таралған тілдерді зерттеуді білім беру мен ғылымда стратегиялық басымдықтардың біріне айналдырған. 2024 оқу жылынан бастап Дидар Садық Низами Ганджави орталығының шақыруымен Оксфорд университетінде түрік, өзбек және әзербайжан тілдерін оқыту әдістемесін зерттеу үшін ғылыми қызметкер ретінде жұмысын бастаған. Осы әдістемелік үлгі бойынша қазақ тілін де оқыту жоспарланып отыр. Мәселен, Оксфордтың шығыстану бағдарламалары аясында қазір 28 тіл оқытылады. Олардың қатарында аккад, араб, арамей, армян, авестий, әзербайжан, бенгал, қытай, копт, демотикалық, мысыр, иврит, хинди, хетт, жапон, корей, маратхи, ежелгі парсы, пали, парсы, пракрит, санскрит, шумер, сирия, тибет, түрік, урду, идиш тілдері бар. Алайда бакалавриат және магистратура деңгейіндегі негізгі дәреже тек бірнеше ірі тіл бойынша ғана беріледі (мысалы, араб, түрік, жапон, қытай, корей, хинди). Қалған тілдер негізгі оқу бағдарламаларын толықтыратын қосымша пәндер ретінде оқытылады. Бұл тілдер ежелгі Таяу Шығыс, иран, буддизм және Оңтүстік Азия, египтология, Орталық Азия зерттеулері сияқты кең көлемді академиялық бағдарламалар аясында үйретіледі. Академиялық түрік тілін оқытудың мақсаты – білім алушыларды тілді меңгеру қабілетін нөлдік деңгейден бастап ортадан жоғары деңгейге (Upper-Intermediate) дейін жеткізу. Курс түрік тілінің грамматикалық құрылымдарын терең әрі жүйелі меңгеруге бағытталған. Әсіресе ағылшын және түрік тілдері арасындағы аударма тәсілі арқылы грамматикалық ережелер жан-жақты және егжей-тегжей түсіндіріледі. Тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларына бірдей көңіл бөлінеді. Оқу үдерісі қарапайым тақырыптардан күрделірек деңгейге біртіндеп, қысқа мерзім ішінде өтуді көздейді. Демек, академиялық түрік тілін оқытуда қолданылатын негізгі әдіс – грамматикалық-аударма әдісі. Бұл әдісте ағылшын тілі – түрік тілін түсіндіретін құрал тіл ретінде қолданылады. Оксфорд университеті басшылыққа алып отырған бұл тәсіл ХІХ ғасырдың аяғында қалыптасқан грамматикалық-аударма әдісінің жаңартылған нұсқасы саналады. Ал грамматикалық құрылымдар индуктивті жолмен, яғни мақсатты тілден ана тіліне аудару арқылы түсіндіріледі. Бірақ Оксфорд университетіндегі түрік тілдерін оқыту тек грамматикалық-аударма әдісімен шектеледі деп тұжырымдауға болмайды. Осы әдісті шет тілдерін оқытуда қолданудың мәні бар. Қазір шет тілдерін оқыту (әсіресе Қазақстандағы ағылшын тілін оқыту үдерісі) эмпирикалық анализ негізінде расталмаған біртілді оқыту қағидаттарына негізделіп жүр. Тілдерді оқыту үдерісінде мұны тікелей оқыту әдісі деп атайды. Сауатты оқу мен жазу дағдыларын қалыптастыру үшін бір тілден екінші тілге аударма жасаудың қажеті жоқ, оқыту тек мақсатты тілде жүргізілуге тиіс, ал студенттердің ана тіліне сүйенбеуі керек деген кең таралған тұжырымдарға қайта баға беру қажеттігі туындап отыр. Студенттер алдымен материалдың негізгі ұғымымен танысады, кейін оны қайтара үйреткенде тереңірек түсінеді, одан әрі қарай тереңдегенде жаңа әрі күрделі элементтер қосылады. Түрік тіліндегі жатыс септігі студенттерге бірден грамматикалық тақырып ретінде ұсынылмайды. Алдымен оқытушы «Қайда?» деген сұрақпен таныстырып, оған жауап берудің жолдарын үйретеді, алайда бұл кезеңде студенттер жатыс септігін грамматикалық категория ретінде әлі ажырата қоймайды. Кейінірек жіктік жалғауларын меңгеру барысында интервалды қайталау әдісі қолданылып, «қайда» сұраулы сөзінің түрленген формалары (мысалы, «қайдамын», «қайдасың», «қайдасыз» т.б.) қайта жаттықтырылады. Осылайша, жатыс септігінің формасы санада бекітіледі. Кейінгі сабақтарда бұл формалардың септік жалғауы екені туралы нақты грамматикалық анықтама беріледі және олардың ағылшын тіліндегі «in», «on», «at» шылауларына балама екені түсіндіріледі. Бұл әдіс-тәсіл арқылы грамматикалық құрылымның сөйлемдегі функциясына қарай күрделену жолдары да кезең-кезеңімен ашылады. Мысалы, «Менде мәшине бар» сөйлеміндегі «жатыс септігі + бар» құрылымы енді ағылшын тіліндегі «There is / There are» немесе «have / have got» құрылымдарына сәйкес келетіні түсіндіріледі. Осылайша, студенттер жатыс септігінің көп мағыналы қолданыстарын табиғи түрде меңгеріп шығады. Оксфорд университетінде қолданылып жүрген тіл үйрету жүйесі — грамматикалық-аударма әдісінің жаңғыртылған үлгісі мен спиральды оқыту, интервалды қайталау сияқты заманауи тәсілдердің үйлесіміне негізделген. Бұл әдістер оқу материалын логикалық құрылыммен кезең-кезеңімен ұсынуға, қарапайымнан күрделіге қарай өту арқылы тілдік құрылымдарды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Оксфорд университетінің тіл үйрету тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ана тілі мен шет тілінің арасын қатаң ажырату, аударма әдісін мүлдем ысырып қою бүгінгі шет тілін оқыту үрдісіне сай келмейді. Керісінше, ана тілі – шет тілді меңгертудің сенімді баспалдағы. Осыған орай, тіл оқыту жүйесі оқытушының кәсіби шеберлігіне, аудитория ерекшелігіне және әдістерді ұтымды үйлестіре білуіне негізделуі қажет. Оксфорд университетінің жетілдірілген грамматикалық-аударма әдісі Қазақстандағы жоғары оқу орындары үшін де пайдалы тәжірибе бола алады. Алайда оны дәл сол күйінде көшіру емес, бейімдеу, сараптау және отандық аудитория ерекшелігіне сәйкес икемдеу – басты шарт.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
«Ана тілі»
591 рет
көрсетілді0
пікір







