Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Қазан, 2025

Міржақып Дулатұлы – ұлт рухын көтерген күрескер

Озық ойлы, биіктен биікке көз салатын, қиялы қиырды шарлайтын, әлемдегі мықтылармен иық тіресе алатын өредегі қазақ ақындары шығармашылығының саяси бағыты – ғасырлар бойы отар­шылдыққа қарсы тұру және азаттық алу жолындағы қозғалыстармен тығыз байланыста болып келді. ХVІІ ғасырда орыс және қытай отаршыларына қарсы тұрып, байтақ сахарасы мен халқын қорғап қалу жолында қазақ даласын, қазақ елін біріктірген Абылай хан тұсында атақты Бұқар жырау Қалқаманұлының ұлт азаттығына шақырған айбынды үні – бүкіл қазақ даласының төрт құбыласын дүр сілкіндірді.
XІX ғасырдың басында Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа байланысты өздерінің саяси өлеңдерімен, халық жасақтары қатарынан орын алған халық ақындары Нысанбай мен Досқожа ерекшеленіп көрінеді. Қазақ халқының ауыр жеңіліске ұшырауымен аяқталған ұлт-азаттық қозғалысы қазақ әдебиетінде негізгі екі ағысты тудырды. Алғашқы ағыстың өкілдері «зар заман ақындары» (Шортанбай, Мұрат, Дулат, т.б.) аталса; болашаққа сеніммен қараған, тек шығыс қана емес, сондай-ақ өз шығармаларын батыс әдебиетінің үлгісімен жазған екінші ағыс өкілдері (Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин) қазақ даласында ағартушылық қозғалысқа бастамашылық етті.
1891-1892 жылдары қазақ өлкесіне қарашекпендердің, патшалық Ресей келімсектерінің алғашқы толқыны ағыла бастады. Жайылымның тарылуы, мал басының күннен-күнге азаюы жергілікті халықты күйзеліске ұшыратты. Сөйтіп, XІX ғасырдың аяғында кедейлеген қазақтардың ұлт болып қалуына барған сайын қауіп төнген-ді.
«XX ғасырдың басында, – деп көрсетеді француз ғалымдары А.Бенигсен мен Ш.Келькежей, – қазақ зиялыларының дүниетанымында патшалық Ресейді жек көру, ашыну сезімі қалыптасты. Бірақ саяси топтар құрып, оны өкіметке қарсы бағыттауға, халықты оятуға әлі күш жоқ еді, дегенмен де 1902–1903 жылдарда – патша өкіметіне қарсы қазақ тіліндегі алғашқы жасырын үндеулер пайда болды…».
Қазақтардың саяси өмірінен берген француз зерттеушілерінің бұл сипаттамасы қазақтың ұлтжанды азаматы Әлихан Бөкейханның 1910 жылы жазған тұжырымдамасымен үндеседі: «...Бүкіл дала өлкесі саясат аясына тартылып, азаттық қозғалысының дүрмегіне ілінді де кетті, қазақ халқының мұң-мұқтажы жөніндегі қызу хат алмасу басталды. 17 сәуірдегі дін жөніндегі жарлық халық көңіл-күйін одан әрі тасытты. 1905 жылы көктемде еркін өмірдің басталуымен дала өлкесінде жазғы қоныстарда сияздар ашылып, онда бүкіл қазақ ұлтының мұң-мұқтажы талқыланды. Осы жылдың барлық үлкен далалық жәрмеңкелері саяси алаңына айналды...»
Міне, Міржақыптың «Оян, қазақ!» атты кітабы (1909) дәл осындай тарихи уақытта жарыққа шықты. Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, азуы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ зиялыларының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрестің алғашқы дүмпуі деп бағалау артық болмас еді. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Сол үшін де Ахмет Байтұрсынұлы ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп ұран салды. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» деп жалын атты. Әлихан Бөкейхан орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазып қару ретінде қолданды.
Әрине, мұндай белсенділік пен оны қолдаған халық арасындағы дүмпудің зор болуы, батыл ұстанымдары мен ел серкелерінің шешімдері озбыр да өктем патша өкіметі назарына бірден ілігіп, қатты қысым көрді. Көптеген арыстар жауапқа тартылып, түрмеге жабылды. Елге «іріткі салуына» қатаң тыйым салынды.
Осындай зорлық-зомбылықтардың кеңінен орын алғанын сол кездері қазақ даласын басқару орталықтары болған Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург мемлекеттік архивтерінде күні бүгінге дейін сақталған құжат-қағаздар айғақтайды. ХХ ғасырдың басында жарық көріп, қазақ даласына жасын түскендей әсер еткен Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабына қатысты қозғалған іс құжаттарын Қазан, Уфа, Орынбор және Омбы облыстық мемлекеттік архивтерінен табуға болады.
Бастапқы кеңестік жүйе билік құрған жылдары ұзақ уақыт бойы ақынның шығармашылық мұрасы көңілде болса да көзден таса жағдайда, мүлде ескерусіз болып келді. Міржақып Дулатұлының тұңғыш публицистикалық «Оян, қазақ» өлеңдер жинағы 1909 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан, екінші рет 1911 жылы Орынбордағы «Уақыт» баспаханасынан жарық көрген. Бұл жинаққа ақынның 1902–1909 жылдар аралығында жазған өлең-толғаулары топтастырылған. Автор бұл жинаққа енген шығармаларды тақырыбы мен мазмұнына қарай үш бөлімге бөліп, жіктеп көрсетеді. 
Оның біріншісі: қазақ халқының өткен тарихынан көрініс беретін, кешегінің өкініші мен қуанышы; екіншісі: қазақ ұлтының өткен ғасыр басындағы әлеуметтік хал-жағдайы; үшіншісі: елдің келешек тағдырына, ертеңгі өміріне байланысты көтерілген ізгілік, оқу-ағарту мәселелері. Осы алғашқы жинағының өзінен-ақ автордың мақсаты мен айтайын деген ойы, сол кездегі патшаның отарлау саясаты, халықтың өнер-білімсіз қалуы, халық тұрмысының нашарлауы, әйел затының қорлануы және т.б. осындай неше түрлі қасіретті жағдайлар баяндалады, мәселен:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, 
Өткізбей қараңғыда бекер жасты! 
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп, 
Қазағым, енді жату жарамас-ты! 
– деген төрт жолда ақынның ұлтына адал қызмет етуге деген ниеті, керек болса жанын қиюға да дайын биік азаматтық болмысы көрініп, өз тағдырын ұлт тағдырымен байланыстыра қарайтын парасаттылығы сезіледі.
Мұнда сол замандағы қазақ халқының санасын құрсаулап, бұғаулай бастаған қоғамдық дерттер көз алдымызға келіп, зұлымдық жайлаған халықтың мүшкіл халі шынайы бейнеленеді. Демек, қалың елі күйзелісте, тығырықта жатқанда оны сезген ақынның бірге күйзелмеуі мүлде мүмкін емес еді. Елін өлеңмен оятуға ұмтылған ақын негізгі мәселелерді нақты айқындап, назар салар тұсты дәл осылай меңзейді. Осы төрт шумақтан Міржақыптың зар-мұңы, елі мен жерінің бақытын көксеген ойшылдығын, келер ұрпақтың қамын жеген кемелдігін көре аламыз. Болашаққа деген нық сеніммен жігерленген оның шығармашы­лығы қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолындағы күресімен тығыз байланысты. Оның тағдыры өте аянышты болды, патша өкіметінің қуғын-сүргіні мен сталиндік репрессия­ның зардабын басынан өткізіп, әділет жолында құрбан болған қазақ зиялы­ларына тән тағдыр екені баршаға мәлім. Мір­жақып Дулатұлы өз шығармашы­лық жолындағы А.Байтұрсынұлы, 
Ә.Бөкейхан, А.Бірімжанов, М.Жұма­байұлы, Ж.Аймауытов, Е.Ом­аров, т.б. ұлт мәдениетінің көш­бас­шыларымен қанаттасып ғұмыр кешкен тұл­­­ғалы ақын. Ақын жинағында саяси сарын басым орын алады, оның әр жолынан төң­­керісшіл рух пен ұлттық тәуелсіздікке ша­қыр­ған үндеу лебі еседі. Бұл кітап қазақ­тар үшін ұлттық қозғалыстың алғаш­қы бағдарламалы құжатындай болды. Ақын үшін ұлт мүддесі қашанда жоғары. Ел, жер, елінің болашағын жырлау – Міржақып Дулатұлының өне бойына тартылған темірқазық, идеясының басты бағдары. 
Міржақып азаттық қозғалысының саяси ой-санасын қалыптастыруды және оған халықты кеңінен тарту мақсатымен, өзінің кітабында этикалық қалыптарға көңіл бөліп, оның екі түрлі бағытын көрсетеді. Алғашқы бағыт – азаттық күрес идеясы, адамдық еркіндік (хуррият), адамгершілік (инсаният), өнегелілік, тазалық (хаққа ниет) болса; екінші бағыт – қайырымдылық (хайыр), мейірімділік (ихсан) және өзара көмек негізіндегі сыйластық еді. Сондай-ақ, алдымен, ішкі жаумен, яғни қараңғылықпен, өзге жұртқа қарағанда білімсіздіктің кесірінен артта қалушы­лықпен, отаршылардың әскери күшіне өнер-білімді қарсы қоя отырып күресуді дәріптейді. Бұл жолда зорлық-зомбылық жасамау, қара күшке салынбау идеясын алып шығады.
Міржақып адамның жеке басының ерекшелігіне негіздеп, әлеуметтік әділетсіздіктің түп-тамырын аша білді, ұлтына, тіліне, дініне, сеніміне қарап адамдарды езіп-қанауды мінеп-шенеді.
XX ғасырдың басы әлем тарихында ұлт-азаттық қозғалыстарының жаңа толқынымен ерекшеленді. Ағылшындардың отарында болып келген үнді елі азаттық қозғалысының көсемі Махатма Гандиді, кейін афроамерикалықтардың   азаматтық құқығы үшін күресуші Мартин Лютер Кингті Америка елі шығарды. Ал ел-жұрт Ресейдің ең үлкен отары Қазақстанда «Оян, қазақ!» кітабының авторы болған Міржақып Дулатұлының тұлғасын қазақтың ұлт-азаттық қозғалысындағы рухани көсемдерінің бірі ретінде таныды.
Әртүрлі ұлтың өкілдері болғанына қарамастан, бұларды этикалық және әлеуметтік әділет­тілікті күшке салмау жолымен шешуге ұмтылған мақсаттарын ұқсас деп қарауға болады. Мәселен, мұнда Махатма Гандидің азаттық үшін күрес жөніндегі (сатьяграхи) және күштемеу (ахимса) идеялары Міржақыптың алға ұстаған шарттарымен үндес еді. Мұның өзі жайдан-жай емес. Индияның аш-жалаңаш, баспанасыз халқы мұздай қаруланған империалистік Англиямен тікелей табан тіреп күресуі мүмкін емес еді. Міне, қазақ халқы да осындай жағдайда болатын. Бұл халықтардың сақталып қалуының бірден-бір жолы – өзара келісімге келу және азаттық үшін қан төгуге бармау болса, Міржақып осыған қоса ұлтты сақтап қалудың басты жолы ретінде көркемсөзді таңдап алған еді.
«Бостандықтан айрылған әрбір халықта тек әдебиет өзінің ашынуы мен ар-ождан дауысымен жар салатын бірден-бір мінбер болып табылады» – деп жазады ойшыл қаламгер Герцен. Демек, «Оян, қазақ!» XX ғасырдың басында меңіреу шөл далаға тосыннан жеткен нөсердей өзгеріс әкелген бірден-бір туынды болды. Қазақтардың оянуы мен азаттыққа жетуін ол отаршылдыққа қарсы соғысын – халықтың мәдени деңгейін көтеріп, оятудан бастауды жөн көреді.
Әде­биет сыншысы Смағұл Сәд­у­ақасұлы Міржақыптың шы­ғар­машылығы туралы пікір білдір­ген­де, оның ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері әрі жазушы-публицист қана емес, көсемсөздерін қазақ әдебиетінің көне дәстүріне сүйене отырып өлеңмен жазғандығын атап өтеді. 
«Оян, қазақ!» жинағындағы өлеңдерге тоқталғанда, Міржақыптың Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына берген бағасымен сипаттауға болады: «Ахмет Байтұрсынұлы өзінің өлеңдерінде махаббат туралы, әйел туралы, табиғат туралы жырламайды, онда лепірмелі көп сөз де, қанатты сөздер де жоқ. Ол қарапайым да түсінікті қазақ тілімен еркіндік туралы, ұлт туралы – езілген және артта қалған қазақ ұлты туралы жырлайды, ұлтты білімге, еңбек етуге және ғасырлар бойғы ұйқыдан құтылуға шақыра отырып, әрбір қазақтың санасында адамзаттық сезімін оятады».
Сонымен, жетпіс жылдай мадақталған коммунистік идеяны тастап, қазір біз қайтадан Міржақыптың ізгі ойлары мен ғибратты өлшеусіз «Оян, қазақ!» кітабының құдіреттілігіне еріксізден бас иіп отырмыз. «Ұзақ жылдар бойы мәдениетімізді, тілімізді, тарихымызды, ұлттық дәстүрлерімізді жоғалтып ала жаздаған біздің қоғамымыз оянды ма, әлде жоқ па?» деген сұрақ ойға оралған сайын, Міржақыптың «Оян, қазақ!» деп салған ұраны еміс-еміс жаңғырып құлағымызға келе береді! 
Демек, қазіргі қазақ оянды ма, жоқ па?! «Оян, қазақ!» идеясы бүгін қажет пе, жоқ әлде қажет емес пе?! – деген сұраулар қазір де, бұдан кейін де туындай береді. Өйткені коммунистік жүйе, атап айтқанда, Сталин және оның жандайшаптарының «үлкен террорлық» әрі жендеттік әрекеті Алаш арыстарын жойғанымен, Алаш идеясын жоя алмады. Міне, бұл әрине, біз мойындауға тиісті тарихи шындық болса керек. 
Қазір ше?! Қазірдің өзінде «Алаш идеясы», «Оян, қазақ» идеясы біздің қоғамымызды, тәуелсіздігімізді қорғап айналып жүргендей. Сондықтан, әрбір қазақ баласы Алаш аманатына мұрагерлік етуі керек. Алаш аманатына мұрагерлік ету, оны жалғастыру және дәуір рухымен байыту – әсте ұлтшылдық, басқаларды шетке қағу дегендік емес, қайта тәуелсіздікті мәңгілік бекемдеп, берекелі де құдіретті «Мәңгілік Ел» болу деген сөз. Керісінше, біз Алаш аманатын ұмытсақ, онда өзімізді өзіміз ұмытқан боламыз. 
«Оян, қазақ!» идеясын жалғастыру жолы – әсте еліміздегі басқа халықтарды қақпайлау немесе көрші елдерге қарсы тұру жолы емес, қайта мемлекет құрушы ұлттың рухын көтеріп, жағдайын жасап, басқаларға үлгі болу дегендік. Міне, мәселенің үлкені осында жатыр. Өйткені қай өңір, қай ел болмасын, мемлекет құрушы ұлттың жағдайы жақсы болса, онымен қанаттас, тыныстас халықтардың жағдайы да әрине, жақсы болмақ. 
«Оян, қазақ!» кітабы, онда айтылған идея, ойлар дәуір ағыстарында, ғасыр тоғыстарында, тіпті аласапыран кезеңдерде де өз құндылығын жоғалтпайтыны анық. Ол ұрпақтан ұрпаққа өнеге болып, кешегі сұм заманның зары қайталанбасын деген ұлы тілекке ұмтылдырады. Қоғам дамып, адамзат идеологиясы өркендеген сайын биіктей беретін рухани алып шың болып менмұндалайды. Осынау биік шыңнан аққан сан тармақ мөлдір бұлақтар ұласа келіп, алып дарияға айналып, әр қазақтың жан дүниесінде мәңгі жағасы жасыл, құтты рухани тірегіне айнала бермек!
 

Марат Әбсемет, 
міржақыптанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор

«Ақиқат» журналы

589 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз