Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 01 Қазан, 2025

Ғылыми еңбектер оқырманға жол тартты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті, Шерхан Мұртаза атындағы №228 аудиторияда көрнекті қаламгер, журналист, публицист Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің туған күніне орай жаңа ғылыми еңбектердің тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Римма Жақсылықбаеваның «Көсемсөз кемеңгері: Шерхан Мұртаза» атты екі томдық монографиясы оқырманға жол тартады. Бұл еңбекте Шерхан Мұртазаның публицистикалық мұрасы, редакторлық мектебі, сондай-ақ 1956–2006 жылдары мерзімді баспасөзде жарық көріп, ешбір жинаққа енбеген жарияланымдары топтастырылған.

Монографияның бірінші томында Шерхан Мұртазаның 1956-2000 жылдардағы  өмірлік, шығармашылық жолына, қазақ публицистикасын дамытудағы рөліне, баспасөздегі редакторлық-ұйымдастырушылық шеберлігіне, очеріктеріндегі тілдік-стильдік, көркемдік әдіс-тәсіліне, публцистикалық туындыларының жанрлық түріне, шығармаларының композициялық-құрылымдық поэтикасына ғылыми тұрғыда баға беріп, талданады. Шерханның қазақ журналистикасына қосқан үлесіне, журналистік, редакторлық, басшылық қызметіне, публицистикалық туындыларының тақырыптық, проблемалық, тілдік, стильдік өзгешеліктеріне баға беріледі.

Римма Жақсылықбаева монографияның соңғы қосымшаларында Шерхан Мұртазаның шығармаларына жазылған рецензияларды, жазушы туралы қаламдас аға, әріптес іні, шәкірттерінің естелігін, қаламгерден алынған сұхбаттарды береді. Сондай-ақ, публицистикалық шығармалардың барлық кезеңіне қатысты мақала, очерк, рецензия, эсселерінің библиографиялық тізімін жасайды.

Жинақ журналистика факультеті студенттеріне, қазақ баспасөзін зерттеушілерге, жас ғалымдар мен болашақ журналистерге, журналистік шеберлікке қызығатын барша оқырман қауымға арналады.

«Ана тілі» ұлт газетінің журналисті, жас ғалым Бағдат Сұлтанқызының «Публицистің шығармашылық зертханасы: дарын табиғаты, жазу машығы» атты ғылыми монографиясы «Арыс» баспасынан жарық көріп отыр. Еңбекте Оралхан Бөкейдің публицистік шығармаларындағы дарын табиғаты мен жазу машығындағы ерекшелік сипатын  көрсете отырып, еңбек, тәжірибе, шеберлік ұғымының астарын жан-жақты аша түседі.

Еңбектің алғашқы тарауында публицистиканың қайнар бастауы, Алаш баспасөзі, кеңестік дәуір және тәуелсіздік жылдарындағы журналистиканың тізгінін ұстаған марғасқа журналистердің тәжірибе әдісіндегі даралық қолтаңбасы мен тілі, стилі баяндалса, екінші тарауында Оралхан Бөкейдің публицистикасының қайнар бастауы, көркем шығармаларындағы публицистикалық сарын, қандай тақырыптарға бойлап, қандай тақырыптарға қалам тербегені, қайталанбас журналист атануының мәні ашылып, Мұхтар Мағауиннің «Жұлдыз» журналындағы һәм редакторлық қыры, көркем шығармаларындағы тарихи, деректі публицистикасы зерттеліп, сараланады.

Кітап журналистика факультеті студенттеріне, қазақ баспасөзін зерттеушілерге, жас ғалымдар мен болашақ журналистерге, журналситік шеберлікке қызығатын барша оқырман қауымға арналады. Кітап «Арыс» баспасныан 500 данамен жарық көрді. Еңбекке филология ғылымының докторы, професссор,  Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Акадамиясының академигі Б.Ө. Жақып, филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Р.С. Жақсылықбаева пікір жазған.

Мәселен, Бауыржан Жақып кітаптың алғы сөзінде: «Бағдат Сұлтанқызының еңбегі осы екі ірі тұлғаның публицистикалық болмысын  жаңа қырынан ашуға арналған. Осы еңбек – қазақ журналистикасы тарихындағы жаңа белес, ғылыми-шығармашылық ізденістің биік үлгісі. Автор құрғақ теориямен шектелмей, нақты мәтіндерді талдау арқылы олардың идеялық салмағын, стильдік ерекшелігін, рухани-әлеуметтік ықпалын терең айқындап көрсетеді. Мұнда жас зерттеушінің  ғылыми пайымы мен шығармашылық қуаты тоғысып жатыр», - деп жазады.

Кітаптың тұсаукесеріне «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бауыржан Жақып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, «Ана тілі» ұлт газетінің Бас редакторының орынбасары Берік Бейсенұлы, журналистика факульетінің доценті Гүлар Өзбекова,  аға оқытушылары Иманбай Жұбаев,  Әсел Әлім, Бауыржан Әлқожа, оқытушылар, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

1125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз