- Таным
- 25 Шілде, 2025
Жақсы кітап жанды жүдетпейді
Қазақстанда ұлттық әдебиетті насихаттауға бағытталған маңызды мәдени бастама – «Қазақстан әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітап» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, бұл жоба тек үздік жүз кітаптың тізімін жасауға емес, сондай-ақ ел азаматтарын әдеби мұрамызды кеңінен талқылауға, оқуға және бағалауға тартуға бағытталған. Жоба нәтижесінде әр отбасы өз кітап сөресін ұлттық руханияттың шынайы айнасына айналдырып, әдеби талқылау мәдениетінің дамуына үлес қоса алады. Бұл бастама – жаңа буын оқырманын тәрбиелеуге, баспа саласына серпін беруге бағытталған ауқымды шара. Осы орайда газетіміздің өткен санында Ұлттық кітапхана ұсынған 100 кітап бойынша түрлі саланың маманынан пікір алған едік.
Рухани сұраныстың айнасы
«Ana tili» ұлт газетінің жуырдағы санында жарық көрген Ұлттық кітапхана ұсынған «100 кітап» сауалдамасы – тек әдеби үдерістің көрінісі ғана емес, бұл – қазақ оқырманының рухани ізденісінің бүгінгі келбетін дәл суреттеген мәдени-әлеуметтік құбылыс деп қабылдадым.
Мен, философия ғылымының профессоры әрі Ұлттық кітапхананың 60 жылға жуық тұрақты оқырманы ретінде, бұл тізіммен таныса отырып, ішкі бір ризашылық пен ойлы толғаныс күйін бастан кештім. Себебі мұндай бастама – оқырманның шынайы талғамын анықтауға, ұлттық сана мен көркемдік құндылықтың қай арнада тоғысқанын бағамдауға бағытталған маңызды рухани акт.
Тізімдегі шығармалардың көбі – біздің ұрпақтың жастық шағын, азаматтық көзқарасын, тіпті адамдық ұстанымын қалыптастырған, қазақ руханиятының алтын қорындағы інжу-маржан. Абайдың философиялық лирикасы мен қара сөздерінен бастап, Мұхтар Әуезовтің ұлт болмысын терең зерделеген эпикалық дүниелері, Ғабит Мүсіреповтің нәзік психологиялық прозасы мен Шерхан Мұртазаның азаматтық публицистикасы, Қабдеш Жұмаділовтің көркемдік көкжиегі – бұл тізім қазақтың рухани өзегін құрайтын шығармалармен өріліп отыр.
Одан бөлек, тізімге енген қазіргі заман жазушыларының шығармасы – әдебиеттің заманмен үндесе алатынын, бүгінгі оқырман да көркем сөзге бейжай қарамайтынын айқын көрсетті. Бұл – бізге үлкен үміт сыйлайтын белгі. Оқырман тек өткенді іздемейді, ол бүгіннің рухани сұрағына да әдебиет арқылы жауап іздейді. Бұл – ойлы оқырманның белгісі.
Бұл тұрғыдан келгенде, философия мен әдебиет тоғысып, тұтас бір рухани кеңістікті қалыптастырады. Өйткені көркем мәтін – тек эстетикалық құндылық емес, сондай-ақ этикалық және экзистенциялық тәжірибе.
Ұлттық кітапхана – саналы ғұмырымның көп бөлігі өткен қасиетті орда. Осы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде мен тек кітап оқыған жоқпын, сол кітаптар арқылы қоғам мен адамның ара қатынасы туралы ой кештім, рухани ізденіс жолында жарық таптым. Ал бүгінгі «100 кітап» тізімі – көп жыл бойы өзім де байқаған әдеби сұраныс пен оқырмандық бейімнің дәл көрінісі екенін сеніммен айта аламын.
Қоғамдық ой-сана тек саяси шешімдермен емес, мәдени таным мен рухани тәжірибемен де қалыптасады. Сондықтан мұндай бастамалар – стратегиялық маңызы бар рухани қадам. Бұл тізім мектеп бағдарламасына, ЖОО-лардағы әдеби курстарға, кітапханалардағы бағыттау қызметіне арқау болуға әбден лайық.
Ұлттың рухы – оқыған кітабы мен толғанған ойында. Ал рухани биіктік – кітап арқылы ғана бағынатын асқар. Ұлттық кітапхана ұсынған «100 кітап» сауалдамасы осы биікке апарар жолды көрсетіп тұрғандай. Оқырман сұранысы – жай статистика емес, қоғамдық сана көрінісі. Сондықтан бұл сауалдама нәтижесі – назардан тыс қалмауға тиіс маңызды құбылыс.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
философия ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
философия кафедрасының
профессоры
Адам жанын
тазартады
Кітап – қазына, қазына болғанда, ғажайып қазына. Кітап туралы әңгіме қозғалса, бұдан пәлен жыл бұрынғы оқиға есіме түседі. Ол кезде Жамбыл облысы Красногор аудандық «Коммунизм жолы» газетінде жұмыс істейміз. Редактордың орынбасары Манасбай ағайдың қызы ауырып ауруханаға түсті. Балалар дәрігері инфекциониске сілтеп, баланың ауруы жеңілдей қоймады. «Аурухананың бас дәрігері әдебиетке жақын жан. Оралхан Бөкейдің шығармаларын жақсы көреді» дегенді естіп, «Қайдасың, қасқа құлынымның» бетіне «Қымбатты дәрігер мырза! Бұл кітап бір әкенің үміті болып тұр. Қызыма көмектесіңізші!» деп жазып, бас дәрігердің алдына кіреді. Кітапты қолына ұстап, бетін ашқан дәрігер:
– О, бұл кітапта автордың ғана емес, әке жүрегінің қолтаңбасы бар екен ғой! – деп тебіреніп, ауырып жатқан қыздың хал-жағдайын білуге өзі келіп, ем-шарасын жасап, әріптесіміздің қызы тез оңалып кеткенінің куәсы болғанбыз.
Сол дәрігерді үйіне шақыратындар көрші-қолаңнан шкафтарына уақытша қоя тұруға кітап сұрап алатынын да білетінбіз. Ауданның бас дәрігерінің кітапты жақсы көруі айналасындағыларға өмір сүрудің құндылығы ретінде қабылданған. Сөйтіп, Отар поселкесінде тұратын біраз жұртта кітап оқу дағдысы қалыптасқан.
Кітап қартаймайды. Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» шығармасы сол жазылған кезіндегі жасында. Иісі де өзгермеген. Парақтасаң, алғашқы оқыған кездегі естеліктерді еске түсіреді. Кітапта, шынында, есте сақтау коды болады дегенге сенемін.
Қазіргілер кітап оқи ма? Жазушылардың жазғаны жүрекке жете ме деген сұрақ жиі айтыла бастаған тұста «100 кітап» ұлттық жобасы оқырман қауымның рухани мұраны қайта тануға, жастарға әдеби құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды бастама болды. Бұл бастаманың сәтті жүзеге асуына Ұлттық кітапхананың атқарып жатқан үлесі мол дер едім. Жоба аясында кітап көрмесі мен әдеби кездесу, әдеби кеш, оқырман конференциясы, пікірталас алаңының ұйымдастырылуы, еске алулардың өткізілуі Ұлттық кітапхананың мәртебесін биіктетіп отыр. Ұлттық кітапхана – қазақ халқының рухани мәртебесін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізетін басты орда. «100 кітап» аясындағы шығармалар да алтын қорға еніп, болашақта ұлттық кодқа айналады.
«Ana tili» газеті – жобаға іріктелетін 100 кітаптың заманауи талаптарға сай, көркем безендірілген, сауатты жазылғандарының насихатталуына медиакеңістіктегі жетекші ұлттық басылым.
Газет оқырманға жобаның мақсаты, мазмұны, таңдалған кітаптардың тарихи және рухани маңызын кеңінен түсіндіреді. Бұл жобаға деген сенім мен қызығушылықты арттырып отыр. «Ana tili» газеті – «100 кітап» жобасының рухани насихатшысы әрі оқырман мен әдебиет арасындағы мәдени көпір.
Ұлттық кітапхана мен «Ana tili» – «100 кітап» жобасының рухани тірегі. Бірі – іріктеу, зерттеу орталығы болса, екіншісі насихаттау құралы. Екі мекеменің өзара үйлесімді әрекеті арқылы бұл жоба ел мәдениетіне үлкен үлес қосады.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
жазушы, Халықаралық
«Алаш» әдеби
сыйлығының иегері
Баланың айнымас досы
Меніңше, баланы кішкентайынан кітаппен «достастыру» керек. Бүгінде телефон, планшет сияқты құрылғылар баланың зейінін алады. Сондықтан біз, ата-аналар, экран уақытын шектеп, оның орнына қызықты кітаптар ұсынуға тырысуымыз қажет. Мен баламмен кітап дүкеніне барып, өзі қалаған туындыларын таңдауға ерік беремін.
Қазіргі заманғы авторлардың шығармаларын бірге оқимыз, кейде сол кітаптар туралы ашық әңгіме құрып, талқылаймыз. Бұл тек оқуға ғана емес, ой бөлісуге, пікір айтуға да баулиды.
Қазіргі балаларға «оқы» деп бұйырғанмен, көп нәтиже шығару қиын. Сол себепті мен өзім де кітап оқимын, ал балалар соны көріп өсіп келеді. Үйде кітап туралы әңгіме жиі қозғалады. Әсіресе ұлдарға арналған шытырман оқиғалы, мотивациялық туындылар жақсы әсер етеді. Олардан кейін «осы кейіпкер неге бұлай істеді» деген сұрақтар қойып, баланы ойландыруға тырысамын.
Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасын ұлыма оқып берген едік. Кітаптағы қиындықтар мен балалық аңғалдығы қазіргі баланы да терең ойға жетелейді. Кейіпкер тағдырына жанымыз ашып, әр тараудан кейін «егер сен болсаң, не істер едің» деп сұрап, көзқарасын білдіруге мүмкіндік бердім.
Сайын Мұратбековтің «Дос іздеп жүрмін» хикаясын да балам ерекше ықыласпен қабылдады. Бұл туындыда достық, адалдық, жалғыздық сияқты әр бала үшін маңызды тақырып бар. Мұндай шығармаларды бірге оқып, кейіпкерлерге баға беруді, сезім мен әрекетті саралауды үйрету маңызды. Мен балама әрқашан өз заманының тұрғысынан түсінік беруге тырысамын.
Динара АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ,
ата-ана
Оқырман жүрегіне жол табады
Жуырда «Ana tili» газетінде жарық көрген Ұлттық кітапхананың «100 кітап» сауалдамасына орай кітаптардың тізімін ұсынып еді. Бұл тізім – жай ғана кітап атауының жиынтығы емес, бүгінгі оқырманның жан дүниесі мен ойлау кеңістігін айқындайтын ерекше мәдени құбылыс.
Кітапханашы ретінде мен күн сайын түрлі жастағы, әртүрлі талғамдағы оқырманмен жүздесіп, олардың әдебиетке деген ықыласына тікелей куә болып келеміз. Сол тәжірибеме сүйенсем, сауалдама арқылы жинақталған осы «100 кітап» тізімі шын мәнінде жұртшылықтың жиі сұрайтын, көп іздейтін шығармаларын қамтыған. Демек, бұл тізім – ел ішіндегі әдеби талғам мен рухани сұраныстың шынайы бейнесі деуге толық негіз бар.
Оқырман қауымның таңдауының қазақ әдебиетінің классиктеріне – Абай, Мұхтар Әуезов бастаған қаламгерлермен басталуы заңды. Бұл – біздің әдеби негізіміздің, рухани іргетасымыздың берік екенінің белгісі. Сонымен қатар қазіргі замандағы жазушылар – Төлен Әбдік, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков сияқты қаламгерлердің де шығармалары көптің іздеуіне ие болған. Бұл әдебиет өмірмен қатар жасап жатқанын, замана тынысын тап басып жеткізетін көркем сөзге сұраныс жоғары екенін көрсетеді.
Кітапхана сөрелеріндегі осы аталған шығармалардың жиі сұралуы – біздің кәсіби тәжірибемізбен де дәлелденіп отыр. Әсіресе жастардың көркем әдебиетке қайта бет бұруы, классикалық және заманауи шығармаларды қатар оқу үрдісінің қалыптасуы – қуанышты әрі үміт сыйлайтын үрдіс.
«100 кітап» тізімі – біз үшін бағдар ғана емес, болашақ рухани жобаларымыздың негізі. Осы тізімді басшылыққа ала отырып, түрлі әдеби көрме, оқырман конференциясы, әдеби кеш пен талқылау клубын ұйымдастыра аламыз. Бұл – тек насихат шарасы емес, оқырман мен кітап арасындағы рухани байланысты тереңдете түсудің жолы.
Кітап – ұлттың зердесі. Оқыған ел – озық ел. Біз, кітапханашылар, оқырман мен кітап арасындағы көпір болып, сол рухани әлемге жол сілтеп келеміз. Осындай бастамалар бізге жаңа серпін береді. Ең бастысы, халықтың кітапқа деген ықыласы бар, талғамы терең, ізденісі тоқтаған емес. Осы ізденісті қолдау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Ұлжалғас Әлімбекова,
Ұлттық кітапхана қызметкері
Жүрекке жол тапқан өлең
Ұлттық кітапхана ұсынған таңдаулы 100 кітаппен таныспын. Дегенмен өзім поэзияны сүйіп оқимын. Сол таңдаулы поэзия кітаптың ішінен өзімнің сүйікті авторларымды көргенде ерекше қуандым.
Мысалы, кейбір өлең адам жанын дір еткізеді. Олар жай ғана сөз емес, жүректің үні, өмірдің өзі. Есенғали Раушановтың «Қарабауыр қасқалдақ» өлеңі – сондай шығарма. Әуезі мен сөзі қатар тербейтін бұл туындыны қазақ поэзиясының шынайы жауһары дер едік. Қасқалдақ – қайғының, еркіндіктің, ел мен жердің символы. Есенғалидың осы өлеңі арқылы бір ғана құс бейнесінен бүтін бір ұлттың тағдыры мен жүрек сарыны көрінеді. Қарапайым сөздермен терең ой айтылған. Әр оқыған сайын жан дүниеңде бір сағыныш оянып, көкейіңе көп ой ұялайды. Бұл – ұлттың ұжданына айналған, жүрекке мәңгілік жол тапқан өлең.
Гүлнар Салықбайдың «Кешіріңдер келгенімді өмірге» атты өлеңі – үнсіз ғана қабылдауға болатын жан сыры. Бұл туынды – нәзік жанның ішкі арпалысы, сезім иірімдері мен өмір алдындағы іштей кешірім сұрауы. Ақын осы шынайы өкініш пен махаббатты нәзік те өткір тілмен жеткізеді. Әсіресе әйел жанына тән күрделі эмоцияларды терең сезіммен бере алған. Мұндай өлеңді оқыған соң біразға дейін үнсіз отырып қаласың, ол оқырманын сырттан емес, іштен тербетеді.
Аяулым НҰРЖАНҚЫЗЫ,
аспаз көмекшісі
Балалар әдебиеті – тәрбиенің алтын қазығы
Балаларға кітапты сүюді бала кезден үйрету – тұлға тәрбиесіндегі аса маңызды қадам. Біздің балабақшада балалармен күн сайын ертегі, өлең, шағын хикаялар оқу дәстүрге айналған. Әсіресе баланың тіл байлығын дамыту мен ой-санасын кеңейтуге бағытталған көркем әдебиет туындыларына ерекше мән береміз.
Солардың бірі – Мұзафар Әлімбаевтың «Балдәурен» жинағы. Бұл – балдырғандарға арналған өлеңдер топтамасы. Ақынның тілі жеңіл әрі көркем, баланың ішкі жан дүниесіне сай жазылған. Біз бұл жинақтан үзінділер жаттатамыз, хормен айтқызып, сахналық қойылымдарда қолданамыз. Балалар бұл өлеңдерді тез қабылдайды. Себебі бұл жинақ – олардың балалық әлемімен үндес туынды. Сонымен қатар балалардың сөздік қорын байытып, табиғат пен адамға деген сүйіспеншілікті оятады.
Сұлтан Қалиұлының «Қайсысы күшті?» шығармасы – ойын түрінде жазылған, логикалық ойлау қабілетін дамытатын әсерлі шығарма. Кішкентай оқырманды ойлануға, салыстыруға, шешім қабылдауға жетелейді. Күнделікті өмірде таныс заттар арқылы балаға таңдаудың маңызын ұғындырады. Бұл туындыны оқу барысында балалардың ойын тыңдап, пікірін сұрау арқылы танымдық әрі тілдік жұмыс жүргіземіз. Әңгіме мазмұнының жеңілдігі мен тартымдылығы оны тәрбие жұмысына таптырмас құрал етеді.
Болат Үсенбайдың «Киікоты» әңгімесі табиғатпен үндес болуға, жан-жануар мен өсімдікке қамқорлықпен қарауға баулиды. Ал Нұрдәулет Ақыштың «Нағыз әже қайда?» хикаясы үлкенге құрмет, отбасы құндылықтары туралы тәрбие береді. Бұл шығарма арқылы балаға әже мейірімін, ата дәстүрін сезіндіруге болады.
Жалпы, бұл шығарманың барлығы – баланың тілін, дүниетанымын, қиялын, эмоциялық әлемін дамытуға арналған құнды әдебиет. Осындай кітаптар балабақша бағдарламасына жүйелі түрде енсе, ұлт болашағы – ойлы, ізденімпаз, мейірімді әрі кітапсүйгіш ұрпақ болары сөзсіз.
Асылбике ЖАХАНОВА,
№181 бөбекжай-балабақшасының
тәрбиешісі
Отбасылық оқу – маңызды дәстүр
Бала кітап оқысын десек, ең алдымен, ата-ана өзі үлгі көрсетуі керек. Үйде бос уақытымызда бәріміз кітап оқуға уақыт бөлеміз, балалар соны көріп өседі. Теледидар мен телефон қолдануды шектеп, оның орнына қызықты, жасына сай кітап ұсынамыз. Әр кеш сайын 15–20 минутты бірге кітап оқуға арнаймыз, бұл дәстүр бүгінде отбасымыздың маңызды бір бөлігіне айналды.
Кітап оқу – тек білім емес, отбасылық құндылықтар мен қарым-қатынасты нығайтудың да бір жолы. Балалар көбіне үлкеннің іс-әрекетін қайталайды. Егер ата-анасы үнемі кітап оқыса, бала да қызығады.
Жақында Ұлттық кітапхана ұсынған «100 кітап» тізімімен танысып шықтым. Қуанышыма орай, біздің кітап сөремізде сол тізімдегі бірқатар кітап бар екен. Әсіресе отбасымен бірге оқуға болатын Мархабат Байғұттың «Әкімнің әйелі», Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» сияқты туындылар үйден табылып, алғашқы болып оқылатын кітап тізіміне енді.
Айжан КЕРІМОВА,
ата-ана
Дайындаған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
617 рет
көрсетілді0
пікір







