- Құмсағат
- 16 Қыркүйек, 2025
«Ақ бидай–2025» ауыл спорты ойындары салтанатты түрде ашылды
2025 жылғы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты «Үшқоңыр» спорт кешенінде VIII республикалық «Ақ бидай–2025» ауыл спорты ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталған шараға еліміздің 17 облысынан келген командалар қатысып, салтанатты шерумен жүріп өтті. Рәсім барысында «Ақ бидай» ойындарының ресми жалауы көтерілді.
Төрт жылда бір рет өтетін республикалық спорттық жобаға биыл 2000-ға жуық спортшы қатысуда. Олар командалық және жекелей сындарда 20 спорт түрі бойынша өзара бақ сынасып, мықтыны анықтайды.
Әр өңірдің командасы аудандық деңгейде жыл сайын ұйымдастырылатын «Ақ бидай» іріктеу сайыстары арқылы таңдалып, республикалық кезеңде өз өңірінің намысын қорғайды.
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысушыларға сәттілік тілеп, ауылдық спорттың ел болашағы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
“Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар, қонақтар!
Сіздерді ауыл спортын дәріптейтін, салауатты өмір салтын насихаттайтын дәстүрлі «Ақ бидай» спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл дода – елдің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшыларын бір арнаға тоғыстырып, шеберлік пен достықтың, бірлік пен ынтымақтың символына айналған ауқымды шара. Биылғы жарысқа 2000-ға жуық спортшы қатысып отыр – бұл ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Алматы облысында бұқаралық спортты дамыту – басты басымдықтың бірі. Бүгінде 25 мыңнан астам спортшы 67 спорт түрімен тұрақты айналысады.
Соңғы жылдары облыста жаңа спорт нысандары салынып, халықаралық деңгейдегі футбол академиясы ашылды. Мұның барлығы – жас спортшыларға қолдау көрсетудің, болашақ чемпиондарға жол ашудың нақты нәтижесі. «Ақ бидай» – тек жарыс емес, бұл – ауылдан шыққан дарынды жастарды танытатын үлкен алаң. Барша қатысушыларға сәттілік, жарқын жеңіс пен жарасымды жарыс тілеймін!” – деді ол.
Париж Олимпиадасының алтын жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметов «Ақ бидай–2025» ойындарының ашылу рәсіміне алғаш рет қатысып отырғанын айтты. Оның айтуынша, атмосферасы ерекше әсерлі – көтеріңкі көңіл күй, жанкүйерлердің қошеметі, спортшылардың салтанатты шеруі шын мәнінде шағын қазақы олимпиаданың ашылуын елестеткен. Сондай-ақ ол бағдарламада ұлттық спорт түрлеріне, әсіресе қазақ күресіне басымдық берілгені көңіл қуантатынын атап өтті. Елдос Сметов бұл доданы тек жарыс емес, халқымыздың рухани байлығы мен төл мәдениетін дәріптейтін маңызды алаң деп бағалады.
Чемпион қазақ спорты тарихындағы көптеген даңқты спортшылардың ауылдан шыққанын еске алып, мұндай сайыстар ауыл жастарына дұрыс бағыт таңдап, спортта және өмірде биік белестерге жетуге жол ашатынын жеткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров «Ақ бидай» ойындарының күз айында өтуі тегін емес екенін айтты. Кеңес дәуірінде де дәл осы мезгілде ауыл халқы спорттық шаралар арқылы бас қосатын дәстүр болғанын еске салды. Оның сөзінше, тәуелсіздік жылдарында бұл дәстүр жалғасын тауып, ойындар биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Ардақ Назаров ашылу рәсіміне арнайы қатысып, бұл шараны ауыл жастарына берілген үлкен мүмкіндік деп атады. Ол 10 күн бойы спортшылар 20 спорт түрінен сайысып, елге танымал чемпион атануға жол ашатынын атап өтті. Депутат ертеңгі күннің чемпиондары дәл осындай алаңдарда шыңдалатынын айтты.
Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Достықұлы Таңатаров «Ақ бидай–2025» республикалық ауыл спорт ойындарын ауыл жастарына арналған үлкен мүмкіндік деп бағалады. Ол Президенттің бұқаралық спорттың маңызын үнемі атап өтетінін, бұл – ұлт саулығының кепілі екенін айтты. Таңатаров ауылдан шыққан көптеген чемпиондардың бүгінде ел намысын қорғап жүргенін тілге тиек етіп, бұл доданы сол рухты жалғастырушы алаң деп атады. Сонымен қатар, жүлдегерлерге спорт шебері атағының берілуі үлкен мотивация екенін жеткізіп, барлық командаларға сәттілік тіледі.
320 рет
көрсетілді0
пікір






