- Таным
- 17 Қазан, 2025
Білім мен біліктілік егіз ұғым
Орталық Азияның білім астанасына айналып отырған Алматыда QS Central Asia аймақтақ рейтингісінде үздік университеттердің алғашқы ондығына кірген Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті (ҚазҰТЗУ) енгені мәлім. Осы талапты орындауда аянбай еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Соның бірі – ҚазҰТЗУ-де адал қызмет етіп, ғылым жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан, қазақтың талантты қыздарының қатарында есімі ілтипатпен аталатын ұлағатты ұстаз, техника ғылымының кандидаты, профессор, Халықаралық информатизация Академиясының (МАИН) академигі Төлеужан Байболқызы Нұрпейісова. Ол отыз жылдан бері тау-кен маркшейдерия, құрылыс инженерлері, геокеңістік цифрлы инженерия мамандарын даярлаған маман. Төлеужан Байболқызы замандастары мен әріптестерінің, шәкірттерінің арасында білімі мен парасаттың, ұстаздық пен ғалымдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Төлеужан Байболқызы 1955 жылғы 24 қазанда жер жаннаты Жетісу өлкесінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматыға келіп, ҚазПТИ-ға оқуға түсіп, оны «Басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша тамамдап, жолдамамен «Проектмонтажавтоматика» мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтында еңбек еткен. Жас маманға еңбек жолын небір күрделі ғимараттарды жобалаудан, оларды эксплуатацияға өткізуден бастау оңайға түскен жоқ. Сол кезеңде ол сан қилы сыннан мүдірмей өтті. Ол кез келген мәселені дербес шеше алатын батылдығымен, принципшілдігімен, жанашырлық қасиеттерімен көзге түсе бастады.
Төлеужан 1989 жылы өзінің ұшқан ұясы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Тау-кен факультетінің технологиялық үдерістер мен өндірісті компьютерлендіру кафедрасына алғаш оқытушылық қызметке орналасты. Оқытушы бола жүре, жастардың жанашыр анасы болу Төлеужан Байболқызын 1999 жылы Тау-кен институты директорының штаттан тыс оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқаруға итермеледі. Тау-кен институтын Х.А. Юсупов басқарып отырған жылдары, біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің ұстаздық та, ұйымдастырушылық та қабілеттін көрсете білді.
ҚазҰТУ-де қазір көбінесе қазақ мектебін бітіріп келген балалар оқиды. Ауылдан келген балалардың қала өміріне икемделіп кету кезеңі оңайшылықпен өтпейді. Дәл осы кезде оларға түсіністікпен қарап, қамқорлық таныту қажет. Ата-анасынан жырақта жүрген баланың көңілі қашанда жүдеу болады ғой. Міне, осы кезде оларға жүректегі бар жылуын беріп, ең жақын адамындай болуға тырысып жүрген жандардың бірі емес, бірегейі – ұлағатты ұстаз, ғалым Төлеужан Байболқызы. Осынау жылдар бойы Т.Б. Нұрпейісова Қазақстандағы жоғары білім беру саласындағы ғылыми-педагогикалық еңбегі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі табысы үшін алғыс пен абыройға кенелген жан. Отыз жылдан аса еңбегінің әділ бағасы шәкірттерінің өзіне деген пәк пейілді, шынайы таза махаббаты деп түсінеді. Табиғатынан ширақ, ерінуді білмейтін Төлеужан Байболқызы көңілді, сергек жүріп, бір басына жүктелген қаншама жұмысты қиналмай істейді және ақы төленбейтін қоғамдық істерді де үздіксіз атқарады.
Профессор Төлеужан Нұрпейісова ғылыми-педагогикалық тәжірибесі бар білікті маман, геоақпараттық және инженерлік бағыттағы жоғары оқу орнының жетекші оқытушысы. Ол 100-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде Scopus және Thomson базаларындағы 8 мақаланың (h-индексі – 4), бірнеше оқулық пен оқу құралының авторы.
Төлеужан Байболқызы Қазақстан Ғылым және Жоғары білім министрлігінің қаржыландыруының арқасында «Сейсмикалық қауіпті аймақтардағы ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инновациялық әдістер мен бақылау құралдарын әзірлеудің геотехникалық мониторинг жүргізу» атты гранттық жобаны жүзеге асырып, жұмыс жүргізіп жатқаны ұйымдастырушылық қабілеті мен ғалымдық шеберлігінің бір көрінісі десек болады. Ғылыми жоба бойынша Төлеужан Нұрпейісованың жетекшілігімен сейсмикалық аймақтарды орналасқан «Алматыметроқұрылысы», «Қапшағай және Өскемен электр станциялары» құрылысын мониторингілеуде инновациялық патенттерге қол жеткізді, әртүрлі конференция мен халықаралық симпозиумға қатысып, отандық ғылымды шетелдік ғылыми қауымдастықтарға танытуға үлес қосып жүр. Төлеужан Байболқызы көптеген жас ғалымдардың ғылымға бет бұруына бағыт-бағдар беріп, ғылыми жетекшілік жасайды. Ол магистранттар мен бакалавр дәрежесіндегі студенттердің ғылыми жобасы мен дипломдық жұмысын табысты басқарып, 2024 жылы жетекшілігіндегі студенттік команда республикалық пәндік олимпиадада І дәрежелі дипломмен марапатталды. Төлеужан Нұрпейісованың еңбегі жоғары бағаланып, БҒМ Құрмет грамотасымен, Қ.И.Сәтаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың «Айрықша еңбегі үшін» медалімен, Алматы қаласының «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен, халықаралық көлік академиясының П.П. Мельник атындағы медалімен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым үздігі» дипломымен марапатталған.
Төлеужан Байболқызы ҚазҰТЗУ-дың сапа менеджменті жүйесінің сарапшысы, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын өзіндік бағалау жөніндегі жұмыс тобының белсенді мүшесі. Қазақстанның инженер мамандарды дайындайтын ұлттық университеттің ұлағатты ұстазы Т.Б.Нұрпейісованы білім берудің бүгінгі талаптары төңірегінде сөзге тартып, «Әлемдік білім кеңістігіне кіру үшін не істеу керек?» деген сауал қойдық.
– Қазір бәсекелестіктің заманы. Бәсекеде жеңіске тек білімділер ғана жететіні ақиқат. Білім мен біліктілік егіз ұғым. Біліктілік бар жерде күш те, бедел де бар. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін жоғары білім беруді халықаралық деңгейге көтеру қажет. Сонда ғана, еліміз сенім артып отырған бүгінгі студент, ертеңгі мамандар жаңа заман талабына сай, терең білімді, пайым-парасаты мол, өрелі жастар болмақ. Сондықтан да әлемдік білім кеңістігіне ену үшін Халықаралық стандарттау ұйымы (Internationai Standard Organisation) дайындаған стандарттар сериясының талабынан кем түспейтін, ұлттық ерекшеліктеріміз ескерілген сапалы білім беру қызметін ұйымдастырудамыз. Себебі біздің ғасыр – білім, ғылым және сапа ғасыры. Осы үшеуі элитарлық білімнің де
негізі, – дейді профессор Т.Нұрпейісова.
Балаларының да, студенттерінің де ұлағатты ұстазы Төлеужан Байболқызы – талапшыл. Өйткені ол – алдымен жоғары талапты өзіне қояды. Төлеужанның қарапайымдылығы мен табандылығы талай адамға үлгі тұрарлық өнеге.
Биыл – Абай жылы. Абай адамдықтың биік деңгейін өзінің қара сөзінде «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп кесіп айтқан. Абайдағы «толық адам» туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айқын көрсетілген.
Абай» «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жай ғана адам емес, рухани турғыда кемелденген толық адам. Демек, біздің жетпіс жасқа толғалы отырған Төлеужан Нұрпейісова ғылым, білім, тәрбие, өнер, іскерлік, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық бойына дарыған «толық адам» деген мәртебеге ие дегім келеді.
Маржан Нұрпейісова,
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры,
техника ғылымының докторы,
академик
«Ана тілі»
731 рет
көрсетілді0
пікір







