- Таным
- 02 Қыркүйек, 2025
«Алаш» деп өткен ардақты ғалым
Филология ғылымының докторы, профессор, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, саналы ғұмырын Алаш қайраткерлерінің ғылыми мұрасын зерттеуге арнаған көрнекті ғалым Ғарифолла Әнеске арналған «Ғарифолла Әнес оқулары: ғалым мұрасы» атты ғылыми конференция өтті. Алқалы жиын Жаңалық аулындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде ұйымдастырылды.
Конференция барысында екі маңызды еңбектің тұсаукесері өтті. Олар: «Алаш тарихы – шерлі шежіре» және «Мемлекеттік тіл және тілші-ғалымдар: тұлғалар». Бұл еңбектерде ұлт тарихының күрделі кезеңдері мен мемлекеттік тілдің тағдырына қатысты кешенді ғылыми ойлар қамтылған. Жиынға қатысушылар ғалым мұрасының қазақ ғылымы үшін мән-маңызы ерекше екенін атап өтіп, ғалымның еңбектерін келер ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталды.
Бас қосуда мінберден «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев сөз алды. «1994 жылдан бері «Арыс» қорында (баспасында) «Жаңа энциклопедия», көптеген еселі ғылыми жинақ жарық көрді. Ғарифолла Қабдолқайырұлы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін және ҰҒА-ның аспирантурасын бітірген. Ол А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері болып қызмет атқарды.
Сондай-ақ Жаңалық аулындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі болды. 1992 жылдан «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының» құрылтайшы-президенті болып, қазақ ғылымына айрықша үлес қосты. «Тілтаным» («Мәдени мұра»), «Жаңа сөздік», «Махамбет әлемі», «С.Қондыбай әлемі», «Сыр сүлейлері», «Ноғайлы жырлары», «Атырау ақын-жазушылары», «Зерттеу», «Қазақ ғылымының озық үлгілері», «Тіл білімінің озық үлгілері», «Қазақ тіл білімінің антологиясы», «Өлкетану» және басқа да ондаған серия бойынша кітаптар Ғарифолла Әнестің басшылығымен жарық көріп келді.
Ол «Алаш. Алашорда» энциклопедиясын құрастырып (2009), «Қазақ» газеті. 2013 жыл», «Қазақ» газеті. 2014 жыл», «Сарыарқа» газеті. 1917 жыл» жинақтарын қазіргі жазу үлгісінде жариялады. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шара бір реттік емес. Бұйырса, музейде дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасын табады. Биылғы оқулар тақырыбын «Ғарифолла Әнес оқулары: ғалым мұрасы» деп алдық.
Ғарифолла ағаның репрессия, баспа, лингвистика тақырыбындағы еңбектеріне жеке-жеке тоқталатын боламыз, – деді ол.
«Алматы облысының музейлер бірлестігіне» қарасты бұл филиалда бүгінде 11 бөлім жұмыс істейді. Жиында «Алматы облысының музейлер бірлестігінің» директоры Талғат Құрманбекұлы сөз сөйледі.
– Ғарифолла Әнес Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ даласында жазба жәдігерлердің аздығына қарамастан, елді музейлендіру ісіндегі ерен еңбегін атап өтеді. Ол өскелең ұрпаққа мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді танытудағы рөлін айта келіп, «Ұлт мәртебесі, мемлекет мерейі түбінде бір өзіндік төл бірегей руханиятымен өлшеніп, бағаланарын еске тұтсақ, еліміз Ахмет Байтұрсынұлы мен Темірбек Жүргеновке, Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібековке қарыздар. Сол себепті де біз алдымен олардың еңбектерін жарыққа шығардық...» деген еді. Қадірлі ағамыздың өмірден өткеніне де бір жыл толыпты. Ғалымның соңында қалған мол мұрасы әр уақытта халықтың игілігіне жарап, ұрпақ кәдесіне асары сөзсіз», – деді ол.
Мейіржан Мұсабаев өз сөзінде Фарида Мамырбекқызының да еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Жаңалықта 4 мың құрбанның жатқан жері бар. Жалпы, еліміз бойынша Алаш қайраткерлеріне арнап тұрғызылған ескерткіш те Талғар ауданында орналасқан. Осы ескерткіштің бой көтеруінде Фарида Мамырбекқызы – Талғар аудандық мәдениет пен тілдерді дамыту бөлімінің басшысы ретінде зор еңбек сіңірді», – деді ол.
Ақын, публицист Жұмабай Құлиев Ғарифолла Әнес туралы тебірене естелік айтты.
– «Ғарифолла Әнес – идеялардың бартелі. Осы сәтте қаламгер Ғабдол Сланов қайтқанда ақын Тоқаш Бердияров айтқан жоқтау ойыма оралады:
«Бір өзіңде бар еді ғой мол
дарын,
Болмасаң да Сократ.
Кеше өзіңмен амандасқан
қолдарым,
Қабіріңе салып жатыр
топырақ».
Мен де, дәл сол сияқты, досымды құшақтаған қолдарыммен табытыңды көтеріп, жер қойнына бердім.
Ғарифолла Халел Досмұхамедовтің «...Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданылған тіл елге ақырында сіңбей қоймайды...» деген сөзін терең түсінді, оны өмірлік ұстанымына айналдырды. Сол сияқты Алаш арысының «Сана» журналында жарияланған «Жұлдыздарды күндіз көруге болады» атты мақаласын келтіргенді жөн көріп отырмын. Онда: «Жұлдыздарды күндіз көрген талай қырағы адамдар бар. Терең құдықтың түбінен жоғары қарағанда жұлдыздар күндіз-ақ анық көрінеді. Қалың биік ағаштардың арасынан да жұлдыздар күндіз көрінеді. Тереңнен қарағанда күн сәулесінің ауамен шағылысқаны жарытып байқалмайды. Сондықтан ауа жарығы кеміп, жойылып, жұлдыздар көріне бастайды», – деген ой айтылған еді.
Ғарифолла сондай жарқын жан болатын. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына, өлеңдеріне талдау жасаған да осы Ғарифолла. Ол тіпті Әбіш Кекілбаевтың қайда барып, кіммен жүздескенін қамтып, үшінші том етіп шығаруды да жоспарлап жүрген. Енді, амал қанша... Үміт үзбейміз, ол ойы да артынан ерген ғалым қыздары, шәкірттері арқылы көрініс табар. Зейнолла Қабдолов, Салық Зиманов, Рәбиға Сыздық, Әбіш Кекілбаевтармен бірге Ғарифолланың үйінде болған кез есімде. Ол дос, сырлас, ғалым, энциклопедист еді. Қапияда кетіп қалды. Жұмыс үстінде, өзін-өзі аямай жүріп дүниеден өтті, – деді Жұмабай Құлиев.
Ғарифолла Әнестің асыл жары, филология ғылымының докторы, профессор Бағдан Момынова көрнекті ғалымның еңбектері мен артында қалдырған мол мұрасын ерекше тебіреніспен еске алды. Оның айтуынша, Ғарифолла Әнес ұлт руханияты үшін өлшеусіз еңбек етті.
– А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов пен Х.Досмұхамедұлының еңбектерін түгендеп, алғы сөз және соңғы сөздерін жазып, бірнеше рет жарыққа шығарды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында жүріп, аштық құрбандарын анықтау, тізімдеу жұмысына атсалысты. Мемлекеттік тіл мәселесіне арналған мақалаларын баспасөз бетінде жариялап, үнемі үн қосып отырды, – деді профессор.
Бағдан Момынова ғалымның энциклопедиялық еңбектерін де атап өтті. Оның басшылығымен тұлғалық, облыстық, аудандық сипаттағы жиырмадан астам энциклопедия дайындалып, жарық көрді. Белгілі жазушыға арналған екі томдық энциклопедия, көптомдық «Махамбет» сериясы, қазақ тіл білімі тұлғалары қамтылған еңбектер, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан түрлі сөздік – соның айғағы.
– Шамамен жиырма энциклопедия жаңа бағытта шығарылды. Өте көп жұмыс істеді. Одан кейінгі атқарған еңбегі – тілге байланысты лингвистикалық зерттеулер. «Мәдени мұра» бағдарламасымен он бес томдық түсіндірме сөздігін шығарды: диалектологиялық, орфографиялық, орфоэпиялық, теңеулер сөздігі. Соны қалың оқырманға бейімдеп ұсынды. Оған көз майын тамызды. Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Сөздіктердің табиғатын түсінетін бір ғана «Арыс» баспасы бар еді. Ғарифолла ағай кеткен соң, енді сол табиғатты түсінетін баспа қалмады» деген еді. Өйткені ол әр әрпін өзі түзетіп, күзеп отыратын. Ол еш уақытта мойымайтын, бәріне риза болатын. «Әркім өз білгенін істейді ғой, жаза ма – жазсын, сөйлей ме – сөйлесін, кімнің аузына кім қақпақ болады» деп өзінің ісін істей беретін, – деді Бағдан Момынова.
Сонымен қатар ғалымның ғылыми еңбектерінің бағыттарын да жүйелеп көрсетті. Оның ішінде Әбіш Кекілбаевтың повестері мен прозасына, шағын әңгімелеріне арналған екі тараулы монография, мәтін кеңістігі мен мәтін семантикасына байланысты зерттеулері бар. Бұл еңбектерде этимологиялық талдаулар мол кездеседі. Махамбет Өтемісұлы шығармаларының текстологиясын жасап, әр сөзін жіті талдаған еңбектері жарық көрді. Қазақ тілінің тарихына қатысты бес тараулы іргелі еңбегінде этнография, этнолингвистика, ХХ ғасыр басындағы тіл тарихы мен этимологиясы қамтылды. Бұл еңбекті кейін балалары жарыққа шығарды.
Ғалымның мемлекеттік тілге қатысты ойлары мен мақалалары жинақталып, жеке кітап болып шықты. «Ana tili» газетінде қызмет еткен кезеңінде жарияланған мақалалары мен соңғы онжылдықта жазған материалдары осы жинаққа енген. Бұл еңбектерінде мемлекеттік тілді дамыту мен сақтау мәселелері терең қозғалған. Бағдан Момынова Ғарифолла Әнестің Алаш тарихына қатысты зерттеулерін де ерекше атады. Оның ішінде «Алаш тарихы – шежіре» кітабы және «Алаш. Алашорда» атты ғылыми-танымдық энциклопедиялық еңбегі бар. «Бұл дүниелердің барлығы халықтың қажетіне жарайтын қазына. Ғарифолланың артында қалдырған мол мұрасы – ұлт руханиятына қосылған өлшеусіз үлес», – деп сөзін қорытындылады профессор Бағдан Момынова.
Жазушы, филология ғылымының кандидаты Бақытбек Бәмішұлы да Ғарифолла Әнестің жасап кеткен еңбегіне тоқталды. Ол ұлт руханияты жолындағы қажырлы еңбектің шынайы бағасын беріп, ғалымның тұлғалық болмысына ерекше ықылас білдірді. Музей меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев ғалымның соңғы уақыттағы елдік істерін еске алды.
– Өткен жылы, тура қайтар алдындағы бір ай бұрын облыстық мәдениет басқармасы басшысымен жиында кітапхана салу жағын қамдастырып, кітаптарды өзі толтыратынын айтып қойған. Сондай-ақ Бейбіт Қойшыбаев аға екеуі осы Жаңалық аулындағы тұңғыш рет мешіт тұрғызу ісін қолға алды. Ғарифолла ағаның ұсынысымен мешітке «Алаш арыстары» деген атау берілді, – деді ол.
Шәңгерей Бөкеевтің ұрпағы әрі мұрагері Шолпанай Аманжолова баспагер-ғалымның өмір бойы жинаған құжаттарын цифрландыру туралы ұсыныс білдірді. «Бұл болашақ алаштанушылар үшін таптырмас ғылыми жұмыстың өзегі болмақ еді», – деді ол. Жиын соңында ақын Әділет Ахметұлы ғалымға арнаған «Тағы келемін!..» атты өлеңін оқып берді.
Ол «дұға қабыл болып, қайраткер ағамыздың нұры пейіште шалқысын» деген тілегін білдірді.
Айта кетейік, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры ретінде Ғарифолла Әнес жас ғалымдарға жол көрсетіп, адалдық пен әділеттілік құндылықтарын дәріптеуді мақсат етті. Университет студенттеріне дәріс оқып, ғылыми орта өкілдерімен кездесіп, өз ұсыныстарын білдіріп, жобаларға кеңес берді. Ғалым есімін ұлықтау үшін университеттің ғылыми кеңесі 2025–2026 оқу жылында арнайы «Ғарифолла Әнес атындағы аудитория» ашуды жоспарлап отыр.
Әзірлеген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
«Ана тілі»
559 рет
көрсетілді0
пікір






