Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 30 Тамыз, 2025

Биогумус өндіреді

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында тұратын жас кәсіпкер, «СК-АЗЫҚ» ЖШС басшысы Дарияш Ильяшева ауылшаруашылығын дамытудың тың жолын тапты. Ол «Бір ауыл – бір өнім» (ОСОП) жобасының қатысушысы ретінде табиғи органикалық тыңайтқыш – биогумус өндіруді қолға алған.
Биогумус – кәдімгі көңді қайта өңдеу арқылы алынатын экологиялық таза тыңайтқыш. Бұл ерекше технологияда калифорниялық құрттар пайдаланылады. Олар көңді өңдеп, үш айдың ішінде иіссіз, таза әрі құнды тыңайтқышқа айналдырады.
– Бізде көң жеткілікті. Оны бір жерге шығару қажет болды. Осыны тиімді пайдаланудың жолын іздедім. Зерттей келе, биогумус өндіруді қолға алдым. Бұл іске төзімді әрі өсімтал калифорниялық құрттар көмекші, – дейді кәсіпкер.
Дарияш бастапқыда мал шаруашылығымен айналысқан. Бірақ 2023 жылдан бастап шаруашылықтың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мақсатында тыңайтқыш өндірісін іске қосыпты.
– Барлық процесс қарапайым. Көңді жуып, төсеп қоямын да, ішіне құрттарды жіберемін. Олар оны жеп, қайта өңдейді. Шамамен үш айдан соң дайын биогумус алынады. Оның топы-рақ үшін пайдасы зор, адамға берілетін дәрумен секілді әсер етеді. Біз сонымен қатар сұйық биогумус та шығарамыз: 10 литр суға небәрі 10 грамм жеткілікті. Үнемді, – дейді ол.
Бүгінде фермерлер, бағбандар мен бақша өсірушілер арасында Дарияштың өнімдеріне тұрақты сұраныс бар. Өндіріс жолға қойылған. Алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отыр.
Кәсіпкердің алдағы мақсаты – «Жасыл жер» сауда белгісін тіркеу, биогумусты сериялы өндіріске шығару, жаңа өнім түрлерін дайындап, қайта өңдеуді өнеркәсіптік деңгейге жеткізу. Дарияш Ильяшева мемлекет қолдауын да тиімді пайдаланып отыр. Ол жеңілдетілген несие арқылы мал сатып алып, шаруашылығын кеңейткен.
Олжас ПАВЛИК

"Ұлан" газеті

187 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз