- Таным
- 15 Қазан, 2025
Тәртіпке үйретіп, қиялды дамытатын өнер
Сендер бір істі 21 күн бойы үздіксіз жасап көрдіңдер ме немесе 2009 жылдан басталған Inktober челленджі туралы естідіңдер ме? Бұл челлендждің идеясы – қазан айында күн сайын қара сиямен сурет салу. Шыны керек, бұған дейін бұл туралы естімегенмін. Тек осы айдың басында Facebook желісінде Елнар Беймиш деген суретшінің illustrator_kz ұйымдастырған Inktober челленджіне қатысып, күнде түрлі тақырыпта тұрақты түрде сурет салып, жария-лап жүргенін байқадық. Тіпті күн сайын оның жаңа жұмысын қызыға күтетін болдық. Суреттің адамды тұрақтылыққа үйрететінін, иллюстрация мен комикс жанры, жалпы сурет өнері туралы Елнардың өзінен сұрауды жөн көрдік.
Бала кезден басталған қызығушылық
«Шығармашылық жолым мектепте басталды», – дейді Елнар. Ол мектепте ағасымен бірге сыныптың газетін, плакаттарын безендіріп, түрлі сурет салған. Кейін байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иемденген. Осының бәрі оның сенімін нығайтып, «болашағым өнермен байланысты болуы керек» деген ойға жетелеген екен.
2010 жылы Елнар Шоқан Уәлиханов атындағы университетте дизайн және иллюс-трация мамандығы бойынша оқуын аяқтады. Университеттен кейін әртүрлі жерде жұмыс істеген, Алматыда газеттерде карикатура салып, мұқабаларға дизайн жасаған болса, қазір негізінен мультипликациялық жанрда сурет салып жүр. Айтуынша, бұл үлкен нарық әрі дамытуды қажет ететін сала. Әрі балалар әдебиеті – әлем бойынша ең алдыңғы орында тұрған жанр. Себебі ғылыми немесе тарихи кітап жазғанда міндетті түрде деректерге сүйеніп, зерттеу жасап, дәлел келтіру қажет. Ал балаларға арналған әдебиетте ондай қатаң шектеулер жоқ. «Бұл жанрда қиялды еркін дамытып, шығармашылық ойды кеңінен қолдануға болады. Ең бастысы – кітапта дұрыс ұғым, дұрыс тәрбие болуы шарт. Өкінішке қарай, кейде қазіргі әдебиет пен мультфильмдерде балаларға арналмаған тақырыптар (мысалы, ЛГБТ) енгізіліп жүр. Сондықтан мен балалардың мультфильм жанрын таңдаған кезде ең алдымен қиялды дамытатын, тәрбиелік мәні бар дүниелер жасауды мақсат еттім», – дейді суретші.
Әдет пен тәртіп
Елнардың сөзінше, егер суретші күн сайын қалам ұстамаса, техника ұмытылады, қол «шығып» қалады. Сол себепті ол күн сайын кем дегенде бір эскиз салып отыруға тырысады. Бұл қағиданы ол тек суретшілерге емес, кез келген сала мамандарына ортақ деп біледі: «Күнде сурет салу – менің әдетім. «Он мың сағат» деген қағида бар ғой: адам кез келген салада он мың сағат еңбек етсе, сол бағыттың шеберіне айналады». Осы тұста суретші оқырмандарымызға күнде сурет салатын Inktober челленджі туралы айтып берді. «Бұл бастаманы америкалық суретші жейк Паркер 2009 жылы бастаған. Оның мәні – қазан айында күн сайын тек қара сиямен қағазға сурет салу. Яғни цифрлы формат емес, дәстүрлі перо мен тушь арқылы штрихтап салу. Сол себепті ол «Inktober» – «қазан айындағы сиялы суреттер» деп аталады. Содан бері бұл челлендж әлем бойынша суретшілер мен шығармашылық адамдар арасында кеңінен тарады. Мен бұл туралы 2013-2014 жылдары естідім, бірақ ол кезде батылым жетпеді. Ал 2021 жылы өзімді сынап көруге бел будым. Күн сайын сурет салып, дисциплинамды қалыптастыруға пайдалы тәжірибе болды. Психологтар кез келген әдетті қалыптастыру үшін кемінде 20 күн қажет дейді. Inktober болса – 31 күндік үздіксіз тәжірибе. Соның арқасында сурет салу күнделікті қажеттілікке айналды», – дейді ол. Суретші болашақта басқа бағыттарда да осындай шығармашылық сынақтар ұйымдастырып көруді жоспарлап отыр.
Қиялдың күші және суреттің тәрбиелік әсері
Елнардың сөзінше, шығармашылықтың бастауы – қиял: «Альберт Эйнштейннің «Балаңыздың ақылды болуын қаласаңыз, оған ертегі оқыңыз. Тағы да ақылды болсын десеңіз – одан да көп ертегі оқыңыз» деген сөзі терең мәнге ие. Өйткені ертегі – тек қиял емес, адамның шексіз мүмкіндігін сезін-
діретін рухани құрал. Ертегі заңға бағын-байды, физика заңын бұзады, бірақ дәл осы еркіндік адамның ойлау қабілетін, қиялын дамытады. Мен оңтүстікте өстім. Ол кезде жарық жиі болмайтын. Айтып өткенімдей, әкем марқұм шамның жарығымен ертегілер оқып беретін. Сөйтіп менің суретке деген қызығушылығым басталды».
Суретші қиялды дамытатын дүниеден қашпауға кеңес берді. Өйткені ол адамның рухани көкжиегін кеңейтіп, өз әлемін құруға үйретеді. Елнар Астанадағы «Сана» орталығында арт-бөлімнің директоры қызметін атқарып, ата-аналармен және балалармен жұмыс істеген. Осы тұста ол қоғамда жиі кездесетін суретті тек арт-терапия немесе жан тыныштығын табудың тәсілі деген түсінікке назар аударды. «Әрине, бұл да дұрыс. Мысалы, сөйлеу қабілетінде тежелісі бар немесе аутизм спектріндегі балалар өз ойын сурет арқылы жеткізеді. Сурет олардың ішкі әлемін ашуға, эмоциясын білдіруге көмектеседі. Байқағаным, сурет – тек өнер немесе демалыс емес, адамдардың өз сезімін жеткізудің, бір-бірін түсінудің, қарым-қатынас орнатудың маңызды құралы бола алады», – дейді суретші.
Комикс – жаңа буынға жаңа тәсіл
Елнар бірнеше комикс салған. Оның айтуынша, Қазақстанда тарихи комикс жанры енді ғана дамып келеді, толыққанды жүйеге айналуы үшін уақыт қажет. «Шамамен төрт-бес жыл бұрын достарыммен әңгімелесіп отырып, өзіміздің тарихи тұлғаларымызды негізге алып, неге комикстер шығармасқа деген едік. Ол кезде жастар арасында «Өрмекші адам» сияқты суперқаһармандар өте танымал болды». Сол ойдан туған идея қазір жобаға айналған. Елнардың айтуынша, тарихтағы Бейбарыс сұлтан, Томирис, Шыңғыс хан, Аттила сияқты тұлғалардың өмірі мен ерлігі жастарға үлгі боларлық. «Комикс жанры арқылы сол тарихты эмоциямен, динамикамен, көркем бейнелер арқылы жеткізе аламыз деп ойладық», – дейді ол.
2024 жылы жазушы Зәуре Төрехан Елнарға хабарласып, тарихи деректерге сүйеніп, көркем әдебиет стилінде комикс жасау туралы ұсыныс білдірген. Бұл ұсыныс суретшінің бұрыннан көкейінде жүрген арма-нымен үйлескен. Осылайша олар тарихшы Жақсылық Сәбитовпен бірлесіп, тарихи комикстер серия-сын бастады.
«Қазір он тарихи тұлғаны қамтитын комикстер сериясын жоспарлап отырмыз. Бірінші жур-налымыз – Жошы хан, екіншісі – Батухан, үшіншісі – Берке хан туралы. Құдай қаласа, төртінші нөмір де жарық көреді. Үшінші кейіпкерден кейін өзгеше бағыт іздеп, төртінші журналды Тұрандотқа арнаймыз. Апайымыз тарихи деректерді алып, оларды көркем әдебиет стилінде сценарийге айналдырады. Ол дайын болған соң біз сурет салуға кірісеміз. Қазір дәл сол кезеңдеміз», – дейді Елнар.
Елнардың пікірінше, тарихты комикс арқылы жеткізудің басты артықшылығы – жастардың ақпаратты қабылдау өзгешелігін-де. «Қазіргі буын визуалды дүниені тез қабылдайды. Әрине, көркем әдебиет қиялды дамытады, адамды терең ойлануға жетелейді. Кейде үлкендер комикс қиялды шектейді деп ойлайды, себебі онда бейне дайын тұрады. Бұл жағынан олар дұрыс айтады. Бірақ қазіргі жастарды гаджеттен алыстатып, парақ ұстатып, кітапқа қайта үйрету үшін комикс – ең ыңғайлы құрал. Сондықтан мен үшін комикс – әдебиетке бастайтын көпір», – деп түсіндірді ол.
Суретші – тұтас индустрияның жүрегі
Елнардың пікірінше, бала қандай мамандық таңдаса да, ата-ананың ең үлкен міндеті – оның ішкі еркіндігін сақтау мен сенім білдіру. Суретші мысал ретінде белгілі қазақстандық кәсіпкердің желідегі жазбасын еске алады: «Оның қызы екі сағат бойы көздің жанарын, кірпігін әдемілеп салып, әкесіне мақтанышпен көрсетіпті. Әкесі сырт көзге қуанып, іштей «қызым менің бизнесімді жалғастырады» деп ойлапты. Бұл – ата-ананың өз арманын баласына таңуының мысалы. Егер бала суретші болғысы келсе, «одан не шығады» деп емес, «қалай дамуына көмектесемін» деп ойланған жөн», – дейді Елнар.
Суретші өз тәжірибесінен мынандай мысал келтірді: «2010 жылы оқу бітірген соң, енді қайда барамын деген ой болды. Ол кезде суретші десе, көпшілік тек мектеп мұғалімін елестететін. Бірақ мен ұстаздыққа дайын емес едім. Netflix, Disney, Pixar, Warner Bros сияқты киностудиялардың шығармашылық процесін зерттедім. Бір қызығы, ірі жобаларда режиссер алдымен актерді емес, концепт-художникті шақырады екен. Өйткені көрермен экранда көретін әлемді ең бірінші жасап шығаратын – суретші. Ол сценарийді оқып, режиссердің ойын визуалды түрде бейнелейді. Кейін сол суреттер негізінде костюм, декорация, жарық пен түс палитрасы анықталады. Яғни, фильмнің эстетикасы – суретшінің еңбегі. Сол кезде дипломымның бекер емес екенін түсіндім. Суретші сабақ берумен шектелмейді, ол – тұтас индустрияның жүрегі. Мультфильмдерде, ойындарда, кітап безендіруде, жарнамада – бәрінде суретшінің қолтаңбасы бар», – дейді ол.
Елнардың айтуынша, Қазақстанда бұл сала бұрын әлсіз дамыған, бірақ интернеттің арқасында жағдай өзгеріп келеді. «Қазір жастар шетелдік курстарды онлайн оқып, үйде отырып-ақ тәжірибе жинай алады. Ең бастысы – орта қалыптастыру. Мысалы, шетелде түрлі бағыттағы суретшілер жиналып, параллель басқа да шаралар өтетін орталықтар бар. Осындай жүйе бізде де болса ғой деп армандаймын. Бірақ оған жету үшін жастар өз комьюнитиін құруы керек», – деп түйіндеді ол.
Жазира БЕКБОЛАТ
«Ұлан»
707 рет
көрсетілді0
пікір







