Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 26 Қыркүйек, 2025

«Байлыққа бағытталған сана» феномені: мотивация және иллюзия

Қазіргі жастар арасында ерекше құбылыс бар: олар қалтасында ақшасы аз болса да, таксимен жүруге, қымбат кафелерге баруға, сәнді киінуге тырысады. Мұның бәрін олар «өзімізді байлыққа дайындап жатырмыз», «байлыққа бағытталған сана (богатое мышление)» деп түсіндіреді. Бұл құбылысты психологтар қалай бағалайды? Ол шынайы нәтиже бере ме, әлде иллюзия ма? Бүгінгі мақалада осы мәселеге үңілеміз.

СЕБЕП – ӘЛЕУМЕТТІК-ҚОҒАМДЫҚ ҚАЙШЫЛЫҚ

Кеңес заманы тұсында «кедей болу», «жұртпен бірдей болу» тренд болатын. Танымал адамдардың өмірдерегі «кедей отбасынан шыққан» деп басталатын еді. Қызыл өкімет тараған тұста халық осы санадан арылып, байлыққа ұмтыла бастады. Дегенмен сол өкіметтің тәрбиесін көрген ұрпақ санасында үлкен қорқыныш қалды. Өйткені олардың жинаған ақшасы құнсызданып, түкке жарамсыз болып шықты. Құламайды деп сенген мемлекет тас-талқан болды. Осындай тарихи оқиғаларды бастан өткерген ұрпақ ертеңіне сенуден қалған болатын. Сондықтан бар тапқанын «ертеңге» деп сақтады. Яғни бұл ұрпақ өзі үшін дәл осы уақытта өмір сүру, осы сәттен ләззат алу дегенді ысырып тастады. Бірақ бұл қағида олардың ұрпағының қытығына тиетін. Осылай Z деп аталатын ұрпақ өсіп шықты. Кейбір тұстарда 1995 жылдан кейін туған ұрпақты осылай атаса, кейбір деректер бұл атауды 2000 жылдан кейінгі ұрпаққа телиді. Мұндай құбылыс бір ғана біздің елде емес, тұтас посткеңестік елдерде бар. Әлеуметтік, қоғамдық қайшылықтар негізінде пайда болған «байлыққа бағытталған саналы» ұрпақ. Олардың санасындағы байлыққа жету «логикасын» 6 түрлі себеппен түсіндіруге тырысады психологтар.

1. «Байлыққа дайындық» идеясы
Z ұрпағы арасында кең тараған түсінік. Адам өзін қалай ұстаса, ол солай өмір сүреді. Психологияда мұны visualization (көз алдына елестету) және manifestation (тілек-мұратты оймен шақыру) деген екі термин түсіндіреді. Жастар өзін бай сезіну арқылы «соған бейімделіп жатырмыз» деп ойлайды. Бұл тәсіл ішкі сенімді арттыруы мүмкін. Бірақ психологтар мұндай тәсіл еңбек, нақты әрекетпен қатар жүргенде ғана нәтиже беретінін айтады.

2. Әлеуметтік желілер ықпалы
Instagram, TikTok сияқты платформалар сәнді өмірді – байлықтың шынайы көрінісі ретінде көрсетеді. Яки жастар үшін бай болу емес, бай болып көріну маңыздырақ. Әдемі локацияда түскен сурет, бренд киім – әлеуметтік капитал жинаудың бір тәсілі. Осылай жастар арасында «болу» емес, «көріну мәдениеті» (culture of appearance) басымдыққа шықты. Бұл жағдайда психологиялық тұрғыда салыстыру синдромы (status anxiety) пайда болады: адам өзін үнемі өзгемен салыстырып, соған ұқсағысы келеді.

3. Статустық демонстрация
Қазақстан қоғамында «кедейлікті көрсету» – ұят, ал «байлықты көрсету» – мәртебе. Осыдан жастар өзін жоғары көрсету үшін таксиге көп ақша жұмсайды, бренд киім алады (кейде қарызға да), қымбат мейрамханаларға барып әлеуметтік желіге сурет жүктейді. Психологтар мұны «әлеуметтік рөлді ойнау» деп түсіндіреді, яғни жас адам өзін қоғамда «жоғары таптың» өкілі ретінде сезінгісі келеді.

4. Эмоция мен тәжірибені бірінші орынға қою
Z ұрпағы үшін материалдық мүлікке қарағанда әсер-сезім маңызды. Қымбат кофеханаға бару – бір сәттік қуаныш. Олар осылай өздерінің ішкі тұтынушысын қанағаттандырып отырады. Психологтар бұны hedonistic lifestyle деп атайды, яғни «қазір ләззат ал, болашағыңды ойлама». Бірақ бұл ұзақ мерзімді мақсаттарға зиян тигізуі мүмкін.

5. Экономикалық қайшылық
Жастар үшін пәтер, көлік сияқты ірі мүліктердің ауылы алыс көрінеді. Өйткені олар ақша жинап, өзін кейбір қалауларынан тиып үйренбеген. Сондықтан олар қолындағы аз қаражатты «кішкентай байлық белгілеріне» жұмсайды: бренд, такси, кофеханалар мен қымбат мейрамханалар...
Бұл – фрустрациядан құтылудың тәсілі. Яғни адамның ішкі қалауы мен шынайы мүмкіндігі сәйкес келмей қалғанда пайда болатын психикалық жағдайдан қашады. Психологтар бұны «қазіргі таңда қанағаттану» стратегиясы дейді.

6. Жалған байлық мәдениеті
«Кредитке телефон алу», «ақша болмаса да бренд кию» – символикалық байлық. Ол шынайы өмірде тұрақты нәтиже бермейді. Психологтар «мұндай мінез-құлық уақытша мотивация береді, бірақ нақты дамуға алып келмейді» дейді. Уақыт өте қарызы ұлғайып, күйзеліске түсіп, өз-өзіне реніш туындайды.

ДҰРЫС ПА, БҰРЫС ПА?

Бұл сұраққа толық жауап беру қиын. Бірақ құбылыстың екі жағын қарастыру керек. Мысалы жоғарыда айтып өткен Z ұрпақ мінезінің төмендегідей жақсы жақтарын айтуға болады:
-    Өзін жоғары ұстау сенімді арттырады;
-    Мотивация береді.
-    Өмірден ләззат алуды үйретеді.
Жағымсыз жақтары тағы бар: 
-    Қаржылық сауатсыздықты қалыптастырады.
-    Шынайы еңбек пен нәтиже орнына «көрініс» бірінші орынға шығады.
-    Қарызға, жалған өмірге тәуелді қылады.

ШЫНАЙЫ НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ?

Психологтар бұл мәселеге бір жақты, анық жауап береді: Егер «байлыққа бағытталған сана» еңбек, білім, кәсіп, нақты жоспармен қатар жүрсе – нәтиже береді. Егер ол тек көрініс үшін ғана қолданылса – онда ол иллюзия болып қала бермек.

ӘЛЕМДІК МАСШТАБ

Бір қызығы, Z ұрпақтың мұндай мінезі посткеңестік елдерде ғана емес, әлемдік масштабта байқалады. Мысалы, АҚШ пен Батыс Еуропада Z ұрпағы «fake it till you make it» (жеткенше солай көрін) қағидасына сүйенеді. Жастар қымбат кофеханаларға барып, брендті жалға алып (rental luxury), әлеуметтік желіде өзін «бай» етіп көрсетеді. Азияда (Жапония, Корея, Қытай) «status consumption» – мәртебелік тұтыну құбылысы өте күшті. Мысалы, Қытайда жастарды «moonlight clan» (ай сәулесінің кланы – айдың соңына дейін ақшасын тауысып қоятындар) деп атайды. Латын Америкасында да «байлықты көрсету» трендке айналған. TikTok пен Instagram-да сәнді өмір бейнелері басты мәдениетке айналып отыр. Байқап отырғанымыздай, бұл біздің елдегі әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтардан ғана туындаған құбылыс емес. Әлемдік жастардың санасы осы бағытта ылдилап барады. Сондықтан бұл құбылысты әлеуметтік желілердің дамуымен және ондағы «көріністермен» толық түсіндіруге болатын шығар.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2025

1988 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз