- Фотогалерея
- 29 Тамыз, 2025
«Еңбек адамы»: Аманжол Сүлейменов, селденқорғаушы
Асқар таулар тек сұлулық пен ғажайып көріністің ғана емес, қауіп-қатер мен тосын табиғи апаттардың ошағы да болуы мүмкін. Жаз мезгілі болса, биік таулардың ұшындағы мұздықтар еріп, өзен бастауындағы мореналық көлдер суға толып, сел қауіпін туғызады. Осы қауіптің алдын алушылар жазғы маусым аяқталғанша селмен күрес жүргізеді. Соның бірі, аталған сала маманы, еңбек адамы Аманжол Сүлейменов. Бұл туралы kazgazeta.kz тілшісі хабарлайды.
Аманжол Сүлейменов «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Іле Алатау аумақтық пайдалану техникалық басқармасы Есік ӨПБ басшысы болып қызмет атқарады. Еңбек жолын осы мекемеде 1988 жылдан бастап техник-электрик, инжинер, инжинер-электрик, бас механик, учаскі басшысы, басқарма басшысы секілді қызметтерді сатылап атқарып шыққан, әлі де осы салада табанды қызмет атқарып келеді. Төтенше жағдайлар қызметінің 20 жылдық медалімен марапатталған.
«Алатаудың етегінде дүниеге келдік, сол себепті тау көрмесек жүре алмаймыз. Осы тауда өстік, тауда ер жеттік. Тауға деген қызығушылық – таудың өзіне жұмысқа жетеледі. Бала күнімізде Есік қаласындағы төтенше жағдай басқарамасына барып, сондағы жұмысшыларға қарап, солардан үйреніп, жұмыс бастадық. Әскерден келген бойда осы салаға қадам бастық. 1963 жылы тасып кеткен Есік көлінің орнын қалыпына келтіру жұмыстары ұзақ уақыт алды. Сол жұмыстарға да араластық. Содан осында қалдық.
Жұмысымыздың қызығы да, ауыртпалығы да көп. Кеңес Одағы құлап, егемендігіміз алған кезде тауға жаяу шығып, жаяу түсетінбіз. Маусымдық бекеттерді ашу ол кезде өте қиын болды. Техникаларды, газ балондарын арқамызға көтеріп шығатынбыз.
Қазір тікұшақтар жұмысты жеңілдетті. Дегенмен, жазда тікұшақ жетіспеушілігі болады. Өйткені, жазғы маусымда дала және орман өрттері, тауда адасқан адамдарды құтқару, авиациялық медицина қызметтерінің күрт артуы, тікұшақты күтіп қалуымызға себеп болады. Ал тау басындағы күн райы - бөлек әңгіме», - дейді кейіпкеріміз Аманжол Ауелнұрұлы.
Қазіргі уақытта жазғы маусымдық көлдерде жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, Есік сайында-25, Түрген сайында-20, Талғар сайында-21 мұздық көл бар. Қазір оларды маусымдық бақылаушылар бақылап отыр. Олар көл суын қауіпсіз деңгейге түсіру жұмыстарын атқарады. Бұл біріншіден, таудан төменде орналасқан халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екіншіден, жер сілкінісі, жауын-шашыннан кейінгі тау көшу, жер көшу құбылыстарын тұрақты бақылау. Ал қысқы маусымда тау сайларында қар көшкіні аймақтарын қардан тазалап тұру жұмыстарын атқарады. Мәселен, Түрген сайында-17, Есік сайында-8, Талғар сайында-10 қар көшу алаптары бар. Ал опырылма бойынша Талғарда-30, Есікте 30-ға жуық, Түргенде-20-ға жуық топырақ көшу аймақтары жатыр. Сондықтан «Қазселденқорғау» мамандары жыл он екі ай табиғат апаттарымен күрес жүргізеді. Соның бірі жауапты маман Аманжол Сүлейменовтың еңбек жолында жатыр.
«Жаз айында мореналық көлдерде батиметрия жұмысы жүргізіледі. Судың көлемі, деңгейін білу үшін бір апталап, айлап жататын кездер болады. Күн бұзылса тіпті апталап тікұшақ келе алмайды. Сондықтан, бұл салада шыдамдылық керек.
Мен үшін ең қауіпті жыл 2002 жыл болды. Жаздың 3 айы жаңбырлы болып, тамызда сай-саланың барлығы суға толды. Сол қатты қиындық туғызды. Есік қаласының бас жағында сел жүріп, шатқалдағы демалыс орнын толық жұлып кетті.
Балаларым жолымды қумады, бірақ ізбасарларым көп. Сабақ беріп, оқытып жатырмыз. Мықты инжинерлер, гидрологтар қалыптасты. Ал қазіргі уақыттағы басты міндетіміз - тау көліндегі су деңгейін қауіпсіз деңгейге түсіру», - деді кейіпкеріміз.
«Қазселденқорғау» мекемесінде 37 жылға жуық табан аудырмай қызмет етіп келе жатқан Аманжол Сүлейменовтің бұл саладағы еңбегі көпке үлгі, әрі төтенше жағдайлар саласындағы қызметі бейбіт күннің батыры екендігін айғақтайды.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Алматы облысы
4293 рет
көрсетілді0
пікір






