- Таным
- 03 Қазан, 2025
Әділет қамшысы
Әкелі-балалы батырлар – Барақ Сатыбалдыұлы мен Асау Барақұлы туралы деректі ел жадында жаңғыртқым келеді. Екі батырды ел «Асау-Барақ» атады. Ал олардың ерлік жолы XVIII ғасырдың екінші жартысы – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік ахуалымен тығыз байланысты.
XVIII ғасыр қазақ тарихында қасіретті кезеңдердің бірі болды. Бір жағынан, жоңғарлардың шапқыншылығы, екінші жағынан, ішкі саяси алауыздық елдің ішкі тұтастығына әсер етті. Тарихшы Нұржан Жетпісбай: «Қалмақтармен, жоңғарлармен, орыс-казактармен, башқұрттармен соғыстарда ажалға бой бермеген Бөкенбай батыр 1742 жылы 75 жасында қол бастап түрікмендермен шайқаста қаза болғаннан кейін бір жылдан соң, 1743 жылы қазақтың батыс далаларының келесі бір жарық жұлдызы, атақты батыр, ел басқарған көсем әрі әулие болған Барақ Сатыбалдыұлы дүниеге келді. Осы арқылы сол далалардың түстік жағында тағы бір жауынгер әулеттің негізі қаланған еді. Барақ – өзінің ғасырға жуық ұзақ ғұмырында талай жорық пен соғысты бастан өткерген, елі мен жері үшін қалмақ, түрікмен ұлыстарымен жан аямай алысып, 1783–1797 жылдары Сырым, Тіленші батырлармен бірге Ресейге қарсы ұлт-азаттық күресті басқарған сардар. Оның ұлы Асау мен немересі Дәуіт батырлар да әкесі мен атасының ерлік жолын, азаттық күрестерін жалғастырып, өз заманының көсеміне, жаужүрек тұлғасына айналды», – деп жазады (Жетпісбай Н. «Азаттық үшін күрескен батырлар». Алматы, 2013. 4–5-бб.).
Барақ пен Тіленші батырлар 1783–1797 жылдары Сырым Датұлы бастаған көтеріліске, Жоламан Тіленшіұлы және Асау Барақұлы 1822–1835 жылдардағы азаттық қозғалысқа, ал Барақтың немересі Дәуіт Асауұлы 1855–1856 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан. Үш ұрпақ өкілі Ресей үкіметінің империялық саясатына қарсы көтерілген. Көтерілістердің әрқайсысы патша үкіметінің қазақ жерін отарлауға қатысты саясаты мен ережелеріне наразылық еді. Мысалы, Сырым бастаған көтеріліске Жайық өзенінің оң жағалауына қазақтардың өтуіне тыйым салу туралы жарлығы себеп болды. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл көтеріліске Барақ батыр 2 000 қолмен (Вяткин М.П. «Батыр Срым». М., 1947. 200-бет.) қатысқан. Патшалық үкімет қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін басып-жаншу үшін жазалаушы отряд жібергені тарихымыздан мәлім. Сырым Датұлы бастаған қозғалысты басу үшін 1785 жылы майор Смирнов басқарған жазалаушы әскер бекітіледі. Ол туралы Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивінің 5-қорында материалдар бар. Тарихшы Н.Жетпісбай былай дейді: «Орынбор обер-коменданты Зенбулатов 1785 жылғы 25 қаңтарда Смирновқа берген нұсқаулығында Сырым, Барақ, Дүйсен, Жиеншора, Атанбоз, Тасболат, Қадір, Садыр, Қара Шойтас, Дөнен, Аққозы т.б. бала-шағасымен қолға түсіру керек деп арнайы көрсетілген. Архив құжаттарының тағы бірінде Орынбор обер-коменданты Зенбулатов: «Жайық казактарына 3 жасақ: біріншісі, Сырым; екіншісі, Тіленші мен Елекбай; үшіншісі, Барақ бастаған қазақтар шабуылдар жасады», – деп келтірілген (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, 5-қор, 1-т., 15-іс, 60-п.).
Асау Барақұлы 1822–1835 жылдары Жоламан Тіленшіұлымен бірге патша үкіметінің Елек өзенінің бойына әскери бекіністер салып, Жайық пен Елек аралығындағы жерді қазақтардан тартып алуға қарсылық жетекшінің бірі болған. Ол туралы архив құжаттарында алғашқы мәліметтер «Асау тентек» деп кездеседі (ҚРОМА, 5-қор, 1-т., 13-іс, 214-214а пп.). «Оның жасы 21-ден асқан шағы және ол әзірге «тентек» атанып, жорықтар мен шабуылдарға араласа бастаған кезі болуы керек. Құжатқа қарағанда, ол да әкесі Барақпен бірге 1783–1797 жылдары көтеріліс қимылдарына қатысқан. Орынбор обер-комендантының нұсқаулығындағы Сырым, Барақ және басқаларының балаларымен бірге орыс шептеріне жорықтар жасауда деп көрсетілуі де Барақтың үлкен ұлы Асау батырдың шабуылдарға тікелей араласқанын білдіреді» (Н.Жетпісбай. «Азаттық үшін күрескен әулеттер». А., 2013).
Асау-Барақтың ерлік жолын архивтік құжаттар мен фольклорлық материалдар арқылы негіздеген Н.Жетпісбай 1822–1832 жылдары Асау Барақұлының қарулы көтерілістің жеке қолбасшысы болғанын жазады. Патшалық үкімет ұлт-азаттық көтерілістің бұрқ ете қалып, қазақ даласына кеңінен жайылып кетуінен қорқып, хабар жетісімен жазалаушы жасақ жіберетінін тарихымыздан мәлім. Бұл көтеріліс те күшпен басылғанымен, 1826 жылы Асау Барақұлы патшалық империяның аяғы жетпеген оңтүстік аудандарда жаңа әскери әрекеттер бастайды. Олар Жаңа Елек шебіне шабуыл барысында 5 казакты қолға түсірген. Оларды азат етпекші болған есаул С.Аржанухинның шұғыл да қатал әрекеттеріне қарамастан, көтерілісшілер адам шығынына ұшырап, қоршауға түспей, керісінше жазалаушы казактарды он шақырымға дейін қуып, тұтқындарды босатуға мүмкіндік бермейді. Міне, осы 7 сағатқа созылған шайқас қазақтардың соғыс тактикасының дұрыс ұйымдастырылғанын және көшпелілердің әскери өнерінің дамығанын көрсетті. Асау көтеріліс басшысы болуымен қатар 1827–1833 жылдары батыс өңірдің ішкі саяси өміріне белсене қатысқан. Н.Жетпісбайдың зерттеуіне негізделсек, «1827 жылы Шерғазы Айшуақұлын хан көтеру рәсімін жасауы оның ерекше беделін білдіреді». 1870 жылы қартайған шағында Жоламан батырмен бірігіп, 300 сарбазымен Баймағамбет сұлтан бастаған 4 мың әскерге қарсы шығады. Алайда сұлтан белгісіз себептермен әскерін бұрып алып кетіп, кейін ол сол үшін Орынбор әкімшілігінен сөгіс алған (Н.Жетпісбай).
Сонымен, Барақ пен оның ұлы Асау – қазақ тарихында отарлық саясатқа қарсы күрескен ержүрек батыр ғана емес, әскери ерлігін саяси-қоғамдық қызметпен де ұштастыра білген саяси тұлға. Сол себепті де болар, ұрпақтары арасында «Асау-Барақтың қаһары – әділеттің қамшысы» деп білген.
Қазақ тарихында ел үшін күрескен көптеген батырлардың есімі ел аузында сақталғанымен, олардың көпшілігіне лайықты түрде тарихи баға беріліп, мәңгілікке тасқа қашалып, ұлықтала қойған жоқ. Барақ Сатыбалдыұлы мен Асау Барақұлы – XVIII ғасырда қазақ халқының азаттығы үшін күрескен, елдің бірлігі мен тұтастығы жолында қол бастаған тұлғалар. 1826 жылғы ірі қарулы көтеріліске 2026 жылы 200 жыл толуына орай, әкелі-балалының мекені болған Ақтөбе өңірінде оларға ескерткіш орнату – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің айғағы болар еді. Еліміздің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288 VІ Заңына сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, қорғау және пайдалану мақсатында мемлекеттік бақылау және нормативтік құқықтық негіздер бекітілген. Бұл Заңның 2-бабы мәдени-тарихи ескерткіштерді тану және насихаттау мақсаттарын айқындайды. Сонымен қатар 11-баптың 9-тармақшасына сәйкес, монументтік өнер құрылыстарын (естелік ескерткіштер, бюстер, стеллалар) орнату тәртібі, жобалары мен рұқсаттары уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асуға тиіс. Осы заң талаптарына сәйкес, XVIII ғасырдағы қазақ елінің азаттығы үшін күрескен Барақ Сатыбалдыұлы пен Асау Барақұлына ескерткіш орнату – өткен тарихымызға деген құрметтің белгісі. Оның заң аясында рәсімделуі заңды негіз.
Гүлбану ИШКАЛОВА,
Л.Н. Гумилев атындағы
ЕҰУ аға оқытушысы, PhD
«Ана тілі»
474 рет
көрсетілді0
пікір







