- Фотогалерея
- 05 Қазан, 2025
Іле Алатауы ұлттық паркінде «Таза Қазақстан» акциясы өтті
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Көкжайлау шатқалында «Таза Қазақстан» экологиялық табиғат қорғау акциясы өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.
Акция аясында Шренк шыршасының көшеттері отырғызылды. Акцияға ұлттық парк қызметкерлері, қоғам белсенділері, еріктілер мен табиғат жанашырлары қатысып, табиғатқа деген қамқорлықтарын білдірді.
Елнұр Ахметов, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
-Парктің ең негізігі мәселесінің бірі – орманды қорғау, көбейту, молайту жұмыстары. Соған қаламыздағы экобелсенділеріміз, еріктілеріміз, ұлттық парк қызметкерлері келіп, өз ағаштарын өздері егіп, «Таза Қазақстан» акциясына белсенді ат салысты.
Самал Абилова, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің эколог-ағартушысы:
- Көкжайлаудағы осы шара аясында, Шренк шыршасының 120 түбі отырғызылды. Акцияға 300-ге жуық адам қатысты. Қазақстандықтарға табиғатты қорғау, молайту шараларына белсенді ат салысуға шақырамыз. Ағаш отырғызуға күз және көктем мезгілдерін таңдаймыз. Мәселен, күз мезгілі ағаштың тамырланып кетуіне, жерсінуіне өте қолайлы.
Дарын Теңізбаев, ерікті:
Орман-тоғайды жасылдандыру шараларын Үкіметтен, ұлттық парктен сұрап, талап етпей, әр жанашыр өзінен бастағаны дұрыс. Бұл шара бізге осындай мүмкіндік сыйлады.
Жеңіскүл Беркімбаева, зейнеткер ұстаз, биолог:
- Іле Алатауындағы бұл шара Отанымыздың табиғатын көркейтуге деген қамқорлық деп түсіндім. Ұрпаққа тәлімі зор осындай іс-шаралар көбейсін! Қазақстанның экологиясы жақсара берсін! «Таза Қазақстан» акциясына бәріміз үлес қосайық!
Адель Баймолдинова, студент:
-Ағаш егу акциясын – әлеуметтік желіден көрдім. Бірден қатысуға ниет еттім. Табиғатты көбінде адамдар сөз жүзінде қорғайды, біз іс жүзінде қорғағау үшін тауға ініммен бірге келіп, шырша ектік. Біздің әулетіміздің атынан табиғатқа кішігірім үлесіміз деп санаймын. Енді 300 жылдай өседі деп үміттенеміз. Бұл алда тауға жиі шығатындай себеп болатын болды. Баршаңызды табиғатты қорғауға шақырамыз!
Табиғаттың экожүйесін тұрақтандыру, қайта қалпына келтіру, флорасы мен фаунасын көздің қарашығындай қорғауда ұлттық парк орманшыларының еңбегі орасан зор. Ал қоғамдағы табиғат жанашырлары осындай акцияларға қатысу арқылы табиғат қамқоршыларына айналады. Ұйымдастырушылар Іле Алатауындағы мұндай экологиялық акция алдағы апта да жалғасын табатындығын жеткізді.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
9533 рет
көрсетілді0
пікір







