Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 26 Тамыз, 2025

Ана болу – бақыт

Бала – әрбір отбасының бақыты, өмірдің мәні. Дегенмен соңғы жылдары көптеген отбасылар ұзақ уақыт бойы сәби сүю арманын орындай алмай жүр. Бұл жағдайдың артында түрлі себептер жатыр. Заманауи медицина дамығанымен, бедеулік көрсеткіші төмендемей отырғаны да алаңдатады.

Бедеуліктің негізгі себептерінің бірі – әйел ағзасындағы гормондық теңгерімнің бұзылуы. Қалқанша безінің аурулары, поликистозды аналық без синдромы (СПКЯ) сияқты дерттер овуляция процесін тежейді. Сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар да маңызды рөл атқарады. Оларды дер кезінде анықтап, емдемесе, жатыр түтіктерінің бітелуіне әкеліп, аналық жолды жауып тастайды.

Жатырдағы миома, полиптер, эндометриоз сияқты патологиялар да жүкті болуды қиындатады. Ең сорақысы – кейде мәселе әйелде емес, ер адамда болып шығады: қазіргі таңда бедеуліктің шамамен 30–40 пайызы ерлер факторымен байланысты.

Соңғы жылдары Қазақстанда туу көрсеткішінің төмендеуі анық байқалуда. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2020 жылы 426,8 мың бала дүниеге келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 365,9 мыңға дейін түсті. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында небары 77,3 мың сәби туған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға аз. Бұл – соңғы он бір жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Бүгінгі күннің тағы бір шындығы – өмір сүру салты. Артық салмақ немесе тым арықтық әйелдің гормондық тепе-теңдігін бұзып, овуляцияны тоқтатуы мүмкін. Жылдам дайындалатын тағам, дәрумендердің жетіспеушілігі, физикалық белсенділіктің аздығы да бедеулікке ықпал етеді. Темекі, алкоголь, тіпті күнделікті стресс – барлығы репродуктивті жүйеге кері әсер етеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әйелдер арасында психологиялық қысымның да артуы байқалады: жұмысбастылық, әлеуметтік күтулер, отбасылық мәселелер – барлығы ағзада гормондық бұзылыстарға жол ашады.

Кей өңірлерде экологиялық ахуалдың нашарлығы туу көрсеткішіне тікелей әсер етуде. Ауыр металдар, радиация, химиялық заттар тек әйелдің ғана емес, ер адамның да ұрпақ жалғастыру қабілетіне кері әсер етеді.

Арал өңірі – тұзды шаң мен пестицид салдарынан бедеулік пен жүктіліктің үзілуі жиілеген.

Семей полигоны – радиация әсерінен ұрық ақаулары мен онкологиялық аурулар көбейген.

Мұнайлы аймақтар (Атырау, Маңғыстау) – зиянды қалдықтар гормондық бұзылыс пен бедеулік деңгейін арттырған.

Сонымен бірге, некеге тұру жасына да назар аудару қажет. Қазіргі қоғамда әйелдердің көпшілігі мансапқа көңіл бөліп, отбасын құруды кейінге қалдырады. Ал репродуктивті жас шектеулі, 35 жастан кейін жүкті болу мүмкіндігі төмендей бастайды.

Сәби сүю – табиғат сыйы, бірақ оған қол жеткізу үшін денсаулыққа бейжай қарамау маңызды. Уақтылы тексеріліп, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден арылып, стрессті басқару – әрбір әйелдің басты міндеті. Себебі, дені сау ана – дені сау ұрпақтың кепілі.

 

                                                                                                                      Мирзахметова Рашидям

                                                                                                                Фото: Авторлық

13759 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз