- Біздің сұхбат
- 30 Тамыз, 2025
Конституция – теңдік қағидасының негізгі тірегі
Сәуле САПАРАЛИЕВА,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының директоры:
Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Әрине, бұл еліміздің тарихындағы аса маңызды оқиға. Конституция мемлекетіміздің негізгі заңы, еліміздің құқықтық, саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйесінің негізін қалаушы құжат. Қазақстан Республикасы құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде өз даму жолында адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және олардың теңдігін сақтауды басты мақсаттарының бірі ретінде бекітті.
Ата Заңымызды қабылдау біздің егемен мемлекет екенімізді және республика азаматтарының құқықтары мен міндеттерін бекітуге берік негіз болды. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағанда ең бірінші болып Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда № 217 А (III) бекітілген Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына қосылды.
Сонымен қатар 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының басты қағидаларының бірі болып теңдік болып белгіленді. Аталған қағида Қазақстандағы әрбір азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеудің, әділетті қоғам құрудың құқықтық және моральдық негізіне айналды. Осы ретте біз аталған мәселелер төңірегінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясының Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, аға әділет кеңесшісі Сәуле Сапаралиевамен әңгімелестік.
– Сәуле Мамырбекқызы, осы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына белгіленген адам құқықтары мен міндеттері Ата заңымызда толығымен қамтылған ба?
– Декларацияның Преамбуласында Бас Ассамблея «Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын бүкіл халықтар мен мемлекеттердің ұмтылыстары арқылы әр адаммен қатар, қоғамның әр органы осы декларацияны үнемі жадында тұтып, білім беру және ағарту жұмыстары арқылы осы құқықтар мен бостандықтарды қадірлеуге ықпал жасап, ұлттық халықаралық шаралар арқылы Ұйымның мүше-мемлекеттерінің халықтарымен қоса, олардың юрисдикциясына қарасты территориялардың халықтары арасында да, жалпыға бірдей тиімді түрде танылып, жүзеге асырылуы үшін алға қойылған мақсат ретінде жария етіп отыр» деп белгіленген.
Осыған байланысты Қазақстан өзінің негізгі заңы Конституцияда аталған Декларацияда бекітілген адам құқықтарын және оларды сақтауға, сонымен қатар орындауға байланысты міндеттерді қарастырған. Конституциямыздың 1-ші бабынан бастап 39-бапқа дейін осы негіздер белгіленген.
– Теңдік мәселесі Конституциямызда қалай белгіленген және оның мағынасы неде?
– Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабында «заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп көрсетілген.
Сонымен қатар, адамдарды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқалай кемсітуге болмайтындығы нақты жазылған.
Бұл норманың маңыздылығы мемлекет әрбір азаматқа тең құқықтар мен мүмкіндіктер беруге міндетті. Яғни, теңдік қағидасы тек құқық ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық салада да іске асуы тиіс.
– Демек, Қазақстанда теңдік қағидасын жүзеге асыру үшін мемлекетіміз бірнеше негізгі бағыттарда жұмыс атқаруы қажет ...
– Теңдік қағидасы тек заңда емес, өмірде де жүзеге асқанда ғана әділеттілікке айналады. Сондықтан теңдік қағидасын жүзеге асыру үшін мемлекетіміз бірнеше негізгі бағытта жұмыс жасауы қажет. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2025 жылы Қазақстан халқының саны шамамен 20 млн. адамға жеткен, олардың ішінде шамамен 52% – әйел, ал 48% – ер.
Бұл қоғамда әйелдердің үлесі аз еместігін көрсетеді. Олар мемлекетіміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріне белсенді қатысушы азаматтар. Осыны ескере отырып, тең құқықтар деп ерлер мен әйелдер үшін азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да құқықтарды жүзеге асыруға мемлекет кепілдік берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекітілген құқықтарды айтуымыз керек. Мысалы, білім алу құқығы, денсаулық сақтау қызметі, сайлану және сайлау құқығы және т.б. келтіруге болады.
– Қазіргі кезде біз «гендерлік теңдік» деген ұғымды жиі естиміз. Ол термин «теңдік» түсінігімен сәйкес келе ме?
– Жалпы «гендер» мәселесі ерлер мен әйелдер арасында, өмірдің барлық салаларында көрініс табатын әлеуметтік қыры болып табылады. Осыған байланысты құқықтық актілерде «гендерлік теңдік» қай жынысқа жататынына қарамастан, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін, саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени өмір салаларына қатысуға нақты қол жетімділігін қамтамасыз ететін құқықтық мәртебе деп бекітілген.
– Құқықтық актілерді реттейтін Қазақстанда арнайы заң бар ма?
– 2009 жылғы 8 желтоқсандағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының арнайы заңы бар.
Бұл Заң ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдікке жағдай жасауға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейді.
– Осы Заңның негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттарына тоқталып өтсеңіз.
– Заңның негізгі мақсаты жыныстық белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеруге, еңбек жолының, қоғамдық және жеке өмірдің барлық саласында ерлер мен әйелдердің қабілеттерін барынша толық іске асыру үшін саяси алғышарттар мен қажетті әлеуметтік жағдайлар жасауға бағытталған, қоғамдағы ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу үшін құқықтық негіздерді құру болып табылады.
Міндеттері: мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету; ел халқы арасында ерлер мен әйелдердің тең құқылық мәдениетін тәрбиелеу және насихаттау, жыныстық белгісі бойынша кемсітушілікке жол бермеу; халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын және халықаралық міндеттемелерді орындау; саясатты, әлеуметтік-еңбек және отбасы қатынастарын қоса алғанда, тыныс-тіршіліктің барлық саласында жыныстар теңдігін қамтамасыз ету үшін қоғамның құқықтық және саяси мәдениетінің деңгейін арттыру.
Негізгі қағидаттары: жыныстық ерекшелігіне қарамастан барлық экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық және саяси құқықтарды пайдаланудың теңдігін қамтамасыз ету; гендерлік сана-сезімді қалыптастыру, қоғамдағы гендерлік стереотиптер мен теріс түсініктерді түбегейлі жою; гендерлік зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік; қауіпсіздікті қолдау және бейбітшілікті нығайтуға жәрдемдесу жөніндегі барлық күш-жігерге екі жыныс өкілдерінің тең құқылы қатысуы.
– Сонымен Қазақстанда ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын белгілеуде қандай кепілдіктер көзделген?
– Бірінші, ерлер мен әйелдердің мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуінің кепілдіктері, яғни мемлекеттік органдардың басшылары ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
Екінші, ерлер мен әйелдердің еңбек қатынастары саласындағы тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, яғни ерлер мен әйелдерге еңбек қатынастары саласында, оның ішінде: еңбек шартын жасасу кезінде; бос жұмыс орындарына теңдей қол жеткізуде; біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қызметте жоғарылау мәселелерінде тең құқықтарға және тең мүмкіндіктерге кепілдік беріледі.
Үшінші, ерлер мен әйелдердің неке-отбасы қатынастарындағы және бала тәрбиесіндегі құқықтары мен міндеттерінің гендерлік теңдігін қамтамасыз ету, яғни: отбасының беделін арттыру, неке-отбасы қатынастарын нығайту, неке мен отбасының құндылықтарын насихаттау; ерлер мен әйелдердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің тең бөлінуі; отбасы өмірін қолдауға және оның сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік саясатты іске асыру жолымен жүзеге асырылады.
Төртінші, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің кепілдіктері, яғни мемлекет:
1) ерлер мен әйелдердің ұрпақ өрбіту, денсаулығын сақтау, ерлер мен әйелдердің өлім-жітімін азайту және олардың орташа өмір сүру жасының ұзақтығы арасындағы айырмашылықты қысқарту бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіруге және шаралар қабылдауға;
2) ерлер мен әйелдердің қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың барлық түрлеріне қол жеткізуі үшін теңдей жағдайларды қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оқуға қабылдау кезінде артықшылықтарға жол бермеуге;
4) жынысына қатысты қорлайтын сөздерді, теңеулерді, бейнелерді пайдалану арқылы жалпыға бірдей қабылданған ізгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтіндік, көріністік, дыбыстық ақпаратты қамтитын жарнамаға жол бермеуге;
5) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бойынша іске асырылып жатқан мемлекеттік саясатқа сәйкес гендерлік білім беруге кепілдік береді.
– Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен міндеттерін дұрыс қолдануы өте маңызды, бірақта өмірде олардың табиғаты әртүрлі, осыған байланысты Қазақстанның заңдарын да осы ерекшеліктер көзделген бе?
– Әрине, ерлер мен әйелдердің қоғамдық рөлі бірін-бірі толықтырады. Әйел отбасының ұйытқысы, ұлт тәрбиесінің тірегі болса, ер азамат – елдің қорғаны, дамудың қозғаушы күші ретінде тарихи қалыптасқан пікір. Қазіргі заманауи Қазақстанда әйел тек отбасының ғана емес, қоғам мен мемлекеттің толыққанды мүшесі ретінде бағаланады.
Дегенмен заңмен ананы, баланы және әкені қорғауға, әйелдерді жүктілігіне және босануына байланысты қорғауға, ерлердің өмір сүру жасының ұзақтығын ұлғайтуға, сонымен қатар қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару заңнамасында әйелдерді қорғауға бағытталған шаралар жыныстық белгісі бойынша кемсітушілік шаралары деп саналмайды.
– Осы Конституциямыз да бекітілген теңдік қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылық көзделген бе?
– Қарастырылып жатқан сұрақ, яғни конституциялық нормаларының сақталуына Қазақстан Республикасының заңнамаларымен кепілдік беріледі, әрине оны бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленген.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының 5 және 6-тармақтарына сәйкес жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тілдік белгілері бойынша кемсіткені үшін лауазымды адамдарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.
Осы Кодекстің 90-бабына сәйкес, еңбек саласында кемсітушілікке жол бергені үшін жауаптылық көзделген, яғни жұмыс берушінің еңбек саласында жұмыскердің бірдей еңбек үшін бірдей ақы алу, сондай-ақ бірдей өндірістік-тұрмыстық жағдай жасалу құқығын, оның ішінде персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт шеңберінде жұмыстарды орындау кезінде бұзудан көрінген кемсітушілікке жол бергені үшін лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 145-бабына сәйкес адамның және азаматтың тең құлықтылығын бұзу, яғни адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық немесе мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына байланысты себептермен немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша тікелей немесе жанама шектеу үшін бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Жалпы 30 жыл ішінде Конституция өзінің өміршеңдігін, заман талабына сай бейімделе алатынын көрсетті. Алдағы кезеңде де бұл құжат Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарын қорған, теңдік пен әділеттілік қағидаларын нығайтуда басты рөл атқара беретіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Aqiqat»
5498 рет
көрсетілді0
пікір






