Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Тамыз, 2025

Абай философиясы – өркениеттер үндестігіндегі рухани көпір

Дінмұхамед БАЙЖҰМА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының магистранты 

Қазақ  жазба әдебиетінің негізін қалаушы, сыршыл лириканың хас шебері, адам жанының білгірі, дарынды сазгер, аудармашы, ағартушы, хәкім Абай Құнанбайұлының өлмес мұрасы ұлт руханиятында ерекше орын алады. Ақын жасаған заманынан кейін халқымыздың басынан сан түрлі алмағайып оқиғалар өтті. Империялық езгінің бұрын-соңды болмаған коммунистік билікке ауысуы, соның салдарынан орын алған екі ашаршылық; Абай мұрасын арқау етіп ұлт санасын оятуға ұмтылған Алаш арыстарының қуғын-сүргінге ұшырауы әрі одан кейінгі екінші дүниежүзілік соғыс – мұның бәрі халқымыздың болмысын терең өзгеріске ұшыратып, сан ғасырлар бойы қалыптасқан, атадан балаға мирас болған төл дәстүріміз бен өмір салтымыздан айыра жаздағаны ақиқат. 

Осы қысталаң өзгерістер нобайын Абай кезінде: 
Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған, – деп болжағаны таңдандырмай қоймас [1, 211-б.]. 
 Бар ғұмырын халқының жетіліп, дамуына күш салған ақын мұрасы бүгінгі ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамының да рухани кемелденуіне айрықша үлес қосары сөзсіз. Жалпы Абайдай ірі тұлғалардың  дүниетанымы мен философиясын талдау күрделі. Ол үшін ақынның өмір сүрген дәуірінің тарихи-әлеуметтік жағдайын, рухани-мәдени ортасын, алған білімін, таныс болған философиялық және әдеби мектептерді жан-жақты зерделеу қажет. Сонымен қатар, оның шығармаларындағы терең мағыналы ойларды, адам мен қоғам, ақыл мен парасат, аһлақ пен дін, білім мен еңбек секілді ұғымдарды қалай түсінгенін саралай отырып, дүниетанымдық негіздерін ашуға болады. Абайдың ой-өрісі мен рухани ізденістерін толық түсіну үшін Шығыс пен Батыс классиктерінің әсерін де ескерген жөн. Содан соң Абай шығармашылығын зерттеген әр дәуір ғалымдарының өз еңбектерінде ақынның болмысын жан-жақты ашуға бағытталған ізденістері Абайдың шығармашылық мұрасын, оның рухани әлемінің тереңдігін, эстетикалық сезімін және философиялық тұрғыдағы көзқарасын, ақынның тұлғалық  ерекшелігін толыққанды аша алды. Өйткені әр ірі суреткер бағалы жақұт болса, әр дәуірдің «зергері» оны өз заманының ерекшелігі мен талғамына сәйкес жонбақ. Бұл ақын мұрасының мәңгілік мәні мен өзектілігін дәлелдейтін нақты мысал. Алдымен ақын ойының генезисін саралау керек. Абайға дейін қазақ ділі мен руханиятының негізі болған ірі ой өкілдері – Абайдың ізашарлары – зарзаман өкілдері Дулат Бабатайұлы, Шортан­бай Қанайұлы, Мұрат Мөң­кеұлы, одан бұрын өмір сүрген жыраулық дәстүрдің марғасқалары Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар, Ақтамберді жыраулар – өз заманының рухын, халықтың мұрат-арманын поэзия тілінде бейнелеген жарқын әрі дара сөз шеберлері, терең ойлы тұлғалар болды. Абай ойшыл ретінде тек Шығыс мәдениетінің аясында ғана қалыптасып қоймай, өз дүниетанымында Шығыс пен Батыс өркениеттерінің озық үлгілерін ұштастыра білді, сондықтан да оның көзқарасы мүлде тың, жаңашыл сипатқа ие. 
Абай арнайы философиялық еңбек жазбағанымен, оның өлеңдері мен қара сөзбен өрілген ғақлияларына сүйене отырып, оны шынайы философ деп атауға толық негіз бар. Себебі, Абай шығармаларында философияның өзекті мәселесі – адам болмысы кеңінен қозғалса, адамның ахлақ (адамгершілік) жағынан кемелденуі, сондай-ақ философияның негізгі салалары – гносеология, этика, эстетика және өмір философиясы секілді терең тақырыптар жан-жақты көрініс тапқан. Хәкім Абайдың шығармашылығы мен өмір жолын тереңірек зерттеуге бет бұрған ұлт зиялылары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов бірігіп, «Абай» журналын жарыққа шығарады. «Журнал туралы» деген мақаласында Абайдың философиялық қабілетін алғашқылардың бірі болып атап өтіп, олар бұл жөнінде келесідей нақты пікір білдіреді: «Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ (данышпан)» [2, 19-б.].  
Абайдың данышпандығы мен терең шығармашылығын ерекше бағалаған поэзияның ақсұңқары Мағжан Жұмабаев оның рухани биігін алғашқылардың бірі болып танып, Абайға «хәкім» деген атауды береді. Ол ақынға арнаған өлеңінде:
Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды,
Дүние қолын жайып енді күтпес. –
деп, Абайдың тек ақын ғана емес, халқына рухани жол көрсеткен көреген ой иесі екенін айрықша атап өтеді [3, 16-б.]. Осылайша Мағжан Абайды халық даналығының символына айналдырып, оның мәңгілік мұрасын философиялық биіктен бағалайды. 
Қазақтың «бас ақыны» (Ахмет Байтұрсынұлы анықтамасы) болған Абай шығармашылығының нақты философиялық негіздерін зерттеп-зерделеу ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. 1928 жылдың 2 тамызында «Советская степь» атты газетте қоғам қайраткері, көсемсөзші Ілияс Қабыловтың «Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оның сыны» атты мақаласы шығады. Мақала сол дәуірдің басты коммунистік идеологиясының негізінде жазылған және онда Абайдың философиясы тікелей материалистік тұрғыдан қарастырылып, оның идеалистік философиясы қатаң сынға ұшырайды. Ілияс Қабылов мақаласында: «Абайдың алласы – табиғат пен қоғамдық құбылыстар заңдылығын түсіндіруге келгенде ақынның дәрменсіздік жасауы. Олай болса, философия мәселелерінде жас қазақ жұртшылығы дәрменсіз философ Абайдан ештеңені де үйрене алмайды деген қорытынды өзінен-өзі келіп туады» деп, Абай ойшылдығын сынайды [4, 131-б.]. Тіпті ақын шығармаларын «буржуазиялық қоқысқа» теңеп, қазақ жастарын «Абайдың ілімі мен оның қазіргі пікірлестеріне қарсы күреске жаппай жұмылдыру керек» деген қисынсыз үндеуге шақырады. Осы мақаладан жалпы Кеңес үкіметінің бастапқы кезеңдерінде ұлтымыздың өзіндік ділі мен мәдениетіне деген өшпенділік пен қарсылықты байқауға болады. Бірақ Абайды коммунистердің қаһарлы үрейінен арашалап, абайтануға айрықша еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көшелі көсемсөзші, әдебиетші Ыдырыс Мұстамбайдың ешқашан маңызын жоймайтын ерлігін тілге тиек ету керек. Дәл сол «Советская степь» газетінің 1928 жылғы 22 тамыз күні Ыдырыс Мұстамбайдың «Ақын Абай және оның философиясы» атты І.Қабыловтың мақаласына қарсы жауабы шығады. Онда І.Қабыловтың Абай шығармашылығын қате түсініп, сыңаржақтылыққа салынып қате талдағанын сынап, ақын шығармашылығын оның тұлғасынан бөліп қарастыру жайында: «Әлде Қабылов жолдас шынымен-ақ өзінің ұшқары талғамына сәйкес, Абайды зорлықпен жіліктеп, Абай-философты, Абай-суреткерді және Абай-публицисті бөлек-бөлек қарауға болады деп ойлай ма? Философия, публицистика, әдебиет пен өнер, эстетика адамзаттың рухани мәдениетінің сабақтас салалары екенің ұмытуға болмайды» деп ескертеді [4,136-б.]. 
Абай дәстүрлі қазақ өлең құрылымына жаңашылдық әкеліп, маз­­мұн мен форма жағынан түбегейлі өзгерістер енгізді. Абай поэзиясына философиялық терең­дік, моральдық-эти­калық мазмұн, адам жанының ішкі толғаныстары мен әлеуметтік мәселелер енді. Осы арқылы ол ұлттық әдебиетті жаңа белеске көтеріп, тың тақырыптар мен көркемдік әдістерді енгізу арқылы қазақ руханиятына өшпес із қалдырды деген ойды Ы.Мұстамбай күйттеп, ақын өзгешелігі хақында: «Абай өз өлеңдері арқылы бізге тұңғыш рет нәзік лириканы да, толғауды да, элегияны да әкелді, сөйтіп оған дейін үйірлік сезім-түйсікпен өмір сүріп, сосын көзін ашып оянып, дереу рухани қорек іздей бастаған қазақтың жаңа адамын, талап-талғам иесін тәрбиелеп, шыңдап өсірді» дейді. 
Абай философиясына қатысты жерінде: «Рас, Абайдың бір жерде дүниенің бірегей де тұтас екенін мойындап, бүкіл дүниетаным бөлшектерінің бірлікте болатынына, онда әркімнің өз орны бар екеніне дейін жеткені бар. Бұл жазмыштың шарттылығының қыспағына түскен қайратты-жігерлі тұлғаның өскен ортасының өзінің алдына қойған қиын мәселелерін шешуге ұмтылған бұлқынысы болатын», –  деп, ақынның дүние тануға талпынысының алғышарттарын ашады. Сонымен қатар Ы.Мұстамбай «Абай: сын-айтыс» атты зерттеуінде Абайдың философиялық талпыныстарын: «Талай ақындар, талай философтар сүрініп-жығылып шыққан жерде, шатасып талай сандалбайға ұшырайтын жерде Абай жүректің тілегін жырлай білген, көңілінің сырын аша білген. Табиғаттың заңы туғызған еркек пен әйел арасының қатынастарының түрін, өмірдің бір қызығы – жастықтың-мастықтың ісін Абай жеткізе білген» деп, ақын шығармашылығының ерекшелігін тұжырымдайды [4,122-б.]. 
Ыдырыс Мұстамбайұлымен қатар Абайды тұрпайы социалистік реалистік сыннан арашалап қалғандардың қатарына көрнекті мәдениет және әдебиет қайраткерлері – М.О.Әуезов, Қ.Жұбанов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, І.Жансүгіров және басқа да қазақ зиялыларын жатқызсақ болады. Олар Абайдың шығармашылығына қарсы бағытталған анайы социологиялық сындарға қарсы тұрып, оны қорғау мақсатында түрлі мақалалар жариялады. Олар Абайдың әдеби мұрасын жоғары бағалап, оның ұлттық мәдениет пен әдебиеттегі маңызын дәлелдеуге тырысты.
Абай мұрасын толығымен зерттеп, абайтану ғылымын қалыптастырған тұлға – Мұхтар Әуезов. Ол Абайдың көркем образын өзінің өлмес «Абай жолы» роман-эпопеясында жасаған болатын. М.Әуезов Абайдың дүниетанымын түсінудің басты жолдарын айқындап берді. Абай шығармашылығы мен дүниеге деген көзқарасын қалыптастырған негізгі үш қайнар көз туралы отызыншы жылдары М. Әуезов айқын пікірін білдірген. «Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны» атты еңбегінде заңғар классик былай деген: «Ұлттық және бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның творчестволық ісіне рухани азық болды. Абайдың бүкіл ой-қиялына, әлеуметтік, ақындық ісіне дем беріп, шапағатты нәр алған арнаның бірі – халықтың өзі жасаған, ауыздан-ауызға тараған, баспа жүзінде сақталып келген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениетінің бай мұрасы... Ақындығына рухани дем беріп, азық болған екінші арна – шығыс мәдениетінің тамаша мұрасы, араб-иран және түрік халықтарының классикалық поэзиясы, үшінші арна – орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті». Байқағанымыздай, Абайдың ойшыл ақын болып қалыптасуында үш әлемнің әсері бар. 
Ең әуелі ақын болып қалыптасуына Шығыстың танымал Физули, Шамси, Сәйхали, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз, Науаи сынды шайырлары әсер етті. Оларға еліктеп: 
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд», –
деп олардан бата сұрауы ақынның бастапқы дүниетанымының негізгі арнасын қалыптастырды [1, 13-б.]. Кейінірек олардың философиясын терең меңгеріп, олармен іштей үндес болғаны Абай туындыларынан көрініс табады. Сонымен қатар Абай түрік поэзиясының ірі өкілдері болған Қожа Ахмет Ясауи, Сопы Аллаяр, Сүлеймен Бақырғани, Жүсіп Баласағұн сынды ақындардың діни философиясын жақсы білгені оның «толық адам», «хәл», «жүрек ілімі», «жәуәнмәртлік» сынды философиялық санаттарында кеңінен түсіндіріледі.
Ал Шығыстың ғұлама ойшылы болған әл-Фарабимен Абайдың таныс болғаны жайында ғалым, профессор Ақжан әл-Машани өзінің «Әл-Фараби және Абай» кітабында кеңінен баяндайды. Ең әуелі Ақжан әл-Машани әл-Фараби және Абай еңбектерінде көрініс тапқан философиялық ойлардың үндестігіне назар аудара: «Абайдың «ғақлия-нақлия», «ғаламның сәнді сәйкес жарастығы», «ғылымды құдірет», «жүрек таразысы – инсаф», «өмірдің өзі шындық» деген тәрізді қағидаларының әрқайсысы бір-бір томдық еңбек жазуға болатын тұжырымдар. Осылардың барлығы әл-Фараби еңбегінде бар, онда терең талқыланған» деп тұжырымдайды [5, 20-б.]. Әрмен қарай екі данышпанды байланыстырған тұлға –көрнекті татар ойшылы, ағартушы, ғалым, тарихшы Шиһабаддин Маржаниге ерекше тоқталады. Ш.Маржани әл-Фарабидің ғылым, философия, музыка саласындағы еңбектерін үлгі санап, өзі басқарған Қазан медресесінде әл-Фарабиге қатысты дәрістер өткізген. Ал Абайдың Ш.Маржани шығармашылығымен таныс­тығы хақында А.Машани: «Мұхтар Әуезов марқұмның бір сөзінде Абай Семей қаласында оқып жүрген кезінде татардың ағартушы-ғалымы Шиһабаддин Маржани еңбегімен танысып, оны өте жоғары бағалаған», – дейді. Көріп тұрғанымыздай, Абай ілімінің негізгі философиялық тереңдігі «екінші ұстаз» атанған ғұлама әл-Фараби шығармашылығының ықпалымен дамыған. 
Абай мен әл-Фарабиді тағы бір байланыстыратын тақырып – жүрек мәселесі. Әл-Фараби өзінің «Ізгі қала тұрғындары» атты іргелі философиялық трактатында кемел қоғам үлгісін және оған жету жолдарын жан-жақты саралаған. Онымен қоса Адам жанына қатысты талдауларда жүрекке айрықша мән беріліп, ол негізгі әрі ерекше мүше ретінде көрсетіледі. Әл-Фараби: «Әдетте, ең алдымен, жүректің тіршілік етуі шарт, ол тек осыдан кейін ғана барып тәннің барлық басқа мүшелерінің тіршілік етуіне, сондай-ақ оларға қабілет даруына, олардың белгілі тәртіппен орналасуына себеп болады» десе [6, 149-б.], Абайдың: 
Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, 
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. 
Жүректен қызу-қызба кете қалса, 
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, 
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі. 
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, 
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі, – 
деуі «жүрек» ұғымын тек физио-биологиялық түсінікте қарастырмай, оны адамның адамшылығының негізі деп түсіндірген. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Абайдың жүрек метафорасын қолдануы жайында: «Абайдың сөз қолдану шеберлігіне, тіл мәдениетіне, ұлт тілінің негізгі сөздік қорын пайдалануы жайына, тілдік-лұғаттық сөздігіне барлау жасар болсақ, «жүрек» сөзін зат есім есебінде 151 рет, сын есім ретінде 5 рет, яғни көркемдік-философиялық, ассоциациялық-метафоралық құбылыс ретінде қолданған» деген тұжырымы Абайдың аһлақ философиясының негізі болған «жүрек» ұғымы екенінің айқын дәлелі. 
Абай поэтикалық тілде адамның ішкі жан әлемін, рухани тебіренісін, сезім тереңдігін, ой өткірлігі мен мінез күрделілігін бейнелі сөздер арқылы шебер жеткізеді. Бұл тұста ол көркемдік құрал ретінде әрі нақты, әрі абстрактілі мағынасы бар «жүрек» ұғымын түрлі семантикалық деңгейде пайдаланып, адам болмысының күрделі қырларын ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, өкпе сызы, жүректің жігі, жүректің көзі, жүректің оты, жүректің ақыл суаты, жүректе қайрат болмаса, ауру жүрек соғады, жүрек – теңіз, жүрекке жылы тию, ыстық жүрек, сорлы жүрек, жылы жүрек, ынталы жүрек, мұз жүрек, асыл жүрек, асау жүрек, ет жүрек, жас жүрек, ызалы жүрек, шошынған жүрек, ит жүрек, сұм өрбіген жүрек, үрпиген жүрек, сөніп қалған жүрек, махаббат пен ғадауат майдандасқан жүрек.
Абай бойынша дүниетанудың басты құралы – ол білім мен өнер. Ал оларды игеру үшін адамның «көкірек көзі» ашық болуға тиіс. Яғни танымдық тұрғыда да жүрек рөлі маңызды. Абай аһлағы (этика) да тікелей жүрек ұғымымен байланысты. Хәкім өзінің он төртінші қара сөзінде: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та жүректің ісі» дейді. Ал он жетінші қара сөзінде «ыстық қайрат», «жылы жүрек» және «нұрлы ақылды» өзара тартысқа түсіре отырып, ақырында төрелік айтатын ғылым екенін алға тартады. Осы үш қасиеттің басын біріктіріп, үйлестіретін де, шынайы адамдық жолды нұсқайтын да ғылым дейді. 
Жүрек культі мәселесінде Абай батыстың көрнекті ойшылы, ғалым Блез Паскальмен де үндеседі. Паскальдің философия тарихындағы орны – ол XVII ғасырдағы механикалық рационализм тәжірибесінен өтіп, сол заманда өршіп бара жатқан әсіре «ғылымилықтың» шекарасын барынша өткір қоя білген алғашқы ойшыл ретінде айқындалады. Ол ақылдың дәлелдерінен бөлек жүректің дәлелдеріне назар аударып, ақиқатты тану жолы тікелей жүрек арқылы орын алу керек деп тұжырымдаған. Ол өзінің әйгілі ділмәрінде: «Құдайды ақылмен емес, жүрекпен танимыз. Бұл сенім жолы. Құдай санамен емес, жүрекпен сезіледі», – деп түйіндеген [7, 106-б.]. Ал хәкім Абай өзінің «Алла деген сөз жеңіл» деп басталатын мағыналы да сырлы философиялық өлеңінде:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес, –
деп жаратқанды танудың төте жолы тек жүрек арқылы келеді деуі ислам дінінің мәнін тереңдете, оны өз философиялық танымымен ұштастырады.
Жалпы Абай мен Паскальді ортақтастыратын тағы бір мәселе – баяндау стилі. Паскальдің дүниетанымы оның терең пайымдаулары мен рухани ізденістерін бейнелейтін, өзіндік философиялық стиль тезімен өрілген атақты «Ойлар» (Pensées) жинағы арқылы ашылады. Бұл туындыда ол адам табиғатының екіжақтылығын – әлсіздігі мен рухани ұлылығын терең саралап көрсетеді. Ал қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының философиялық көзқарасы оның поэзиясымен қатар өмір, адам, иман және рухани кемелдену жайындағы ой-толғамдарын қамтитын «Ғақлия» (немесе қара сөздер) шығармаларында кеңінен көрініс табады. Абайдың ғақлиялары қазақ әдеби-философиялық ойының биік шыңы ретінде танылып, ұлттық дүниетаным мен моральдық ұстанымдарды терең түсінуге жол ашады. Абай қазақ жазба әдебиетінің бастауында тұрса, Паскаль қазіргі француз әдебиетінің реформаторы болып есептелінеді. Онымен қоса екі ойшылды біріктіретін тағы бір тұс ол философиялық антропология мәселесі. Паскаль үшін адам болмысы бір-біріне кереғар түсініктерден құралады. Ол адамның бір мезгілдегі ұлылығы мен дәрменсіздігі. Паскаль адамның ойлау қабілетін оның басты артықшылығы ретінде қарастырады. Ойшылдың: «Адам ойлау үшін жаратылған; бұл – оның бүкіл қадірі мен абыройы», – деуі тегін емес.  
Паскаль, сонымен қатар, адам бала­сының әлсіздігін де жоққа шығармайды. Ол адамды табиғаттағы ең дәрменсіз тіршілік иесі ретінде сипаттап, оны «ойлайтын қамыс» деп атайды: «Адам – табиғаттағы ең әлсіз қамыс. Бірақ ол – ойлай алатын қамыс. Оны жою үшін бүкіл ғаламның қарулануы қажет емес, бір ғана бу немесе су тамшысы жеткілікті. Алайда, егер ғаламат оны жаншып тастаса да, адам өзін өлтіретін алпауыттан жоғары тұрады, өйткені ол өзінің өлетінін және ғаламның одан үстем екенін біледі. Ал ғалам одан бейхабар» [7, 130-б.].  Ал Абай болса ең әуелі адам болудың өзіндік жолын нұсқайды. Абайдың пікірінше, адам болмысының мәні – рухани жетілу мен кемелдікке ұмтылу. Ол адамды жан мен тәннің бірлігі ретінде қарастырып, рухани даму арқылы ғана шынайы адам болуға болатынын атап көрсетеді. Адамның ішкі әлемі мен сыртқы әрекеті үйлесімде болғанда ғана толыққанды өмір сүру мүмкіндігі туады. Хәкім ойы бойынша, адам болмысын үш негізгі қасиетпен байланыстырады: ақыл, жүрек және қайрат. Ол бұл үшеуінің үйлесімділігі арқылы адам өзінің рухани биігіне жете алатынын айтады. Ақыл – таным мен білімнің көзі, жүрек – мейірім мен сүйіспеншіліктің арнасы, ал қайрат – әрекет пен табандылықтың белгісі. Егер де бұл үйлесім пенде жанынан табылмаса, онда ол адам мәртебесіне жетпейді. Абай адам табиғатын ащы мысқалмен:
Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы, 
Боқтан сасық боласың өлсең тағы, – дей келе, адам денесінің өткінші әрі пәнилік сипатын ашық айтады. Абай адамды тек дене мен табиғи қажеттіліктердің жиынтығы деп емес, рухани өсу мен ізгілікті мұрат тұтатын саналы болмыс ретінде бейнелейді. Абайдың бұл ой-толғамы адамға өз әлсіздігі мен өткіншілігін ұғындырып, менмендіктен тыйылып, рухани кемелдікке бет бұруға үндейді.
Осы арқылы Паскаль мен Абай адам табиғатының ойлау мен тәндік әлсіздік сынды екі түрлі қырын бейнелеп, адамзаттың рухани кемелденуіне терең үңіледі.
Абайдың дүниетанымымен үндес келетін Батыс философиясының ірі өкілдерінің бірі – нидерланд ойшылы Барух Спиноза. Ол рационалистік бағыттағы философияның көрнекті өкілі. Рационалистік философия – дүниені танудың басты құралы сезім емес, ақыл-ой деп білетін ілім. Бұл ағымға сәйкес, шынайы білім тек логикалық ойлау мен зерденің көмегі арқылы ғана қалыптасады. Рационалистер ақиқатты іздеуде ақыл-санаға шешуші мән беріп, адамның рухани кемелденуіне жол ашты. Осы тұрғыдан алғанда, Спинозаның да, Абайдың да философиялық көзқарастары адам жаны мен ақыл иірімдерін терең пайымдауға ұмтылады. Абайдың рационалистік философиядан хабардар болғанын біз оның замандасы әрі досы, қазақ халқының тұрмыс-салтын зерттеуші А.А.Леонтьевтің естеліктері арқылы біле аламыз. Ол әйгілі саяхатшы Джордж Кеннанға Абай хақында ерекше әсермен айтып берген. Леонтьевтің айтуынша, Абай Батыс Еуропа ойшылдарының еңбектерін терең меңгерген тұлға болған. «Мен оны Дрэпердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» атты еңбегі бойынша екі сағат бойы сұрақпен сынап көрдім, – деп жазады ол, – және шын ниетіммен мойындаймын: ол бұл салада айтарлықтай білімдар екенін дәлелдеді». Бұл сөздер Абайдың ақыл мен танымға негізделген рационалистік дүниетаныммен етене таныс болғанын айғақтай түседі. Өйткені Джон Уильям Дрэпердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» дүниежүзілік тарихты тікелей рационалистік философия дүниетанымымен баяндайтын туынды. 
Спиноза философиясының өзегі оның «Геометриялық тәсілдермен көрсетілген этика» атты еңбегінде кеңінен ашылады, онда ол Құдайды, табиғатты және адам болмысын біртұтас әрі ажырамас субстанция ретінде қарастырып, ақыл мен танымды адам еркіндігінің негізі деп тұжырымдайды. Спинозаның бұл шығармасы – ерекше дәлдікпен құрылған терең философиялық жүйе. Ол қарапайым баяндаудан емес, ұғымдардың нақты анықтамаларынан, аксиомалар мен постулаттардан, теоремалар мен олардың қисынды дәлелдерінен тұрады. Әрбір ой өз орнымен өріліп, түсіндірмелер мен қорытындылар арқылы тұтастық табады. Ойдың дамуы математикалық тәртіпке бағына отырып, ұғымдар өзара тығыз байланыста өрбиді. Бұл еңбектің құрылымы Спинозаның дүниені танудағы ұстанған қатаң логикасын айқын көрсетеді. Абай мен Спинозаның көзқарастарының тоғысатын тұсы – ақыл-ойдың танымдық қызметіне деген ерекше мән беруден көрінеді. Абай өзінің «Өлсе өлер табиғат» атты өлеңінде:
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей?
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей
Міні қайда екенін біле алмассың
Терең ойдың телміріп соңына ермей, – 
деп, терең пайымға жетелейді. 
Осы шумақтағы басты назар аударарлық ұғымдар – «бақи» мен «фәни». «Бақи» – мәңгілік, шексіз болмыс ұғымын білдірсе, «фәни» – бұл дүниенің өткіншілігі мен жалғандығын меңзейді. Бұл екі ұғым мәні жағынан бір-біріне қарама-қайшы болғанымен, Абай үшін оларды тану – терең ақыл мен рухани ізденіс арқылы жүзеге асады. Абай бізге ақиқатты танудың таптырмас мысалын көрсетеді. 
Ол үшін «терең ойдың телміріп» соңына еру керек, яғни философияға бойлау шарт. Ал Спинозада бұл ұстаным өзінің «Этика» еңбегінің соңғы бөлімінде: «Жан мәңгілік туралы не түсінсе, оны тәннің қазіргі нақты өмір сүруін елестету арқылы емес, керісінше, тәннің мәнін мәңгілік тұрғысынан пайымдау (sub specie aeternitatis) арқылы ұғынады» деп тұжырымдалған» [8, 321-б.]. 
Спиноза ақыл бәрін sub specie aeternitatis, яғни мәңгілік тұрғысынан танып-біледі дегенде, ол адам санасына мүлде өзгеше таным көкжиегін ашады, бұл тұрмыс ағымындағы дүниетанымнан түбегейлі бөлек пайым. Алғаш қарағанда қарапайым көрінетін осы тұжырымның ар жағында тұтас онтология, этика, өмір салтының жаңа деңгейі жатыр, ал бұның өзегі ақыл мен таным. Мәңгілік тұрғысынан тану – жай ғана ойлау әдісі емес, бұл адамды кездейсоқтықтар мен сыртқы ықпалдар құрсауынан босататын тіршілік танымның жаңа бір түрі.
Спиноза көзқарасы бойынша, адам санасы үнемі сыртқы әсерлердің ықпалында болады: бұл – өткінші дүниедегі пендені қоршап тұрған саналуан оқиғалар, оның сезімге байланған құмарлықтары мен қалауы. Уақыт өз арнасымен ағып жатқанда, адам сезім шырмауынан шыға алмай, сол әсерлердің жетегінде кетеді. Мұндай күйде жүрген жан үрей, үміт, қорқыныш, құштарлық сынды күйзелістерге бейім келеді. Ол өзі бастан кешіп отырған жайттардың шынайы себептерін білмейді, тек салдарын көреді, әрі оларды үзік-үзік, шала-пұла қабылдайды. Уақыттың ішінен қараған бұл көзқарас адамды өтпелі сәтке байлап қояды, осылайша ол шексіздікке қол жеткізе алмай, күйзеліс пен бейшаралықтан арыла алмай жүреді. Демек Абай мен Спиноза бойынша ақиқатты тану ең әуелі болмыстың осы бір «бақи» мен «фәни» атты ұғымдарының айырмасын білуден басталмақ. 
Абай – қазақ руханиятының дара да биік феномені. Оны тек қана жазба әдебиеттің негізін қалаушы деп шектеу – тар өрісті, үстірт пайым болар еді. Абай – ұлт санасының жаңғыруына жол ашқан кемеңгер, ұлы ойшыл. Оның дүниетанымынсыз «Алаш» секілді ірі тарихи-мәдени қозғалыстың мәні мен мазмұнын толық түсіну мүмкін емес. Абай әлемі – тек көркем сөздің ғана емес, тұтас ұлт болмысының жаңа сапаға бет бұруының айғағы.
Оның ой әлеміндегі басты ерекшелік – әртүрлі өркениеттердің терең философиялық идеяларын қазақтың төл дүниетанымымен, рухани тамырымен үйлестіре білуінде. Шығыстың даналығымен суарылған, Батыстың ой ұшқырлығымен шыңдалған, қазақы болмыстың қайнарынан нәр алған Абай ілімі – адамзаттық биіктен көрінген рухани мұнара. Бұл мұнара ұлтына ғана емес, күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды паш етіп, ғасырдан ғасырға жалғасар жол сілтемек.


Пайдаланған әдебиеттер: 
1.Құнанбайұлы А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Қаз. мем. көркем әдеб. бас. Т. 1. – 1957. – 367 б.  
2.Алаш көсемсөзі:10 томдық. 8-кітап: Абай. – Алматы: «Өнер», 2011. – 384 б. 
3.Жұмабаев М. Шығармалары. Т.1: Өлеңдер, дастандар. – Алматы: «Жазушы», 2013. – 376 б.
4.Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. – Алматы: «Алаш», 2006. – 288 бет. 
5.Машани А. Әл-Фараби және Абай. Т.2. – Алматы: «Алатау», 2005. – 296 б.
6.Әбу Насыр әл-Фараби. Қайырымды қала. – Алматы: «Халықаралық Абай клубы», 2015. – 284 б.
7.Blaise Pascal «Pensées». – Paris: «Booking international», 1995. – 634 p.
8.Спиноза Б. Этика. – М., АСТ, 2001. – 336 с. 

794 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз