Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 26 Шілде, 2025

Бауыржан Момышұлы шыңы

«Қазақ газеттері» ЖШС Алматы филиалының тілшісі Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп Бауыржан Момышұлы шыңына шықты.  Бұл туралы kazgazeta.kz хабарлайды. 

Әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының құрметіне берілген теңіз деңгейінен 4075 метр биіктіктегі шыңға шығу ұсынысымызды парк директоры Елнұр Ахметов, парк директорының орынбасары Арқау Шантаев, баспасөз хатшысы Айнұр Думанқызы, Медеу филиалының директоры Бақтияр Нұрланов, Медеу филиалы Үлкен-Алматы орманшылығының орманшы көмекшісі Ернар Әділхан бірден қолдады.

Біз жұманың түнінде Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен Алматы шатқалына қарай жолға шықтық. Жолбасшымыз болып аталған парктің Медеу филиалы Үлкен-Алматы орманшылығы №3 айналым инспекторы Тимур Темірханов күтіп алды.

Тимур әке жолын жалғаған орманшы екен. Әкесі Мәлік Ахметов осы паркте 30 жыл еңбек еткен зейнеткер. Тимур сол тәрбие мен мәдениетті, табиғатқа деген қамқорлықты сезініп өссе керек, теміржол саласындағы қызметін тастап, орман шаруашылығына оралыпты. Ол бұл орман алқаптарын бала күннен көріп өскендіктен, әрбір бұта, ағаш, шырша, қайыңның, тіпті жануарлардың жолы мен түрі таныс екенін жол бойы әңгімелеп берді. Кезекшілік жұмысынан шыққан бойда бізді шыңға қарай алып бара жатқан оның жауапкершілігі мен ықыласына тәнті болдық.

Тимур Мәлікұлының ұлттық парктегі аумағы - 3887 га жерді құрайды. Оның 526,4 га жері орманмен көмкерілген, ал 3360, 6 га жері ормансыз, 9-ы орман. Аумақтың көлемі үлкен. Оның бәрін бақылау да оңай емес. Күнде тау-тасты, орманды аралап, бақылау қажет.  

Үлкен Алматы көліне жеткен соң Озёрный шатқалында жол қиындай түсті. Бұл жолмен тек ұлттық парк қызметкерлері мен шекарашылардың жұмыс көлігіне ғана рұқсат берілген. Бізді сол жұмыс көлігімен Озёрный өзеніне дейін жеткізді. Озёрный өзеніне жаңадан көпір қойылыпты. Ары жаяу тау жорығы басталды. Алматы-Алагир асуына (кейбір деректе Аршалы асуы) дейін ұзақ жүрдік. Жан-жағымыздың барлығын төрт мыңдық шыңдар қоршап жатыр. Таңертең таудағы бұлтты күн райы сапарымызға кедергі бола ма деп ойладық. Себебі таңғы бестер шамасында батыстан жөңкіген бұлттар қоюланып келе жатты. Бірақ бір сағаттан соң бұлттар тез сейіліп кетті. Бұл шыңға шығу бағытымызға үміт сыйлады. Өйткені тауда онсыз да күн салқын еді.

Биік таулы үстіртте қорым тастар, терең жыралар, тас глетчерлері, бұлақтар, альпілік өсімдіктер жамылғысы, мұзарт шыңдар мен мұздықтар көз тартады. Мәселен, шыңға шығар жолда күреңот, тостағанша тасжарар, ұялы шмальгаузения, ұзыншақ стахиопсис, сары еңлікгүл, бунге күлкінгүлі, түркістан алағашқы гүлі, күміс жапырақты соссюрея, тау түймедағы, шемішкебас, қазтабан және т.б. гүлді өсімдіктерді көрдік.

Жол бойы сапарлас болған журналист, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қуанышбек Қари: «Мұздықтар еріген сайын таулар көшіп барады. Бір сағатта неше мәрте тас құлайды, топырақ массасы құлдилап төмен сырғиды. Төмендегі пенденің ештеңеден хабары жоқ», - дейді тауларға қарап. Өйткені жол бойы Озёрный, Чойбалсан, Алматы-Алагир шыңдарынан тастар сәт сайын құлап,  тас глетчерінің жыл сайын аз қадам болсын жылжитындығы байқалады. Қар толық еріп, мұздықтар ғана қалған кезде шың басында тастардың төменге құлау жағдайы төрт мыңдықтарда жиі байқалады, сондықтан тау туризмі мен альпинизммен айналысатындар үшін бұл мезгілдің де қаупі жоғары. Ал таудағы сел қауіпін де ұмытпаған жөн. Өйткені бұл мезгілде мұздықтар жылдам еріп, мореналық көлдердің арнасы да тез толып жатады. Бұл бір жағы климаттық өзгеріс мұздықтардың болашақта жоғалуына әкелуі мүмкін. Ал мұздықтар толық еріп кетсе, өзен арналары тартылып, тұщы су көздері азаяды.

Алматы-Алагир асуына көтерілетін жолда бұлақтан құтымызды суға толтырып, ары қарай белгі тақтайшасы мен туристерге арналған орындыққа жеттік. Асуда шамалы тынығып алған соң Бауыржан Момышұлы шыңына шығатын бағытқа қарай өрледік.  Біз көтеріліп келе жатқанда шыңнан түсіп келе жатқан туристті кездестірдік.  Өзін Евгений Матвеев деп таныстырған кісі тауда жиі серуендейтіндігін айтты. «Шың басында күн күрт бұзылды, тамақтанып үлгермедім. Дұрысы, төмен түсуді жөн көрдім. Ал сіздерге сәттілік, күн қайта ашыла бастады, шыңға жақын қалдыңыздар», - деді ол.

Жол бойы ірі қойтастар мен сырғымалар, одан қала берді жауын-шашын қиындық туғызды. Ал байқамасаңыз Дальний шыңы (3938 м) бағытыңыздан шатастырады. Бұл қолайсыздықтардың барлығы шыңға шығамыз деген ішкі энтузиазиммен ұмытылып жатты. Нәтижесінде мақсат орындалып, шыңға сәтті шықтық.  

Шың басында Мемлекеттік Туымыз бен шыңның ақпараттық тақтайшасы (оны экс мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов пен «7 шың» жобасының авторы Марат Туктубаев жасаған) қойылыпты. Біз шыңға жете бергенде күн райы күрт өзгеріп, жауын бұлты борандатып жетті. Шыңның тастарын тасалап 15 минуттай отырдық. Жаңбыр аралас мұздақ жауып өткен соң, күн бірден ашылды. Сол кезде төңіректегі төрт мыңдық шыңдардың барлығы жарқырап, керемет көрініс көз жауын алды. Мәселен, Үлкен Алматы өзені алабындағы Қ.Сәтбаев (4305 м) мен №97 мұздық, Молодая Гвардия шыңы мен №90, 91 Тимофеев мұздықтары, №84 Перевальный мұздығы және тас глетчерлері, Қызылсай өзенінің аңғары және Городецкий тас глетчері, Озёрный шыңы (4130 м) мен Озёрный өзені аңғарындағы №77, 78, 79, 81 мұздықтар, Озёрный асуы (3503 м), Чойбалсан шыңы (4264 м), Аршалы шыңы (4225 м), Аршалы аңғарындағы тас глетчерлерінің ғажайып көрінісін тамашалауға болады.

Сондай-ақ, біз шыққан шың басынан Қарғалы және Өткелді өзенінің алаптарындағы  Шығыс Тұйық (4064 м), Тұйық (4030 м) (шың үстінен мемлекеттік шекара өтеді), Үлкен Алматы (Найзақара) (3682 м), Жосалыкезең асуы (3337 м),  Турист (3954 м), Тұран шыңы (3970 м), Көкшоқы тауы (2305 м), тіпті Кіші Алматы өзені алабындағы Жастар шыңы (4150 м), Алматы (4376 м), Амангелді (3999 м), Абай (4010 м), Титов (3871 м), Қаракөптал тау сілеміндегі Память(3665 м), Мыңжылқы (3630 м),  Медик (3492 м), Аспап (3330 м), Сағат шыңы (3249 м), Құмбел жотасындағы Құмбелтау (3600 м),  Құмбел (3200 м), Жас Геолог шыңы (3220 м) көрінеді.

Бауыржан Момышұлы  шыңының өзі №70 мұздықпен көмкерілген және төменгі жағында мореналық көлі бар. Кейбір деректерде осы шыңды мұздығына қарап туристер Карнизная деп атайды.  Осы мақаланы жазу барысында шыңдар атауы мен мұздықтарды География институты Қазақстандық Ұлттық географиялық қоғамының негізінде жарық көрген В.П.Благовещенскийдің «Іле Алатауының шыңдары мен мұздықтары» фотоальбомындағы ақпараттар мен деректерге сүйендік. Аталған альбомда Іле Алатауы жотасының шыңдары мен мұздықтарының 200-ден аса фотосуреті енгізілгенін айтуға болады. Ал биологиялық әртүрлілік бойынша «Тау-Қайнар» баспасынан жарық көрген «Іле Алатауы  мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» кітабын назарға алдық.

Тауға шығатын альпинистер мен гидтердің айтуынша, шыңға шығу 1А санатты және оған мамырдан бастап алғашқы қар түскенше шығу жеңіл болады екен. Ал аталған биіктік Үлкен Алматы көлінен 6 км қашықтықта орналасқан. Оған шығудың үш жолы бар. Мәселен, біз Үлкен Алматы көлі- Алматы Алагир асуы арқылы шықтық. Ал екінші бағыт Өткелді өзенінің төменгі жағынан басталатын екі күндік сапар болып саналады. Ал ең қиын, әрі күрделісі Космостанциядан үш бірдей шыңға шығу бағыты: Турист, Тұран, Бауыржан Момышұлы (бұл бағыт тек жол білетін гидпен ғана орындалатын физикалық дайындығы жоғары туристер мен альпинистерге арналған күрделі бағыт) бар. Дегенмен, әр жолдың өз қиындығы бар.

Жолбастаушымыз Тимур Мәлікұлы тауда күнделікті орман аралап жүретіндіктен жылдам қозғалады екен. Шыңға да бірінші болып жетті. Бұл оның ең бірінші шыққан шыңы екен. Оның өзі төрт мыңдық санаттағы биіктік. Шыңға жеткендегі әсерді айтып жеткізу мүмкін емес. 

Айта кетейік, мұндай биіктікте оттегі азая бастайды. Сондықтан болар, аздап бас ауырып, тау ауруы сезілді. Дегенмен, межелі нүктеге шығып, мақсатты орындаудың өзі бұл қиындықтардың бәрін ұмыттырып жібереді. Ал Бауыржан Момышұлы шыңынан Алматыдағы Бауыржан Момышұлы көшесінің көрініп тұрғаны ерекше бір үйлесімділік секілді. Бұл тұрғыда шыңға шығу сапарын ұйымдастырған Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне алғысымызды білдеріміз! Ал біз алдағы уақыттарда  Іле Алатауындағы шыңдармен тұрақты түрде таныстырып отырамыз деген ойдамыз!

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

5566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз