Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 01 Қазан, 2025

Кітаппен кеңейген көкжиек

2024-2025 оқу жылы мен үшін ерекше есте қалды. Себебі дәл осы жылы мектебімізде «Бәйтерек» кітапхана клубы» жобасы іске асып, менің кітапқа деген көзқарасымды өзгертті. Бұл жай ғана кітап оқу жобасы емес, терең ойлануға, пікір айтуға, әдебиетпен шынайы жүздесуге мүмкіндік берді.
 

Жоба ұйымдастырушысы Марал Үйсінбайқызының қатысуымен, ай сайын бір кітапты таңдап оқимыз, сосын талқылаймыз. Талқылау сәтінде әр оқырман өз ойын ашық айтып, әсерлерін жеткізіп, сабақ та алып жатады. «Бәйтерек» кітапхана клубының бұл оң қадамын қолдаған демеуші – Нұржан Хасан мырза оқушылардың талпынысына сый-сияпат көрсетіп отырды.
Жобаның аясында бірнеше маңызды кітаппен таныстым. Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», С.Елубаевтың «Ақ боз үй», Дулат Исабековтің «Қарғын» романдары мен «Қаныш және ғылыми майдан» кітабын оқыдым. Аталған шығармалардың әрқайсысы жеке әлем, өзінше бір мектеп болды. 
Отбасы хрестоматиясы-ның «Қаныш және ғылыми майдан» кітабында Қаныш атамыздың болмысы, өмір жолы, ғылым жолындағы ерліктерін оқып, білу арқылы бойымызға күш біткендей болды. 
«Қамар сұлу» туындысы – әділетсіздік пен ескі көзқарастың құрбаны болған қыз тағдыры арқылы терең ойға қалдырды. Қоғамның, дәуірдің адам тағдырына қалай ықпал ететінін алғаш рет шынайы сезіндім.
«Қартқожа» – білім мен еркіндікке деген құштарлықтың қандай болатынын көрсетті. Қартқожаның қарапайым баладан саналы азаматқа айналу жолы – бүгінгі жастарға үлкен үлгі.
«Қарғын» – ішкі жан қайшылығына толы күрделі кейіпкерлері арқылы бүгінгі қоғамның көлеңкелі тұстарын ашып берді. Адам табиғатын, жалғыздықты, рухани тоқырауды тереңінен түсінуге сеп болды.
«Ақ боз үй» – ашаршылық кезеңін бейнелеуімен жүрекке ауыр тиді. Бұл кітап – өткенімізге көз жүгіртіп, оны ұмытпауға үндейтін шығарма.
Клуб аясында әр кітаптан кейін пікірталас ұйымдастырылып, сәйкесінше оқушылар сыйлықтар алды. Әр оқырманның көзқарасы – бір кітапты әртүрлі қырынан түсінуге үйретеді. Ең бастысы – ойымды еркін айтуға, талдау жасауға, пікірге сыйластықпен қарауға машықтандым. Бұл – болашақта үлкен өмірге қажетті аса маңызды дағдылар.
 

 

Марал ҮЙСІНБАЙҚЫЗЫ,  жоба ұйымдастырушы: 

ӘДЕБИЕТ – АДАМНЫҢ ІШКІ МӘДЕНИЕТІН ӨСІРЕТІН ҚҰРАЛ

– Сіздің ойыңызша, бұл жобаның ең үлкен жетістігі не болды?
– Кей балалар өздерін әдебиетке жақын сезіне бастады. Әдебиет – адамның ішкі мәдениетін өсіретін құрал. Балалар терең ойлай бастады, жазуға, айтуға ұмтылды. Осы өзгерісті көру – мен үшін үлкен нәтиже. Оқушыларымның кітап оқуға талпынғандары, қызыққандары және ой еркіндігінің дамуы мені қуантты. 

 

Нұржан ХАСАН, жоба демеушісі:

БАСТЫ МАҚСАТ – ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСУ

 

– Неліктен дәл осындай жобаны қолдауға шешім қабылдадыңыз?
– Алаштанушы Елдос Тоқтарбаймен бір әңгімемізде Темірлан ауылындағы мектептің талапты оқушылары туралы айтқан едік. Содан 2022 жылдың қараша айынан бастап Темірлан ауылындағы мектептің 10 оқушысына балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналына жаздыруды бастадым. Бұл ой 2023-2024 жылдары да өз жалғасын тапты. Ал 2025 жылға өзгеріс енгізіп, кітап оқу үрдісін қалыптастыру үшін, кітап оқуға қызығып жүрген оқушыларға шәкіртақы тағайындап, шабыт берсек деген ойымды Марал Үйсінбайқызына айттым. Ойымыз бір жерден шығып, бірден қолдадым. Жобаның қаржылық жағын қалған оқу жылына қарай жоспарлап, жобаны бастап кеттік. Менің ойымша, нәтижесі керемет. Ең бастысы – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып, өз ойын ашық жеткізе алатын деңгейге жетті. Оның үстіне ой-өрістері кеңейіп, алға қарай дамып жатыр. Болашақтарына оң әсері болады деп сенемін. Осы жобаның іске асуына атсалысқан мектеп басшыларына, бәрін ұйымдастырған Марал Үйсінбайқызына, балаларын қолдаған ата-аналарға және оқушылардың бәріне алғысымды білдіремін. 
«Бәйтерек» кітапхана клубы жобасының мен үшін тек оқуға деген махаббат емес, жалпы өзімді дамыту жолындағы алғашқы қадамдардың бірі болғанын айтқым келеді. Әр шығарма мені  жаңа ойларға, жаңа сұрақтарға жетеледі. Ең бастысы, кітап менің ғана емес, клубымыздың барлық мүшесінің ішкі дүниесіне терең жол ашты.

Аягөз ӘЛІШЕРҚЫЗЫ, 
«Бәйтерек» орта мектебінің 
10-сынып оқушысы
«Ақжелкен»

313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз