Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 03 Қазан, 2025

Тіл тазалығы – ұлттық болмыстың айнасы

Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеу ісінде журналистиканың жауапкершілігі артып келеді. Филология ғылымының кандидаты, доцент Дәмегүл Баялиева әлеуметтік желідегі тілдің шұбарлануын «қоғамдық дерт» деп бағалап, оны ең әуелі БАҚ түзетуге тиіс дейді.

Дәмегүл БАЯЛИЕВА, 
филология ғылымының кандидаты, доцент: 

– Салт-дәстүр мен ұлттық мәдениет – ұлттың рухани өзегі. Бірақ қазір дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілердің арасында осы құндылықтарды дәріптеу тұрғысында үлкен айырмашылық байқалады. Сіздің ойыңызша, ұлттық мәдение­тімізді бүгінгі қоғамға дұрыс жеткізіп отырған қай тарап – баспасөз бе, әлде әлеуметтік желі ме?
– Ұлттық болмысымыз бен өмір сүру тәлімін, рухани болмыспен таным мен нанымның өзін әлемге танытатын да ұлттық мәдениетіміз. Өмірде мәдениет араласпайтын сала жоқ. Ол экономикалық, экологиялық, саяси, халықаралық-дипломатиялық мәдениет болып жіктеле береді. Шын мәнінде мәдениет ұғымының ауқымы кең, адам ғұмырының таным көкжие­гінде алар орны ерекше. Бұл туралы қазақтың көрнекті ғалымы Әлкей Марғұлан: «Мәдениет – адамзат баласының ақыл-ойы, маңдай тері, қажырлы еңбегі, мұның бәрі – зор қоғамдық сипат», – деген. Сонымен, халық мәдениеті – ұлттың тарих сахнасында қалыптасқан мәдени мұрасы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары әр елдің өз топырағында дамып-өркендеуге тиіс. Мәдениетті сонымен қатар қоғамдық болмысымыздың барлық саласымен тамырлас, астасып жатқан қасиетті ұғым ретінде қарағанымыз жөн. «Адам мәдениетті дамытады, ол мәдениет адамды тәрбиелейді» деген ұлағатты ұғым: ата-бабамыздың мол мұрасы салт-дәстүрі, ұлттық мәдениеті әлемдік өркениетке ұмтылған бүгінгі ұрпақтың бойына тереңдеп сіңген қазақ халқының рухани өмірі екені анық. Ал ұлттық мәдениетімізді жаңа белеске көтеретін журналистиканың үлесі зор. Осы айтылған пікіріміздің бұқаралық ақпарат құралдарындағы көрінісі қалай деген сұрақтың жауабын, мерзімді басылым беттерінен еліміздің ұстанған бағыт-бағдарынан бастап, адам жан дүниесіне дейін көруге болады. Ал «Egemen Qazaqstan», «Қазақ әдебиеті», «Ana tili» газеттері ұлттық мәдениетімізді насихаттап, жариялап келеді. Сонымен қатар БАҚ пен әлеуметтік желілер арасында да тартыстың барын мойындау керек. Себебі бәрімізге белгілі әлеуметтік желінің қолжетімдігі мен қолданысқа ыңғайлылығы таразы басын тең ұстай алмайды. Әлеуметтік желіде ұлттық мәдениетке байланыс­ты кейбір жаңсақ ой-пікірдің берілуі оқырман көзқарасын адастырып жүр. Бұл мәселеден шығудың жолы біреу-ақ. Ол әрбір ақпаратты саралайтын, талдау жасап, дұрыс-бұрысын нақтылайтын сауаттылықта деп айтар едім. Ол үшін зерттеліп-зерделенген энциклопедиялық және мерзімді басылымдарды пайдаланып, сонымен қатар ресми ақпарат көзіне жүгіну керек.
– Өзіңіз зерттеген «Ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл, стиль мәселелері» тақырыбы қазір түрлі формада беріледі. Теледидарда мазмұнды жарнама мен бағдарламалар бар, әлеуметтік желілерде де құнды дүниелер кездеседі. Осындай жағдайда ұлттық құндылықты жоғалтпай, оны жастарға дұрыс жеткізудің нақты жолы қандай?
– «Ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл, стиль мәселелері» тақырыбының қазір берілу формасы мүлде өзгерген. Идея бір болғанымен, беру формасы әртүрлі. Теледидардағы көркем фильмдер, әртүрлі бағдарламалар арасындағы үзілісте берілетін анонста салт-дәстүр, ұлттық мәде­ниетке байланысты орынды, мазмұнды жарнамаларды байқаймын, құптаймын. «YouTUBE», «Instagram», «TikTok» платформаларында беріліп жүрген материалдың бәрі бірдей жаман емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, насихаттайтын ақпараттар да баршылық. Ұлттық мәдениет қай заманда да өзектілігін жоғалтпайды. Цифрлық ақпарат дамыған уақытта оның мәні мен мағынасын саралап жеткізу білімді жастардың еншісінде.
– Ахмет Байтұрсынұлының «тіл тазалығы» қағидасы бүгінгі ақпарат дәуірінде қаншалықты сақталып отыр? Әлеуметтік желілерде тілді шұбарлау үрдіске айналып бара жатқанын өзіңіз де атап өттіңіз. Сонда қазақ тілінің мәдениетін сақтап қалу үшін бірінші кезекте кім жауапты болуы керек – БАҚ па, билік пе, әлде қоғам ба?
– Бүгінгі медианың қоғамға ықпалы туралы айтқанда, зерттеулерге сүйенбей кетуге болмайды. Мәселен, жақында жарияланған халықаралық бір сауалдамада қазақстандықтың 66,8 пайызы жаңалықты, ең алдымен, әлеуметтік желіден алады деген дерек келтірілді («Astana Times», 2025). Ал әлеуметтік желілердегі тіл мәселесіне келсек, ғалымдардың «Әлеуметтік желі тілінің лингвостилистикалық сипаты» атты еңбегінде қазақтілді жазбаларда әдеби норманың жиі бұзылатыны, сөйлем құрылымының қарапайымдалып кеткені нақты мысалдармен талданған (bulphil.enu.kz). Демек, бұл – біздің тіл мәдениетімізге үлкен сын. Тағы бір зерттеуде «Қазіргі әлеуметтік желідегі сөз мәдениеті» тақырыбында жастардың жаргон мен калька сөздерді көп қолданатыны, соның салдарынан қазақ тілінің құнарлылығы әлсіреп бара жатқаны айтылған. «Қазақ әдеби тілі және әлеу­меттік желілер» атты еңбекте де осы мәселеге назар аударылып, әлеу­меттік медиадағы жеңіл-желпі стиль қазақ тілінің сапасына кері әсер етіп отырғаны көрсетілген. Сол сияқты, әлеуметтік желілердегі тіл мәдениетін айтпас бұрын, тіл мәдениетіне сәл тоқтала кетейін. Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілінің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, басқа тілден сөз тұтыну керек болса, жұртқа сіңіп, құлағына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» делінген. Ұлттың тіл тазалығы, оның құнарлылығы, мәдениеті, ең алдымен, БАҚ-тан көрінетіні шындық. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары тек жаңалық, хабардың көзі ғана емес, ол елдің сауатын түзейтін құрал бола білуге тиіс. Әлеуметтік желілердің тіл мәдениеті сын көтермейтіні айдан анық. Тіпті тілді шұбарлаудың ең тиімді құралына айналып бара жатыр ма деп алаңдаймыз. Әртүрлі платформада ақпарат таратушылардың (өздерін коуч, блогер, журналист деп таныстырып жүрген) сөздік қоры мен сауаттылығының төмендігі, тіл мәдениетін дұрыс қолданбауы өкінішті-ақ. Халық алдына шығып өзіне қандай да бір ағартушылық рөлін алғандықтан, оның сөз саптауы мен іс-әрекеті өзгеге, оқыр­манына үлгі боларлықтай болуы керек деп ойлаймын.
– Тәрбие мен ұлттық құндылық­тарды бала бойына ерте жастан сіңіру қажет дедіңіз. Қазір баланы «үздік оқу», «жеңімпаз болу» сияқты бәсекеге бейімдеу басым, ал мейірім мен адамгершілік екінші қатарға ысырылып қалғандай. Қандай құндылықты бірінші орынға қоюымыз керек – бәсекеге қабілеттілікті ме әлде адамдық болмысты ма?
– Жаңа әдістемелік еңбек жазуға ұсыныс түссе, әдістемелік құралымды мектеп жасына дейінгі тәрбиеші-педагогтер мен ата-аналарға арнар едім. «Тәрбие – тал бесіктен» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, ұлттық құндылықтарды үлкенге құрмет, кішіге ізет, жақыныңды сыйлау, қадірлеу, қоршаған ортаға мейіріммен қарау сияқты асыл қасиеттерді бала кезден сіңіру қажеттігін айтар едім. Әл-Фараби бабамыздың: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген ешқашан құнын жоғалтпайтын сөзінің қасиетін түсінесің. Бұл идеяны әрі қарай кеңінен таратқан Абай атамыздың «Толық адам» ілімі және қазір Президентіміз ­Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Адал адам» идеясы, Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен іске асқан «Дос болайық» бағдарламасының мәні өте зор. Өскелең ұрпақтан ортасын сыйлайтын, адал адам келбетін көру мен үшін үлкен қуаныш.
– Қазір медианың ең үлкен кемшілігі – хайп қуып, дәлелденбеген ақпарат тарату дедіңіз. Бұл құбылыс­тың жаһандық деңгейде белең алғаны рас. Ал қазақ журналистикасын осы «ақпараттық індеттен» қалай арашалап қалуға болады?
– Қазіргі медианың басты кемшілігі, «елді өзіме қаратамын» деп өзін де, өзгені де шатастырып жүрген «хайп» жасап, құр атақ қуушылар деп ойлаймын. Дәлелденбеген, тексеріліп, зерттелмеген жалған ақпарат көзін жауапкершілікті сезінбей жұртқа жариялау – журналистік этиканың жоқтығы мен сауаттың жетпеуі. Бұл бізде ғана емес, жаһандық індет пе деп те ойлаймын. Қазақ журналистикасын дамыту үшін БАҚ-та, әлеу­меттік желілерде ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттайтын ақпарат көзін бере алатын білімді маман иелері болғаны дұрыс. Идеясы анық, жаңа технология­ны жетік меңгерген, цифрлық сауаттылығы жоғары жастарымыздың бары мені қуантады.
– Журналистиканы алға сүйрейтін медиаменеджерлер қандай болуға тиіс?
– Болашақ медиаменеджерлер тек жазып-сызумен шектелмей, сан саланы меңгерген, мобильді ойлайтын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ұлт мәдениеті мен құндылығын дәріптей алатын білікті жастар болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Бағдат Сұлтанқызы

«Ана тілі»

1826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз