Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Қазан, 2025

Олимпке апарар жол: Денис Тен жазған ән алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды

Алматыда үздік әлемдік мәнерлеп сырғанау шеберлері бас қосты. 2025 жылдың 1-4 қазаны аралығында  «Халық Арена» мұз айдынында VI «Denis Ten Memorial Challenge» халықаралық турнирі өтті.

Denis Ten Memorial Challenge – бұл спорттық шара ғана емес, қазақстандық олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алуға арналған мәдени жоба.

Биылғы турнирге АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Канада, Грузия сынды 18 елден 100-ден астам спортшы қатысты. Сонымен қатар, жарыстың алғашқы күндерінде турнир қонағы ретінде оннан астам Олимпиада чемпионын дайындаған аты аңызға айналған жаттықтырушы Татьяна Тарасова келді.

«Мен Денис Тен секілді спортшымен жұмыс істегенім үшін өзімді бақыттымын деп есептеймін. Ол мүлдем өзгеше жан еді. Алғаш әлем чемпионатына апарғанымыз есімде: қысқа бағдарламада ол бірден өзін көрсете білді. Барлығы «Ол кім? Қай елден?» деген таңданыстарын жасыра алмады. Олардың арасында Қазақстанның қай жерде екенін елестете алмайтындар да бар еді. Ол мұзда сырғанау шеберлігімен бірден жарқ етті», - деп еске алды Татьяна Анатольевна.

Халықаралық додаға қатысушылар үш күн бойы мұз алаңында өздерінің дайындап келген арнайы нөмірлерімен бөлісіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Турнирдің ересектер арасындағы жеңімпазы, АҚШ-тан келген мәнерлеп сырғанаушы Джейсон Браун:

«Бапкерлерімнен осы турнирге қатысу үшін өтінімге қосуға өзім сұрандым, өйткені Қазақстанға келгім келді. Жаңа маусымды осы жерден бастауды қаладым. Алматы мені жылы қарсы алды, көрермендер де керемет,  олардың эмоциялары шынайы. Бұл спорт түрін өнер мен атлетизмді біріктіретіні үшін жақсы көремін. Маған жаттығу, жаңа нәрселерді сынап көру, техника мен хореографияны жетілдіру ұнайды. Ал мәнерлеп сырғанаудың өскелең ұрпақ арасында дамып жатқанына көз жеткізу ерекше шабыт сыйлайды», - деп жарыс жайлы әсерімен бөлісті.

Төрт күнге созылған халықаралық шараның шарықтау шегі «Олимпке арманмен» гала-шоуы болды. Турнир жеңімпаздары мен Қазақстанның жетекші мәнерлеп сырғанаушылары арена төрінде тағы бір мәрте жанкүйерлерімен жолығып, үздік өнерлерін ортаға салды.

Бағдарламаның ерекше сәті – Денис Теннің өзі жазған әнінің алғаш рет көпшілік назарына ұсынылуы болды.  Қазақстан чемпионы Диас Жиренбаев «She Won’t Be Mine» композициясы бойынша тамаша өнер көрсетті. Әнді қазақстандық әнші Kyle Ruh орындады. Спорт пен музыканы сабақтастырып, көрерменге ұмытылмас эмоция сыйлаған әннің әлемдік премьерасын көрермендер ерекше толқыныспен қабылдады.

Қорытынды кеште әлемдік жұлдыздар, екі дүркін Олимпиада чемпиондары Татьяна Волосожар мен Максим Траньков өнер көрсетіп, шараның маңызын одан сайын арттыра түсті.

Турнирді «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бас демеуші – Спортты қолдау қоры болды, сондай-ақ, шараға ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі де қолдау көрсетті.

 

Гаухар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" ЖШС

Суреттерді түсірген: Сали Сабиров

1657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз