- Таным
- 30 Тамыз, 2025
Лудомания қандай дерт?
Қазір құмар ойындар тек ересектердің мәселесі емес. Жасөспірімдер арасындағы лудо-мания жасырын, бірақ қауіпті түрде өршіп келеді. Басында бәрі зиянсыз ермек сияқты көрінеді: достармен бірге ойын автоматтарын сынап көру, онлайн-ставкалар… Алайда көзге көрінбейтін шекара бар. Оны аттағаннан бастап ойын адамның санасын жаулап, өмірінің барлық саласын улай бастайды.
Нарколог маман Тоқтар Төлеуханұлымен сұқбатымызда құмар ойын тәуелділігінің қалай басталатынын, қандай белгілерден ата-аналар сақ болуы керегін және емделудің тиімді жолдары туралы әңгімелестік.
Маманның айтуынша, лудомания – психикалық ауру ретінде танылған және халықаралық аурулар классификаторына енгізілген дерт. Сондықтан оны жай ғана психологиялық әдет деп қарастыруға болмайды.
«Бастапқы кезеңде лудомания психологиялық өзгерістермен қатар жүреді. Мысалы, мазасыздық, жүйке жүйесінің әлсіреуі, ойдың тұрақсыздығы байқалады. Уақыт өте келе жағдай күрделеніп, адамда өзін кінәлі сезіну, өмірінің мәні жоғалғандай көру, тіпті өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлар пайда болуы мүмкін. Бұл кезеңде психоз деңгейіндегі қауіпті бұзылыстар дамуы ықтимал», – дейді ол.
Маманның айтуынша, лудома-нияның себебі әртүрлі болғанымен, бастысы – психологиялық және биологиялық факторлар. Ол негізгі үш себепті атады: «Біріншіден, тұқымқуалаушылықтың рөлі бар. Егер ата-анасының немесе жақын туыстарының арасында тәуелділіктің қандай да бір түрі (алкоголь, есірткі немесе басқа химиялық тәуелділіктер) жиі кездессе, адамның құмар ойынға бейімділігі жоғары болады. Лудоманияның өзі химиялық емес тәуелділікке жатады, бірақ оның даму механизмі ұқсас».
Маман екінші себебі деп қоршаған орта әсеріне тоқталды. Мысалы, отбасы ішінде эмоционалдық қолдау мен ашық қарым-қатынас болмаса, жасөспірім жалғыздық сезініп, өз мәселелерін ешкімге ашылып айта алмайды. Мұндай жағдайда ол сырттан, соның ішінде ойыннан уақытша қашып, пана іздеуі мүмкін.
«Ал үшіншіден, мидың мара-паттау жүйесінің ерекшелігі. Кей адамдарда дофамин мен серотониннің бөліну механизмі өзгеше жұмыс істейді, сол себепті олар ойыннан алған ләззатты қайта-қайта іздеуге бейім келеді. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген факторлардың бірі», – дейді нарколог.
Қазір жасөспірімдер мен балалар үшін құмар ойындар бұрынғыдан да қолжетімді.
«кез келген смартфон мен интернет арқылы онлайн-казино, түрлі ставкалар мен құмар ойындарға оңай кіруге болады. Интернет пен әлеуметтік желі-лерде құмар ойындарға қатысты жарнамалар жиі кездеседі. Мұндай ойындарда ұтқан сәтте адам ағзасында дофамин – «бақыт гормоны» бөлініп, күшті ләззат пен эйфория сезімін тудырады», – дейді Тоқтар Төлеуханұлы.
Маман атап өткендей, бұл жағымды сезім қысқа уақытқа ғана созылады, бірақ ол миды қайтадан сол ләззатты іздеуге итермелейді. Уақыт өте келе бұл обсессивті (жабысқақ) ойларға, кейін компульсивті (мәжбүрлі) әрекетке айналады. Сондай-ақ, құмарлық күшейген сайын адам өз отбасындағы, оқуындағы немесе жұмысындағы міндеттерін екінші орынға ысырады. Бар ойы ойынға қайта оралу, ұту, сол арқылы бұрынғы эйфорияны қайта сезіну болады.
Маман лудоманияны үш негізгі кезеңге бөлді.
1. Компенсация кезеңі. Бұл сатыда адамның психикалық және психологиялық жағдайы айтарлықтай бұзылмаған. Қарым-қатынасы да, күнделікті өмірі де қалыпты, ойынға тәуелділік белгілері айқын емес.
2. Субкомпенсация кезеңінде адам жұмысын жоғалтуы мүмкін, отбасында және жақындарымен қарым-қатынас нашарлайды. Қарызға батады, ұсақ ұрлық немесе басқа да заңсыз әрекеттерге баруы ықтимал.
3. Декомпенсация кезеңі – адам құмар ойынның салдарын жақсы білсе де, тоқтай алмайды. Қаржылық, әлеуметтік, тіпті қылмыстық зардаптарға қарамастан ойнауды жалғастырады.
Осы тұста лудоманияның алғашқы белгілерін ата-аналар дер кезінде байқай ала ма деп сұрадық.
«Ең әуелі эмоциялық тұрақсыздық байқалады. Жасөспірім ата-анасына қарсы шыға бастайды, құпиясын көбейтеді. Оқудағы үлгерімі төмендейді, бұрын қызығып жүрген спорт, өнер сияқты хоббилерінен алыстайды. Ұтқан кезде ерекше қуанып, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Ал ұтылғанда ашуланшақ, агрессивті, жанжал шығарады немесе күйзеліске түседі. Тәбеті мен ұйқысы бұзылуы мүмкін», – деп атап өтті нарколог.
Маманның айтуынша, лудомания – басқа тәуелділіктер сияқты емделетін дерт, ең бастысы – емді ерте бастау. Егер адам ауыр қылмыс жасамаған, психозға ұшырамаған кезде көмекке жүгінсе, нәтиже әлдеқайда жақсы болады.
«Невроздың бастапқы кезеңінде белгілер онша ауыр болмайды, бірақ асқынған кезде адам қатты стреске ұшырап, ұзақ уақыт бойы қиналады. Ұйқысы бұзылады, реактивті депрессияға шалдығады. Осы сәтте түрлі қауіпті ойлар пайда болуы мүмкін. Мысалы, адам өз-өзін кінәлай бастайды, тіпті өзіне қол жұмсау туралы ойлауы немесе басқа да теріс әрекеттерге баруы ықтимал. Кей жағдайларда заң бұзушылықтарға – ақша табу үшін ұрлық жасауға, агрессия көрсетуге, өзіне де, өзгелерге де қауіпті іс-әрекеттерге баруға дейін жеткізуі мүмкін. Сондықтан бұл дертті асқындырмай, алғашқы кезеңінде-ақ мамандарға жүгініп, дер кезінде емделу қажет», – деп ескертті ол.
Емдеу дәрі-дәрмек пен психотерапияның үйлесімі арқылы жүргі-зіледі: ұйқы мен көңіл-күйді түзету, жеке және топтық сеанстар, анонимді ойыншылар клубтары. Ұзақ мерзімді реабилитация бір жылға дейін жалғасады, осы кезеңде адам ойынға оралмаса, айыққан деп есептеледі.
«Өкінішке қарай, біздің қоғамда психолог немесе психиатрдың көмегіне жүгінуден ұялу әлі де бар. Көп адам дертін жасырып, уақыт жоғалтады. Көп жағдайда қарызын өтеу үшін түрлі әрекетке барады, бірақ бұл тек жағдайды асқындыра түседі», – деген алаңдаушылығын білдірді маман.
Сондай-ақ ол стресс тек жағымсыз эмоциядан ғана емес, қуаныш кезінде де туындайтынын еске салды: «Адамды жан тыныш-тығынан шығаратын кез келген нәрсе – стресс. Егер адам оған төзімсіз болса және оны дұрыс жеңе алмаса, психологиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Өмірдегі қуаныш пен қиындықты дұрыс қабылдау маңызды».
Дәрігер әрбір қазақстандықтың қасында сенетін, сырын айта алатын адамы болуы керек деп есептейді. «Бұл – ата-ана, аға-қарындас немесе жақын дос. Мұндай адам психотерапевт рөлін атқарып, үлкен қолдау көрсете алады», – дейді ол.
Лудомания – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның әлеуметтік және экономикалық қауіпсіздігіне әсер ететін күрделі мәселе. Оның таралуына қолжетімділік, жарнама, психологиялық тәуелділік және әлеуметтік факторлар ықпал етеді. Бұл жағдайдың алдын алу үшін мемлекет, медицина саласы, отбасы және білім беру жүйесі бірлесіп әрекет етуі қажет. Ал ең маңызды қадам – психологиялық көмек алуды қалыпты және қолдау табатын құбылысқа айналдыру.
Жазира БЕКБОЛАТ
"Ұлан" газеті
444 рет
көрсетілді0
пікір







