Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 29 Шілде, 2014

«Нұр Отан»: БҚО-да партиялық тәлімгерлік жобасы жүзеге асырылуда

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес өңірде партиялық фракция жанынан партиялық тәлімгерлік жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы 28 шілде күні өткізілген «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы саяси кеңесі бюросы мен филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында айтылды. Облыс әкімі, филиал төрағасы Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, партия жұмысын жетілдіруге арналған бұл жоба өңірде 12 бағыт бойынша қолға алынды. Жалпы, тәлімгерлер активі әкімшілік қысым жасау үшін емес, нақты жағдайды бағамдау, кемшіліктерді анықтау, жетістікті одан әрі дамыту үшін құрылған. Сол себепті әрбір сала басшысы тәлімгерлер жұмысына құрметпен қарауы керек. Аталған отырыста тәлімгерлер есебі тыңдалды. Алғаш болып баяндама жасаған облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Бауыржан Тұманов фракцияның ағымдағы жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстарына тоқталды. Баяндамашының айтуынша, фракция бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес Елбасы Жолдауының, партияның сайлауалды тұғырнамасының, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына жете мән береді. Соған орай жергілікті атқарушы билік органдарының бұл бағытта атқарып келе жатқан жұмыстары жөнінде баяндамалар тыңдалды. Фракция мүшелері болып табылатын депутаттар жүйелі түрде қоғамдық қабылдау өткізуде. Жыл басынан бері облыс тұрғындарынан фракция мүшелеріне 662 өтініш келіп түсті. Оның 26 пайызы оң шешімін тапса, 30 пайыздайы өз шешімін табу үстінде. Партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асырудағы партиялық тәлімгерлердің жұмысы туралы облыстық мәслихат депутаты, «Білім және ғылым» бағыты бойынша партиялық тәлімгер Асхат Иманғалиев баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағыт бойынша сараптамалық топ құрылған. Оның құрамына білім мен ғылым саласында тәжірибесі бар аудандық, қалалық мәслихаттардың депуттары тартылды. Биыл облыстық мәслихатта өткен партия фракциясының отырысында облыстық білім басқармасы басшысының есебі тыңдалып, басқарманың жұмысына жан-жақты талдау жасалды. Аталмыш сала бойынша өңірдегі мекеме-кәсіпорынның бәрі «нұротандықтармен» серіктес болуға ықыласты екенін білдіруде. Партиялық тәлімгерліктің де мақсаты осында. Облыстық мәслихат депутаты, «Ұлт саулығы» бағыты бойынша партиялық тәлімгер Бекет Мырзахметов мемлекет тарапынан қабылданып жатқан іс-шараларға байланысты тұрғындардың денсаулығы жыл санап жақсарып, өмір сүру ұзақтығы артып  келе жатқандығын айтты. Облыс басшылығының тікелей қолдауының арқасында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығаюда. Ұлт денсаулығы партияның сайлауалды тұғырнамасында белгіленгендей, беки түсеріне сенім мол. Тәлімгерлерді тыңдап, бағыт-бағдарды айқындау алдағы уақытта да жалғаспақ.

1004 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз