- Айна
- 11 Қазан, 2025
Іле Алатауы ұлттық паркінде «Halyk орманы» жобасы бастау алды
Бүгін Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Көкжайлау шатқалында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Halyk орманы» жобасы басталды. Жобаны «Halyk» қоры Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп іске қосты. Оның мақсаты – табиғатты көгалдандыру ғана емес, бұл мекенге жаңа тыныс беру.
Бес жылға есептелген жобаға 1 миллиард теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде елдің үш өңірінде төрт миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Алғашқы кезең Шығыс Қазақстандағы Семей орманы аумағында басталды. Бір кездері өрттен жүздеген гектар жер өртенген аймаққа бүгінде алғашқы 800 көшет егілді. Ендігі кезек – Іле Алатауы. Мұнда 5 гектар аумаққа 14 мың Шренк шыршасы отырғызылмақ.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрбек Шәрбиев «Табиғатты қорғау – іс-шара емес, мәдениет. Біз табиғатқа жанашырлық танытпайынша, экономикалық өсім де ұзаққа бармайды. «Halyk орманы» және осындай жобалар – экологиялық мәдениетті өміріміздің табиғи бөлігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам», - дейді.
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев үшін бұл жоба есеп емес, болашақ туралы екенін жеткізді. «Әр отырғызылған ағаш – қаланың тынысына, адамның санасына салынған инвестиция. «Halyk орманы» – табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыратын мектеп. Бұл – бізден кейін де ел есінде қалатын іс», - деді ректор.
Тұрақты даму жөніндегі сарапшы Тимур Көбеков: «Halyk орманы» – әдепкі корпоратив бастама емес, ел тарихында із қалдыратын үлкен жоба. Төрт миллион ағаш – ел мен табиғатқа деген жеке көзқарас, жауапкершілік. Мұндай бастамалар ел есінде ұзақ сақталады».
Бұл идея көктемде өткен GreenAct экочелленджінен бастау алған. Сол кезде елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам – оқушылар, компания қызметкерлері, жай ғана белсенді азаматтар – саябақтарды тазалап, қоқысты сұрыптап, көшет отырғызды.
Енді бұл бастама ұзақ мерзімді экобағдарламаға айналып отыр.
Қазақстан – кең байтақ дала. Бірақ өндіріс пен урбанизация кейде табиғатқа кері әсерін тигізеді. Сондықтан әр жаңа орман – жасыл аймақ емес, ой мен өмір салтының өзгерісі.
«Halyk орманы» – қамқорлық мәдениеті туралы жоба. Бұл – ағаш отырғызу арқылы ел болашағына тамыр жіберу. Бұл – әр баланың өз ағашын егіп, жылдар өте бірге өскенін көру.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов таудағы орман қорын көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатындығын жеткізді. Қазір «Halyk орманы» жобасынан бөлек, ұлттық парктің өз бастамасы негізінде және экобелсенділердің өтініштерімен де орман қорын молайту жұмыстары дәстүрге айналған.
Досжан Балабекұлы
3179 рет
көрсетілді0
пікір







