Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 22 Қыркүйек, 2025

Алматы қорығында апталық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді

Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында апталық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Таудың күрделі аймағындағы жерге қорық қызметкерлерін «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімінің мамандары тікұшақ көмегімен тасымалдады. Бұл туралы kazgazeta.kz тілшісі хабарлайды.

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы - жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлеміне бай. Сондықтан бұл аумақта тек ғылыми зерттеу жұмыстары жолға қойылған. Іле Алатауының ең биік нүктесі саналатын Талғар шыңы да қорықтың аумағына кіреді. Ал ол жаққа ғылыми топтың сапарын «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімімен бірлесіп орындайды. Ұшу сапарында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімінің басшысы Бекзат Байшалов мұндай шаралар Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасы негізінде жүзеге асатын жауапты шара екенін баяндап берді.

Шелек өзенінің бастауында бір аптаға жуық бақылау, күзету, рейд жұмыстарымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген қорықшы Аманбол Сайлауханұлының айтуынша, қорық аумағында фототұзақтардан сібір тау ешкісі, гималай аюы, қасқыр тіркеліпті. Тіпті қасқырлар ғылыми-зерттеу тобының шатырына дейін жақындапты.

Биік таулы аймаққа ғылыми топты жеткізіп, қайтып алып қайту жұмыстарын «Қазавиақұтқару» қызметінің Ми-8 тікұшағымен орындалды. Әуе жұмыстарын тікұшақ командирі Арман Дәулетбеков, ұшқыш-инструктор Өміржан Асанғалиев, екінші ұшқыш-Серік Кажагулов, бороператор Молотжан Дуганов, бортмехник-Азамат Сұлтанбаев бастаған білікті мамандар орындады.

Аманбол Сайлауханұлы, Алматы қорығының аға ғылыми қызметкері:

-Осы жолғы сапарымыз қиын болды. Тауда 3 күн тұман түсті, жұма күні 10 см қар жауды. Бұл жұмысымызға үлкен кедергі болды. Күн ашылғаннан кейін, бір күнде ең көбі - 22 км жерді араладық. Көлсай көлдері ұлттық мемлекеттік паркінің шекарасына дейін түстік. Тағы бір мақсатымыз Қызыл кітапқа енген Тянь-Шань сибиркасы өсімдігін іздеу болды. 1940 жылы Шелек өзені бойынан осы өсімдіктің кеппешөбі дайындалыпты. Бірақ, бұл зерттеу апталығында аталған өсімдікті таба алмадық. Ал қорық аумағында заңбұзушылықтар тіркелмеді. Енді бұл ғылыми жұмыстарды келесі жылы көктемде қайта жалғастыру жоспарымызда бар.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

2684 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз