Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 22 Қыркүйек, 2025

Ұлт руханиятының алтын діңгегі – кітапхана

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызымен болған әңгіме барысында сөрелерге тізілген кітаптар турасында ғана емес, тұтас қоғамның мәдени болашағы жайында ой қозғадық. Кейінгі жылдары Қазақстанда ауыл кітапханаларын жаңғыртуға ерекше серпін беріліп отыр. Жобаның рухани кеңістікті қайта түлетіп, заманауи технология мен ұлттық құндылықты сабақтастыруға бағытталған тың қадам екенін айта кеткен жөн. Кітапхананың жаңа бейнесі – коворкинг пен цифрлық алаңды, балаларға арналған шығармашылық ортаны, әлемдік тәжірибеге ашылған терезені қамтитын тұтас мәдени экожүйе.


– Соңғы кездері ауыл кітапханаларын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Алдымен осы бастаманың басты мақсаты мен қоғам үшін мәні неде екеніне тоқталсақ. 
– Иә, ауылдық жерлердегі кітапханаларды жаңғырту қоғамның рухани әлеуетін көтерудің маңызды бағыты болып отыр. Осы мақсатта облыс бойынша 30 кітапхана «Қазақстан халқына» қоры арқылы модернизациялау жоспарына енгізілді. Бастама кітапхана қызметін жаңа деңгейге шығарып, тұрғындарға заманауи әрі қолжетімді мәдени-оқу ортасын ұсынуды көздейді. Көктемде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында Қонаев қалалық кітапханасының модернизациядан кейінгі ашылу салтанаты өтті. Жаңа бейнеге енген кітапхана қазірдің өзінде қала тұрғындарының сүйікті мәдени орталығына айналып үлгерді. Қазіргі таңда Шелек ауылдық модульдық кітап­ханасында, әл-Фараби атындағы Ұйғыр аудандық кітапханасында және Жандосов ауылдық кітапханасында ауқымды жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша бұл нысанның барлығы қазан айының соңына дейін толығымен аяқталады. Жаңғыртылған кітапханаларда тек қана кітап қоры мен оқу залдары емес, сонымен бірге коворкинг аймақ, балаларға арналған шығармашылық бөлме, цифрлық ресурстарға қол жеткізу бұрышы қарастырылған. Бұл – ауыл жастары мен тұрғындарының білімге, мәдениетке және жаңа идеяға деген қолжетімділігін арттыруға бағытталған қадам.
– Кітапханалардың бір-бірімен серіктестігі қаншалықты маңызды? Сіздер бүгінде қандай іскерлік және мәдени байланыстар орнатып отырсыздар?
– Ұлттық кітапхана, Алматы қалалық кітапханалар жүйесі, облыстық және аудандық кітапханаларымен тұрақты түрде бірлесе жұмыс істейміз. Бұл серіктестіктің аясында бірлескен іс-шара, кәсіби-іскерлік бағыттағы семинар, оқырманға арналған мәдени бағдарлама ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында мамандардың біліктілігін арттыру курсы мен тағылымдама өткізіліп келеді. Халықаралық әріптестік те басты назарда екенін айта кетейін. Шетелдік кітапханалармен онлайн кездесу және бірлескен жобаларды дамытуға жұмыс жасап жатырмыз. IFLA конгресінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген кітапхана саласының өкілдерімен байланыс орнатып, болашақта жүзеге асырылатын ортақ жобаға уағдаластық. Бұл – біздің кітапхана үшін әлемдік деңгейдегі тәжірибені меңгеріп, заманауи бағыттарды енгізуге үлкен мүмкіндік.
– Биыл Астанада алғаш рет өткен ха­лықаралық IFLA конгресі Қазақ­стан кітапханашылары үшін үлкен оқиға болды. Сіз үшін бұл бас қосу қандай жаңа идеяның дүниеге келуіне сеп болды?
– Астанада өткен халықаралық IFLA конгресі Қазақстан кітапханашылары үшін тарихи оқиға болды. Өйткені мұндай деңгейдегі жиын Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестерімізбен бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасу бізге үлкен серпін бергені рас. Бұл конгресте жалпы кітапхана болашағы, цифрлық ресурстарды дамыту, жасанды интеллектіні пайдалану, сирек қорларды сақтау сияқты өзекті тақырып талқыланды. Бізге әсіресе ауылдық жерлердегі кітапханаларды жаңғырту мәселесі маңызды. Сол бағытта әлемдік озық тәжірибелерді тыңдап, өзімізге тиімді тәсілдерді белгіледік. Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы үшін IFLA жаңа идеялар алаңы ғана емес, сонымен бірге халықаралық серіктестікке жол ашқан маңызды баспалдақ болды. Алдағы уақытта осы тәжірибені өңіріміздегі оқырманның игілігіне пайдалану – басты мақсат.
– Кітапхананың қоғамдағы қазіргі миссиясын қалай сипаттар едіңіз?
– Кітапхана – білім ошағы ғана емес, рухани құндылықтар мен мәдениеттің тоғысқан орталығы. Басты миссиямыз, мақсатымыз да сол – қоғамға сапалы ақпарат ұсынып, ұлттық мәдениет пен әдебиетті дәріптеу, оқырманға шығармашылық орта қалыптастыру. Кітапханамызда 20–30 жыл тәжірибесі бар мамандар бар, қызметіне адал, ісіне тиянақты. Кітапхана жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың мәдени-рухани деңгейін көтеруге бағытталған түрлі жобаны жүзеге асырады. Әдеби кеш, ашық дәріс пен шеберлік сабағын көптеп өткізіп тұрамыз. Бұл бағыттағы жұмыс қоғамның сұранысына сай дамып, кітапхананы нағыз интеллектуалдық және мәдени орталыққа айналдырып отыр. Бүгінгі миссиямыз – дәстүрлі кітап оқуды заманауи технологиялармен ұштастырып, ақпарат кеңістігінде сенімді әрі қолжетімді ортаны қалыптастыру. Яғни біз тек өткен мұраны сақтап қана қоймай, болашақ ұрпақтың рухани-мәдени дамуына ықпал ететін заманауи көпсалалы орталық ретінде қызмет атқарып келеміз.
– Қоғамдағы рухани құндылық­тарға деген сұраныс өзгеріп, түрленіп келеді. Осы өзгерістерге бейімделу үшін кітапхана қандай бағыттарды басты назарға алып отыр?
– Біз цифрландыру, инновациялық жобалар, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және ұлттық құндылықтарды жаңа форматта ұсыну бағыттарына ерекше назар аударып отырмыз. Бұл – қазіргі заманның басты талабы. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық технологиялардың жаһандық еңбек нарығын өзгертіп жатқанын атап өтті. Әсіресе жасанды интеллектіні меңгерген мамандарға сұраныстың артып келе жатқанын айтты. Сол себепті мемлекетіміз «AI-Sana» бағдарламасы арқылы студенттерді жоғары технологиялық жобаларға тартуды бастап, мектеп қабырғасынан жасанды интеллект негіздерін үйрету қажеттігін алға қойды. Сондай-ақ «Qazaq Digital Mektebi» жобасы арқылы ауылдағы балаларға да сапалы білім қолжетімді болуға тиіс екенін баса айтты. Біз кітапхана саласында да осы бастамаларды қолдап, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді өзіміздің басты міндетіміздің бірі деп білеміз. 
– Кітапхана қазіргі жастарға қандай құндылық бере алуда деп ойлайсыз?
– Жастар үшін кітапхана – білім көзі, еркін ой алаңы және мәдениеттану мектебі. Біз Мағжан сеніп кеткен білімді де қайратты жастарға ұлттық рухани мұраны, заманауи ақпаратты және шығармашылыққа жол ашатын орта ұсынамыз. Ол қай кезеңде болсын, солай болып қалады. Бұл құндылық еш уақытта өзгермейді. 
– Қазіргі жастардың кітапханаға келу мәдениеті қандай сипатта? Олар қандай кітапты көбірек іздейді?
– Жастар кітапханаға тек оқуға емес, өзін-өзі дамытуға, түрлі іс-шараға қатысуға келеді. Сұранысқа келсек, жастар көбіне психология, мотивация, бизнес, ІТ саласындағы кітаптарды құмарта оқиды. Сонымен қатар заманауи қазақ әдебиетіне қызығушылық та жоғары. Әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып жүрген еңбектердің ықпалы зор – мысалы, «Отбасы хрестоматиясы» мен Steppe&World сынды алдыңғы қатарлы баспалардың кітап өнімдері жиі сұранысқа ие. Бұған қоса, шетелдік авторлардың тұлғалық даму, көшбасшылық, қарым-қатынас мәдениеті тақырыбындағы еңбектері де көп оқылады.
– Жастарды кітапхана әлеміне тарту үшін қандай жаңа жобалар, іс-шаралар ұйымдастырылып жүр?
– Әдеби кеш, поэтикалық кездесу, қоғам белсенділерімен сұқбат, ашық дәріс пен түрлі байқау өткізіп келеміз. Сонымен қатар шығармашылық клуб пен тұрақты оқырман клубын құру, жастарға арналған подкаст жобасын іске қосу бағытында дайындық жүргізіп жатырмыз. Филолог, аудармашы, «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы Назгүл Қожабектің ашық дәрісі, 10 қыркүйекте жазушы Төлен Қаупынбайұлын еске алуға арналған «Ұрпаққа ұласқан аманат» кеші ұйымдастырылып, жазушының қызы Елдана Төленқызының «Қыз мұңы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар мен студент-жастар қатысты. 12 қыркүйекте Қапшағай көлінің жағасында Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығына арналған «Махаббат портында жүздес­кенше!» атты поэтикалық кеш өтті. Оған Қазақстанның халық ақыны Ұлықбек Есдәулет, белгілі ақындар мен өнер майталмандары қатысып, жастарға рухани мол әсер сыйлады. Осындай жобалар кітапхананы жастар үшін тек оқу орны ғана емес, шығармашылыққа, еркін ойға, рухани өрлеуге жол ашатын мәдени орталық ретінде танытып отыр.
– Электронды кітапхана жүйесін дамыту ісі қалай жүзеге асып жатыр? Қазір қанша оқырман электронды фор­маттағы қызметті пайдаланып жүр?
– Кітапхана ісін заманауи технология­лармен дамытуға ерекше көңіл бөлініп жүр. Біздің мекемеде «САБ ИРБИС64+» автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық жүйесі енгізілді. «САБ ИРБИС64+» – кітапхана ісінің барлық негізгі үдерісін автоматтандыруға арналған көпфункция­лы бағдарламалық кешен. Ол жинақтау, жүйелеу, каталогтеу, оқырмандық іздеу, кітап беру және әкімшілендіру қызметтерін қамтиды. Жақында ғана Ресейден арнайы Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасына сол автоматтандырылған кітапхана – ақпараттық жүйесінің мамандары келді. Кездесу барысында қазіргі жұмыс жүйесіне енгізілген жаңартулар мен өзгертулер талқыланып, қызмет сапасын арттыруға бағытталған шешімдер қабылданды. Ең бастысы, қуанышты жаңалық – енді бұл жүйе Қазақстанда «БАРЫС» атауымен ресми түрде қолданылатын болады. Бүгінде аталған құрал Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Украина және Өзбекстан елдерінде де кеңінен пайдаланылып келеді.
– Қазақ әдебиеті мен руханиятын насихаттау – әрбір кітапхананың абыройлы міндеті. Сіз басқарып отырған ұжым осы бағытта қандай бастамаларға мұрындық болып отыр? 
– Мектеп оқушыларымен де тығыз жұмыс істейміз. Әлеуметтік желіде қазақ әдебиеттері кітаптарының насихатталуынан, әдеби кездесулерден бөлек, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында балалар үшін жазғы лагерьлерде кітап оқу сағаты, әдеби ойын, ертегі театры ұйымдастырылады. Қонаев қаласындағы «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагері – біздің басты серіктесіміз. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған тағылымды іс-шаралар да осы бағытқа негіз болды. Сонымен бірге мектеп оқушыларының арасында «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Тез оқуды үйренейік» және «Мақал – сөздің мәйегі» байқауы апта сайын өткізіледі. Бұл іс-шаралар балаларды кітапқа жақындатып қана қоймай, олардың ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңіруіне де ықпал етеді. 
– Облыстық кітапхана қорында жергілікті авторлардың шығармалары қаншалықты қамтылған? Оларды оқырманға кеңінен таныту үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Облыстық кітапхана қорында 2 678 735 кітап бар. Оның ішінде жергілікті авторлардың шығармасы айрықша орын алады. Қор тоқсан сайын жаңа басылымдармен толықтырылып, тұрақты түрде жаңартылып отырады. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен келетін кітаптармен қатар, оқырман мен авторлардың сыйға тартқан еңбегі де қорымызды байыта түседі. Жергілікті қаламгерлердің еңбегін оқырманға кеңінен таныту үшін кітап көрмесі, әдеби кеш, тұсаукесер рәсімі, авторлармен кездесу тұрақты түрде ұйымдастырылады. 
– Классикалық қазақ әдебиеті үлгілерін заманауи форматта ұсыну (аудиокітап, подкаст, онлайн клуб) жоспарыңызда бар ма?
– Әрине, қазақ классикасын заманауи форматта ұсыну – алға қойған жоспарымыздың ішінде бар. Қазірдің өзінде кітапханада подкаст түсіруге арналған арнайы орын жабдықталып жатыр. Жақын уақытта осы жобаны іске қосамыз. Сонымен қатар оқырман клубтарын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Мұндай форматтар жастарға ғана емес, жалпы көпшілік қауымға қазақ әдебиетін жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
– Кітапханаға келген әрбір оқырман үшін қолайлы жағдай жасау – басты талап. 
– Кітапханаға келген әрбір оқырманға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Кейінгі жылдары осы бағытта бірқатар өзгеріс енгізілді. Ең алдымен, техникалық жабдықтарға мән бердік. Өйткені олар оқырман үшін басты қолайлылықтың бірі саналады. Қазір оқу жылы басталғалы студенттер, оқушылар мен мұғалімдердің келуі артып отыр. Үлкен оқу залдарында жайлы орын қарастырылған. Ал оқырманға қызмет көрсету бөлімінің мамандары қолайлы орта қалыптастырудың қыр-сырын жақсы меңгерген. Сондықтан келушілеріміз әрдайым ризашылығын білдіреді.
– Ауыл-аймақ тұрғындары үшін кітапхана қорына қолжетімділікті арттырудың қандай тиімді жолдары қарас­тырылып жатыр? Мобильді кітапхана немесе онлайн сервис жүйесін дамыту ойда бар ма?
– Иә, ауыл-аймақ тұрғындары үшін қолжетімділікті арттыру – біздің басты назарымыздағы бағыттардың бірі. Қазір мобильді кітапхана жобасын ұйымдас­тырып жатырмыз. Бұл жоба шалғай ауылға барып, кітап қорын оқырманға жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар онлайн тапсырыс беру арқылы қажетті кітаптарға қол жеткізе алады. Қазірдің өзінде осы тәжірибе іс жүзінде қолданылып, жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
– Кітапханашының кәсіби деңгейін көтеру мақсатында қандай курс, тағылымдама ұйымдастырылады? 
– Кітапханашы қызметкер рөлін атқармайды, ол сондай-ақ ағартушы тұлға. Сондықтан біз ұжымдағы әрбір маманның жаңа заман талабына сай бейімделуі үшін жағдай жасауға тырысамыз. Қызметкерлеріміздің заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік беріп, шығармашылық бастамаларын қолдаймыз. Түрлі семинар, курс пен тәжірибе алмасу алаңдарына қатыстыру арқылы біліктілігін арттыруға жағдай жасаймыз. Өзім де ұжым қызметкерлеріне үлгі болуды мақсат тұтамын. Біздің ұжымда заманауи ойлайтын, жаңашылдыққа құштар мамандар бар. Олар бастамамыз­ды қолдап қана қоймай, жаңа идеяларды іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Бұл – кітапхананың да, оқырманның да дамуына оң әсерін тигізеді. Біздің кітап­ханашыларымыз үшін үздіксіз кәсіби даму – басты басымдықтың бірі. Осы мақсатта түрлі семинар, онлайн курс, тәжірибе алмасу тағылымдамасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мәселен, биыл республика көлемінде тәжірибе алмасу мақсатында мамандарымыз Өскемен, Түркістан, Атырау, Астана қалаларында өткен форумдар мен тәжірибелік семинарларға қатысып, сол жинақтаған тәжірибелерін облыстық деңгейде аудандық, ауылдық кітапханашыларға үйретіп келеді. Осылайша, кәсіби тізбек қалыптасып, қызмет сапасы да артып келеді. Қуаныштысы, жалақы мәселесі де біртіндеп жақсарып келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйе­лі түрде жалғасады. Мәселен, қыркүйек пен желтоқсан айларына жоспарланған семинар-тренинг пен тәжірибелік сабақта кітапханашылар қоғаммен байланыс және әлеуметтік жобалар, PR, SMM және заманауи жобалық менеджмент, мобилография өнері, каталогтеу және дерекқорлармен жұмыс, оқырманға қызмет көрсетудің жаңа форматтары, көрмелерді безендіру тәжірибесі, сирек кітаптарды сақтау әдістері сияқты тақырыптарды меңгереді. Жыл соңында «Жобаларды қорғау, тәжірибе алмасу және сертификат табыстау» атты қорытынды сессия өткізу жоспарланған.
– Жас мамандарды кітапхана ісіне тарту үшін қандай ынталандыру шаралары қарастырылған?
– Жас мамандарға шығармашылық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, кәсіби дамуына қолдау көрсетеміз. Алайда қазіргі заман талабына сай қажет мамандарды – SMM-менеджер, мобилограф, дизайнер, таргетологтерді кітапхана ісіне тарту оңайға соқпай тұр. Себебі олар бір жобадан алатын қаржыны біз айлық көлемінде ғана ұсынып отырмыз. Бұл мәселе сала мамандары тарапынан жиі көтеріліп жүр. Егер осы бағытқа жүйе­лі қолдау көрсетілсе, кітапханалар да заман ағымына сай жаңа серпін алар еді. Болашақта бұл түйткілдің шешімін табарына сенеміз.
– Алдағы 5–10 жылда облыстық орталық әмбебап кітапхананы қандай деңгейде елестетесіз?
– Кітапханамызда жаңа цифрлық сервистер, подкаст және медиастудиялар, онлайн оқырман клубтары жұмыс істейді деп сенемін. Сонымен бірге халықаралық әріптестік арқылы тәжірибе алмасып, әлемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асыратын орталыққа айналу басты мақсатымыздың бірі. Яғни болашақтағы кітапхана білім, мәдениет, инновация мен ұлттық құндылықтар тоғысқан ашық кеңістік болады.
– Әрбір оқырманға қандай ізгілікті сіңіруді армандайсыз?
– Әрбір оқырман кітапханадан рухани күш алып, білімге құштар болып, титімдей жақсылық қылуға шабыттанып шықса, біздің ең үлкен жетістігіміз сол. Себебі әлемнің тыныштығы адамзаттың өзара тату-тәтті тұрмысында жатыр. Кітапхана – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол ашатын рухани көпір.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

«Ана тілі»

2264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз