- Таным
- 19 Қазан, 2025
Тереңнен тартқан тамыр
Көрнекті жазушы-драматург Қалихан ЫСҚАҚ шығармашылығы туралы
Әлия БӨПЕЖАНОВА,
сыншы, мәдени сарапшы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері
Қазақ руханиятында, әдебиеті мен өнерінде үлкен құбылыс деп танылған 60-жылғылардың орны қашанда ерекше. Бұл буын тәуелсіздіктің келуіне қандай үлкен үлес қосса, тәуелсіздік келгенде оның қуанышын қуаныштап, қиындығын бір кісідей көтеріп, қоғамға, әлеуметке зерделі ой, орнықты сөзімен ықпал етті. Тарихымызды көркем түгендеу, бүгінімізге зерделі көзқарас та осы буынның шығармашылығында мейлінше мәйекті шықты. Бұл ретте осы буынның ғана емес, жалпы ұлт әдебиетінің көрнекті өкілі Қалихан Ысқақтың есімі аталады.
Қай кезде де өзінің әу бастағы болмысына сай үлкен қажырмен еңбек еткен, шығармашылық мінез-сипаты қазақтың өзіндей қоңыр, сабырлы, сөзі құнарлы суреткердің өнербаяны дертіп тұрған өмірдің өзінен бастау алады. Қазақ әдебиетiне 60-жылдар бедерiнде келген талантты жас буынның балалық шағы елiмiздiң талайлы тағдырлы 1937 жылдарына, Ұлы Отан соғысы кезеңiне тап келдi. Балалығын уақыт, жағдай, жеңiс еншiсiне берiп, буыны ерте қатайған, көкiрегiнде байланған мұңы, қордаланған қайғысы бар бұл буынның шығармашылығында алдымен соғыс тақырыбы, соғыстың, оның алдындағы зобалаң жылдардың адам баласына әкелген қайғы-қасiретi, кесепаты суреттелді. Мұның айқын да көркем мысалдарының бірі – жазушы Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз едi» повесiнен басталып, «Ағайындар», «Менiң ағаларым», «Бұқтырма сарыны» повестерiнде, Алтай өңiрiнiң кешегi мен бүгiнін қатар суреттеген «Тұйық», «Қараорман», «Ақсу – жер жаннаты» романдарында жалғасатын жарқын шығармашылығы.
Алтай өңiрi демекшi, Алтай – Қалихан Ысқақовтың өз Йокнапатофасы. Жазушының зерттеу объектiсi негiзiнен осы Алтай өңiрi, оның кешегiсi, бүгiнi және ертеңi. Бұл тұста Алтай географиялық ұғым ғана емес, әлеуметтiк-адами үлкен орта және де жазушы сол ортаны жаза отырып адамзаттық ортақ шындықтарды iздейдi. «Қоңыр күз едi», «Ағайындар», «Менiң ағаларым» повестерiндегi жекелеген өмiрбаяндық фрагменттер жинақтала, тұтаса келе бiр ұрпақтың адамгершiлiк-риялық болмыс-бiтiмiн танытады.
Жалпы Қ.Ысқақ шығармашылығы таза реалистiк дәстүр аңғарында дамып-түрленіп отырғанын айтуымыз керек. Қазақ әдебиетiндегi лирикалық прозаның iнжуi саналатын «Қоңыр күз едi» повесiнен бастап-ақ хас өнердiң мұраты – адам жанының рухани түлеп-тазаруына, кемелденуiне әсер ету үдесiнен шыға алды. Мына дүниенi ащы-тұщысымен, қым-қуыт қайшылықтарымен суреттеу арқылы өмiр шындығынан ақиқат iздедi. Жазушының «Ағайындар», «Менiң ағаларым» повестерiнде қарапайым, өз борышына мейлiнше адал, жауапкершiлiгi мол, уақыт жүгiн көтерген атпал азаматтар бейнесi арқылы өз замандастары, құрдас-құрбыларының ұжымдық жинақ портретiн жазды десе болады.
Қай жазушының өзi үшiн бiрегей, әдебиет үшiн орны ерек шығармасы болары хақ. Қ.Ысқақовтың осындай туындысы, бiздiңше, философиялық-психологиялық пландағы «Тұйық» романы. Әдеби сынның да, жаңа ұрпақ, жаңа оқырманның да әлi талай оралып, қайта оқыр, уақыт өткен сайын жаңа бiр қырларымен ашыла түсер роман. «Тұйықтың» бас кейiпкерi Қажымұраттың қиын да күрделi тағдыры қоғамдық-әлеуметтiк және адамдардың өз арасындағы қарым-қатынасының диалектикасы әрi қайшылығы арқылы суреттеледi. Романда әдетте жанр шарты болып есептелетiн кең құлаштылықты шағын көркемдiк кеңiстiкте зерттелер, зерделенер өмiр, тереңнен тартылар, сан қабат күрделi тартыс алмастырады. Өткен күн мен бүгiнгi таң оқиғалары қосақабат өрiлiп, уақыт пен кеңiстiк аражiгi ажырамай жымдасып кетедi. «Тұйықта» кейiпкерлердiң еске алулары немесе тiкелей мағынасындағы шегiнiстер жоқ, есесiне кейiпкерлердiң iшкi монологтары, қажет кезде авторлық ой ағынымен жымдаса берiлетiн диа-монологтар мол. Подтексттi, астарлы ойлы романда қоғамдық-тарихи өзгерiстердiң жеке адам тағдырындағы да, халық, ел тағдырындағы да рөлi, алар орны нақты оқиғалар дамуы барысында ашылған. Оқиғалардың өзiнен гөрi кейiпкерлердiң оған қатысы, көзқарасы психологиялық iшкi иiрiмдер негiзiнде салмақтырақ түсiп отырады.
Жалпы Ысқақов шығармаларын оқығанда Хемингуэйдiң көпке мәлім «мұзтау» («айсберг») поэтикалық принципi ойға орала бередi. Бұл поэтикалық ұстаным жазушы шығармашылығының көркемдiк, суреткерлiк аспектiсiнен де, ал, ең бастысы, өзi суреттеп отырған уақыттың, адамдардың психологиясын зерттеу жолдарынан да байқалар едi. Жазушы оқиғалардың өзiнен гөрi кей реттерде кейiпкерлердiң сол оқиға-құбылыстарға деген қатынасы, көзқарасына көбiрек жүк артады дедік. Мәселен, «Менiң ағаларым» повесiндегi кейiпкерлер табиғатынан; әсiресе, осы «Тұйық» романында жазушы «қолмен ұстап, көзбен көрсетпесе» де Қажымұрат тағдырының иiрiм, қатпар-қыртыстарын, оның басына келген «зауалға» уақыты, қоғамдық жағдайы, саясат кiнәлi екенiн сезiнiп отырасыз. Романның алғашқы нұсқасында «Үндемей өткен адам» аталуының, тiптi бас кейiпкердiң мылқау болуы – физиологиялық кемтарлық қана емес, санасы өрелi, жады-зердесi мықты, рухы биiк жандардың үн шығармауы үшiн жасалған қоғамдық ахуалдың да көрiнiсi. Жазушы негiзгi айтарын өзiнiң эстетикалық-көркемдiк кеңiстiгiне сыйдыра бiледi. Сондықтан да романда iшкi кеңiстiк, тыныс, ұстамды стиль бар. Әуен-әуезi жарқылдан гөрi жарқын мұңға жетелейтiн; адам ғұмырының мәнiн, адамдық қасиеттердiң құдiретi, күш-қуаты туралы салиқалы ойларға бастайтын шығарма кезінде жазушының ғана емес, қазақ әдебиетiнiң өскен биiгiн танытар көркем дүние болды.
Қалихан Ысқақов буынының көркемдiк iзденiстері одақтық, дүниежүзiлiк көркем тәжiрибелермен қанаттаса жүрiп отырды. Бұл буын сол тәжiрибелердi қорыту, сыни қарау арқылы өзiне қажетiн ғана қабылдап, дәстүрдi байыту арқылы көркемдiк көкжиектерiн кеңейте түстi. Дүниежүзiлiк көркем тәжiрибенi игеру, оны дәстүрлi аяда дамытудың бiр көрiнiсi – Қ.Ысқақовтың осы «Тұйық» романы. Мәселен, осы романда жазушының Э.Хемингуэй, Г.Белль шығармаларындағыдай уақыт пен кеңiстiктiң арасына жiк түсiрмей, оқиғалар ағымын анықтап-ажыратуды оқырманның өз еншiсiне қалдыратын әдiс-тәсiлге бой ұрғаны айқын аңғарылады.
Жалпы шығармашылығында адамға деген махаббат, аяныш, кешiрiм, түптiң түбiнде адамның рух мықтылығымен жеңерiне деген сенiм бар Қ.Ысқақ адам бақытсыздығының себебiн қоғамның даму деңгейiмен, қоғам дамуындағы қайшылықтармен, орта, әлеуметтiк жағдаймен тығыз бiрлiкте қарастырады. Суреткер ұғымында – адам бойындағы жағымсыз қасиеттер туа бiтпеген. Оның бәрiн адам тағдыр тәлкегiне түскенде жамап алады. Бiрақ, қанша дегенмен, адамның аты – адам. Жүрегiнде iзгiлiктiң, жақсылықтың, адамгершiлiктiң сәулесi бар. Соны таба бiлу керек. Оята бiлу керек. Сондықтан да суреткер кейiпкерлерiнiң де, замандастарының да бойынан осындай қасиеттердiң ұшқынын iздейдi. Бұл сипаттар, әсiресе, оның «Қараорман», «Ақсу – жер жаннаты» романдарында көрiнiс тапқан.
Қараорман – тек қазақ емес, бүкiл түркi ұғымында Отан, ел-жұрт деген мағына бередi. Қара орманың үшiн не тындырдың, не жасадың, не жасамақсың? Бабаңнан кейiн не өзгердi, атаңнан кейiн не өзгердi? Сенен кейiн не өзгермек? Осындай сауалдарға жауап iздейтiн «Қараорман» романынан жазушының уақыттың көкейкестi мәселелеріне қосқан азаматтық үнiн; адамсүйгiштiк, имангершiлiк, iзгiлiк атаулыны уағыздайтын дауысы естiледі. Заман, уақыт талабымен аяқты тең басып, туған жер, аймақ, ел атты ұғымдардан кеңiнен ойлайтын iскер басшы Сиғат, туған ел-жерсiз өмiрiнiң мәнi жоқтығын сезiнген Жақып, азаматтық-әлеуметтiк санасы ендi толысып, ендi-ендi қимыл-қарекет көрсету қамындағы Бекет – авторлық үлкен идея арқаланған бейнелер.
Жазушы «Қараорман» жарық көрген соң араға бiраз жылдар салып барып «Ақсу – жер жаннаты» атты көлемді романын ұсынды. Осы романы үшін 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның Республикасы Мемлекеттік сыйлығының алғашқы лауреаты атанды. «Ақсу – жер жаннаты» – негiзi «Қараорманда» қаланған; Алтай аталатын иен өлкенiң бүгiнгi-кешегi, талайлы-талапайлы тағдырының нәтижесi екенiн, ал болашағы бүгiннен қаланарын суреткерлiк ой-зерде, көңiл-көзбен жiтi барлап, жентектей таратқан, тараулатқан күрделі туынды.
Роман негiзiнен бүгiнгi заманды, Алтай өңiрiнiң өткен ғасырдың соңғы онжылдықтарын қамтиды. Дей тұрғанда, романның көркемдiк әлем ауқымы бұл кезеңмен ғана шектелмейдi – Алтайдың, оның әлеуметiнiң сонау ғасыр басынан бергi тағдырына, тыныс-тiршiлiгiне ортақтастырады, сан тарау ащы сауалдарға да жауап iздетедi. Кеңес үкіметінен күткен жұмақ өмiр неге орнамады, Жерұйық неге табылмады? Ел неге тозды, жер нелiктен азды?.. Ел iшiндегi рухани кедейлiктiң, ошақ басының тексiз кiршеңдiгiнiң, түп-тамыры неден, қайдан? Айтысайын десе – айыпкерi, алысайын десе – жауы жоқ боп дал болған елдiң қосы қайтсе бүгiн бүтiнделмек?
Себепсiз салдар жоқ. Ел азса жер тозады, жер азса ел тозады. Жазушы өнерiне өзек болған Алтайдың жүдеу тыныс-тiршiлігiнiң себебiн әрiден, арыдан iздейдi. Патшалық Ресейдің отарлау саясатының зардабын, Шерубайдың әкесi Сапаның толғамымен айтсақ, «....Патша заманын да көрген, қазаққа ақ патшаның ұсынған дәмi де зәhәрдан ащы, қыл бұрауы қылыштан да өткiр екенiн және бiлетiн, бiр мың да жетi жүз тоқсаныншы жылдардан басталған переселен бұратана халықтың қанын судай шашып, жерiн, қонысын тартып алып, Алтайдың асуына апарып тыққанда да арашашы табылмаған... Жер деген шiркiннiң қасiретi қатты, қара орманның тақсiретi онан да зарлы екенiн»;
Бұқтырма мен Қатынның суы қан боп ағып, Алтай өңiрi қан-жын сасыған кездi де, кеңес өкiметi орнаған соң асыра сiлтеудiң, кемзерделiлiктiң қамшы үйiргенiн, көздi бақырайтын қойып ақ малын пулеметпен қырып салғанды, жұт-аштықты көрген ел, игi жақсыларынан көзбе-көз айырылған, басын тауға да, тасқа да соққан елдiң:
басына түскен апат-аштықта Жанжiгiттей зерделiсi болмай, қырылып қалған ауылдардың тағдыры, сонау алмағайып кезде ағайыннан айырылып немесе бар жекжаттың өзiнен шапағат көру мұң болған шақтардың мұзы осы күнге дейiн ерiмей жүрген адамдардың тағдыры;
көкпарға түскен тоқтыдай боп бiресе анда, бiресе мында қарап тозығы шыққан шаруашылықтардың тағдыры; өртенген, оталған орман, бүлiнген болмыс, қыңыр-қисық, мешел мiнездер. Ағайын-туыс, елдес-ауылдас, рухтас-мұраттас боп бiр-бiрiмен қоян-қолтық ғұмыр кешкен кейіпкерлердің өмiр жолдары өрмекшiнiң торындай астаса шырмалып жатады.
Романда жазушының негiзгi ой жүйесiн анықтай алып шығар кейпiкерлердiң бiр парасы – «адамның басы – Алланың добына» айналғанда адам табиғатының қалай қырық құбыларын, өзгерерiн, жалпы адам баласының жабы, жәутiк болуындағы қоғамдық-әлеуметтiк атмосфера-жағдайдың рөл-үлесi», адам бақытсыздығының түп-тамыры қайдан туындайтынын бағамдатар; жазушының өзi қаншалықты аяусыз «ұрып-соғып», уытты тiлiмен түйреп отырғанмен де үлкен жанашырлықпен, аянышпен (аяу, жаны ашу үлкен махаббаттан ғана туындайды) суреттеледi.
Шығарма қоғамымыздың хал-жағдайы, адамдарды кіріптарлыққа душар етер алапат механизмнің табиғаты туралы ойға қалдырады.
Жазушы – Алтай, оның тұрғындарының тағдыры, экологиясы, жарты ғасырға жуық тыныс-демiмен бiрiге-бiрегейлене отырып дүниәуи ұғымдардан ой кешедi. Бiздiңше, бұл роман бүгiнiмiздi де, әлеуметiмiздiң бастан өткерген тарихи шындықтарын, ақтаңдақтарын да төл әдебиетiмiзде көркемдiк тұрғыдан зерделеген алғашқы кең тынысты туындылардың бiрi. Бұрыннан жұлын-жүйкенi бiтеп жүрген аласапыран ой, қылбұрауға түскендей күй кешкен сезiк-сезiм, аста-төк материал ақ қағаз бетiне бiр деммен төгiлiп түскендей сезiледi. «Бiр деммен» дегендi көңiл қалып-күйi, шабыт ұғымынан айтып тұрмын. Ойы қордалы, сөз суретiнiң тек Қалихан Ысқақовқа ғана тән сұлулық, саздылығы, сыңғыры, бейнелiлiгi тiлмен айтып жеткiзе алмастай туындының азаматтық үнi айқын естiледi. Ал, түйiндей келгенде, «Ақсу – жер жаннаты» – рухани-эстетикалық қазынамыздың тарихи зерде, ұлттық зерденiң толыға түсуiнде, уақыт, замана тынысына қосар үлесi мол, күрделi көркем туынды.
Суреткер шығармашылығын тұтастай қарастырғанда – ғасыр жүлгесiндегi iлгерiлеу, тоқырау, iркiлiстер, соқтықпалы-соқпақты әлеуметтiк даму жолымызды, адамдар санасындағы өзгерiстердi, рухани өсу жолдарын түйсiнуге болады. Оның соңғы кезең шығармаларының бірі «Беу, ақсақ дүние!» повесінде де сол Алтайдағы Шоққайың ауылының өмірі бір адамның өмір-тағдыры арқылы жүлгеленеді. Ойы тығыз-нығыз, сөзі қатпарлы, бейнелі суреткердің әр сөйлемі терең тарихқа тартады.
Қ.Ысқақтың ең соңғы көлемді шығармасы «Келмес күндер елесі» – атты қос томдық өмірбаяндық роман-эссесі. Балалық шағынан бастап ХХI ғасырдың алғашқы онжылдығына дейінгі аралықты қамтитын туындысында жазушының туған, өскен, есейген, қалыптасқан ортасы, әр кезеңдегі өзекті идеялар, аға буын, қатарлас қаламдастары, сонымен қатар ел туралы, елдің азаматтары туралы көркем дүние. Суреткердің туған елге деген үлкен махаббаты, терең сағынышы сезілетін бұл туындысы да тұнып тұрған саналы сезім, тарих, білім.
Ұрпақ жалғастығы – дәстүр сабақтастығын да, салқындықты да; рухани туыстықты да, кереғар-қайшылықтарды да қатардағы қарапайым жандардың күнделiктi тiршiлiгi, ой-сезiмi, өкiнiшi мен өксiгi, мақсат-мұраттарымен өлшеп-безбендейтiн, зерделейтiн жазушының елдің бүгіні мен болашағына деген әрі алаңы, әрі өсиеті сынды туынды.
***
Суреткер Қ.Ысқақтың осы болмысы драматургиялық шығармашылығында да бек көрінеді. Драматургиясының алғашқы кезеңіне жататын, 70-жылдары жазылған «Қараша қаздар қайтқанда», «Сайқының ұрпақтары» комедиялары және тәуелсіздік кезеңінде, 2000 жылы көрнекті актриса Хадиша Бөкееваға арнап жазған «Қылкөпір» драмасы кешегi мен бүгiнгi өмiр-шындығымыз, әлеуметiмiздiң тұрмыс-шындығы, қоғамымыздың әр кезеңінің әлеуметтiк-психологиялық көкейкестi мәселелерiн көтереді. Қ.Ысқақтың жазушы-драматург Әкiм Таразимен бiрiгiп жазған (жалпы Қ.Ысқақ соавторлықта жазудың да шебері) «Апа-апатай», «Жәке-жәкетай», «Кемпiр iздеп жүрмiз» атты уытты комедиялары да осы тектес. «Қараша қаздар қайтқандағы» қария Асан, қариямен рухани мұраттас жас жiгiт, көмекшi шопан Асан, «Сайқының ұрпақтарындағы» жас шопан Қоянбектердiң көзiмен көрiнетiн әдiлетсiздiк, бұрмалау, алдаулар, адамгершiлiкке жат басқа да жағдаяттар – қоғамдық-әлеуметтiк шындығымыз еді. Кезінде одақтық аренада аса резонанс тудырған А.Вампилов, В.Шукшин туындыларымен рухтас бұл драмаларды бүгiнде қайтара оқысаңыз – драматург-суреткердiң қоғамымыздың өлiара келбет-болмысын, жалпы атмосферасын сынған сүйектi бiрден таныр сынықшы-оташыдай тап басып ұстағанын мойындамасқа әддiңiз жоқ. «Қараша қаздар қайтқанда» драмасы кезінде Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрында қойылыпты. Бұл драма бойынша кезiнде фильм түсiрiлсе, «Сайқының ұпрақтары», сондай-ақ Ә.Таразимен бiрiгiп жазған комедиялары әлі күнге дейін сахна жүзін көрген жоқ.
Көрнекті жазушы-драматург драма жанрында тәуелсіздік кезеңінде де өнімді жазды. Әріптесі Ә.Таразимен бірігіп жазған тағы бір драмасы – «Алатау сынды алыбым». Жыр алыбы Жамбылдың өмірі мен өнері жаңа көзқараспен зерделеніп, мұхит жыры мен өміріндегі трагедиялық қарама-қайшылықтар жүлгеленген драма 1996 жылы, Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығында М.Әуезов театрында қойылды.
Суреткер Қалихан Ысқақ шығармаларының барлығының дерлік жеке өмірбаяндық, әулеттік-тектік негізі бар. Оның романдарына Алтайдың, Алтай тұрғындарының өмір-тағдыры негіз болса, драмалық шығармаларының ішінде бұл санатқа «Жан қимақ» драмасын жатқызуға болады. Бас кейіпкері Ғабдылкәрім болыс Алтайдағы қаратай жұртының тағдырында ғана емес, жалпы ел тағдырында үлкен рөл атқараған тұлға. Прототипі жазушы-драматургтың ағайыны Әбдікерім Ережепов. Семейде 1920 жылдары Алаш партиясының бағдарламасы қабылданған кезде Әлихан Бөкейхановқа қосымша баяндамашы болған, кейін репрессияға ұшыраған. Негізгі кейіпкерлерінің бірі оқу бітіріп, елге бала оқытуға барған Сұлтанмахмұттың прототипі болып келетін «Жан қимақ» М.Әуезов театрында 1996 жылы қойылып, тарихи драма жанрындағы толымды туындылардың бірі ретінде танылды.
Қ.Ысқақ шығармашылығы, оның ішінде драмалары қашанда қазақ үшін, ұлт үшін аса маңызды тақырыптарды, мәселелерді тереңнен қаузауымен шоқтықты. Бұл ретте ол журналист Армиял Тасымбековтің Ақмола әйелдер лагері – АЛЖИР-де отырған тұтқын әйелдері туралы деректі шығармасы негізінде жазған «Кебенек киген арулар» пьесасымен ұлттық драматургияда репрессияға ұшыраған әйелдер тақырыбын алғаш көтерген автор болды. Пьесаны 1996 жылы М.Әуезов театрында режиссер Б.Атабаев қойды. Ал, оның белгілі драматург Шаһимардан Құсайыновпен бірігіп жазған «Қазақтар» тарихи драмасы ұлттық тарихымызды айқындауға сүбелі үлес қосқан шығарма. Бұл пьесаны 2006 жылы режиссер Т.әл-Тарази сахналады.
«Қазақтарда» сан ғасырдан бері мемлекет болуды аңсаған, сол үшін арпалысқан қазақ халқының өз хандығын құру жолы – Шайбани әулетінен шыққан өзбек хандарынан бөлініп, 1457 жылы Шу бойына көшіп қонған Жәнібек хан мен Керей сұлтан тұңғыш рет қазақтың тәуелсіз мемлекетін жариялауы, Қазақстан геосаяси картадан өзінің тұрақты орнын алуы бейнеленеді. Пьесадағы тағы бір маңызды идеяны алып шығатын желі – бір халықтың екіге бөлініп кету, яғни қазақ пен өзбек болып бөліну трагедиясы. Көрнекті драматургтың танымында бұған басты себеп – тіршілік заңы-салттарындағы айырмашылық. Әбілқайыр мен оның немересі Мұхаммад Шайбани шариғат заңымен өмір сүремін деп, дін күшімен жаппай билік жүргізбек болды. Қазақтар тұрмыс-тіршілік заңымен (по закону бытия) өмір сүрудің, сол арқылы ел болудың жолына түсті. Тарихи драмада осының бәрі нығыз да жүйелі түрде бейнеленеді.
Қ.Ысқақ төл туындыларымен қатар әдебиетiмiздiң классиктерiнiң туындыларын сахнаға лайықтап жазуда да осы принципті ұстанады. Оның М.Әуезовтiң «Қараш-Қараш» повесi оқиғасының сарыны бойынша жазылған «Таңғы жаңғырық» әлеуметтiк тарихи драмасын кезінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақ ССР халық артисі Б.Омаров өте сәтті қойғаны театр тарихынан белгілі. Көрнекті режиссер бұл драманы кейіннен Талдықорған қаласындағы қазіргі Жетісу облыстық театрында да қойды. «Таңғы жаңғырық» кезінде Торғай облыстық театрында режиссер Ж.Хаджиевтің, ал 2014 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында режиссер Ә.Оразбековтің заманауи интерпретациясында жаңаша сахналанды.
Б.Майлин әңгімелері бойынша жазған «Сабатажж!!!» комедиясын М.Әуезов театрында режиссер Ә.Рахимов қойса, Ғ.Мүсiреповтiң «Ұлпан» романы негiзiнде жазылған осы аттас трагедиясын Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер және Талдықорған облыстық театрларында Б.Омаров, Қарағанды облыстық театрында режиссер М. Байсеркенов сахнаға шығарды. Жалпы Қалихан Ысқақтың көркем прозаны сахнаға лайықтаудың – қай шығарманың да негiзгi өзек-идеясынан ауытқымай, керегін тұжырымдап ала білудің шебері. Айталық, «Ұлпанда» бас кейіпкердің трагедиясын уақыт, қоғам, орта трагедиясы етiп суреттейдi. Уыздай Ұлпанның өзiнен қырық жастай үлкен Есенейге шығуы алғашында трагедия сияқты сезiлгенмен, тереңнен ойлағанда, Есенейге, Есеней берген мүмкiндiк арқылы елiне мысқалдай да болса жақсылық жасауында екенiн мойындайсыз. Ел бiрлiгiн сақтау, руаралық қақтығыстарды тоқтату жолында Ұлпан Есенейге алғашында сенiмдi көмекшi, ақылқосары, рухани серiктесi болса, уақыт өте келе оның iсiн iлгерi дамытушы, жаңашыл-реформатор деңгейiне көтерiледi. Олардың қарсыластары осал емес. Ұлпан халық сүйiктiсiне айналғалы беделі тая бастағанын сезiнген олар, әшейiнде өзара қырық пышақ болып жүргендерiн ұмытып, бiрiгiп Ұлпанға қарсы шығады. Елдi әйел басқарғанды намыс көргенсiп, Ұлпанды қайткенде де аластауға ұмтылып бағады да, ақыры дегендерiне жетедi. Жанр заңдылықтарын мейлiнше меңгерген драматург трагедияда Мүсiрепов сынды сөз зергерiнiң көркем тiл құнарын да сақтай отырып бiрегей композиция мен кейiпкерлер характерiнiң аса нәзiк драмалық нақыштарын айқындай түседі. Драматург Қ.Ысқақ Нобель сыйлығын алған әлем драматургтарын ана тілімізге көркем аударды, ол жеке жинақ болып та шықты. Түйіп айтқанда, мұндай шеберлік пен еңбекқорлық жас драматургтарға жақсы үлгі.
***
Әдебиетке 60-жылдар белесінде келген Қ.Ысқақ пен оның буынының ұлттық топырағы мықты болды. Бұл буын ауыз әдебиетінен сусындады, Абай мектебінен шыққан алашордалықтар идеясын түйсінді. Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтерді ұстаз тұтты. Қ.Ысқақ Б.Майлиннен көп үйренгенін айтады. Б.Майлиннің «Шұғасы», мысалы, поэзиядай оқылады. Суреткер Қ.Ысқақ та өз прозасына поэзия ырғағын беруге ұмтылды. Өзі бұл ретте «Тұйық» романын атаса, кейінгі буын өкілі Дидар Амантай поэзиялық проза биігі, қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ең үздік шығарма деп оның «Ақтоқым» әңгімесін атайды. Біздіңше, бұл ерекше сипат бүкіл шығармашылығына тән болғандықтан Қалихан Ысқақты қазақ әдебиетіндегі поэтикалық прозаның көрнекті өкілі деп тану орынды.
Қ.Ысқақ пен оның буыны әлемдік әдебиетті, ондағы көркемдік-эстетикалық парадигмаларды жақсы білді. Ол өз ой-толғамдарында кәсіби қазақ прозасының бастау көздерін тап басып айтады. Өзінің стильге неге «байланатынының» себептерін де. Стильдік, эстетикалық әсер-ықпал жағынан шартты түрде схемаға салғанда: М.Әуезов – Ж.Аймауытов – орыс әдебиетінің алтын ғасыры, әсіресе, И.Бунин – француз әдебиеті болып өрнектеледі. Жазушы әсем сөздің шебері Буниннен көп үйренген, шығармаларын қазақшалаған. Буниннiң сұмдық стилистiгiне таң қала отырып оның жазуынан аңқып тұратын поэзия иісін жеткізуді діттеген. Қ.Ысқақтың тілі аса көркем, әуездi, сан құбылмалы бояуға тұнып тұрады. Сөздiң дәмiн, иiсiн жанымен сезетiн; кескiн-келбетiн, құлақ-көзiн айыратын; сөз-құдiрет алдында мысқалдай да қиянаты жоқ жазушы шығармаларын оқып отырып тынысыңыз кеңейiп сала бередi: және де бұл орайда, бiздiңше, Аймауытов, Әуезов дәстүрлерiн өзiнше жалғастырып дамытқан суреткер туындыларын оқып шыққан соң өмiрiнде тайганы, Алтай өңiрiн көрмеген жан өзiн бiр уақ сол аймақтың табиғатымен оянып, табиғатпен көз iлетiн тұрғынындай сезiнедi.
Көркем тiл нәрiн, қазақ тiлiнiң қасиет-құдыретін сезiнгiсi келетiн жан, сондай-ақ қолына қалам алған талапкер жас Қалихан шығармаларын қайталай, қайырыла соғып, оқып отыруы керек-ақ. Жас қаламгерлердiң жазушыдан алар тәлiмi, үлгi-өнегесi көркем тiл төңiрегiмен ғана шектелмейдi. Оның көркем шығармалары да, публицистикасы да ұлттың бары мен жоғын түгендейді. Өзінің ой жүлгесімен қисындағанда – біріншіден, өткенiмізді дəрiптейді, яғни тарихты қалпына келтiреді, қажет болса, ұлттық рухта қайта жазады. Екiншiден – ұлттың қамы, уайымы мен мұңын басты назарда ұстайды. Демек, Қ.Ысқақтың өнер жолы ұлттық рух, ұлттық болмысты зерделетудің де жақсы мектебі.
729 рет
көрсетілді0
пікір







