Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Қазан, 2025

Ұлт мұрасын ұлықтаған Абай музейі

«Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абайды оқу – адам болудың жолын үйрену. Ал Абайды ұғыну – оның туған топырағына тағзым етуден басталады» деген Мемлекет басшысының пайымды сөзі бүгінгі күннің рухани бағдаршамындай. Осы ұлы мұраттың ұстынына айналған «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің» құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. Бұл – ұлт руханияты үшін айтулы белес, әдебиет пен мәдениет саласы үшін үлкен мерейтой.

Абай музейі – республикамыздағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей. Оның негізі 1940 жылы М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев сынды көрнекті тұлғалардың ұсынысымен қаланып, 1 сәуірде Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен құрылды. Сол жылдың 16 қазанында өз жұмысын бастаған музей қазақ руханиятына, әдебиетіне қызмет етудің, абайтанудың алтын ордасына айналды. Бүгінде бұл мекеме – республикадағы ең ірі музей-қорықтардың бірі, еліміздің рухани кеңістігінен берік орын алған, әлемдік деңгейдегі мәдени-ағартушылық орталық.
Абай музейін құру идеясы Мұхтар Әуезовтің «Абай юбилейі туралы» және «Зерттеушілерге» деген екі мақаласынан өріп тараған. Осы екі мақаладағы басты бағыттарға назар аударсақ, бүгінгінің кешегі негіздерін әбден тануға болады.
«Абайдың жүрген жері, Семей қаласындағы екі үйді ғана айтып қою керек емес. Абай оқыған Ахмет Риза медресесі деген медресенің үйі де қазірде Семейде бар. Және Абайдың көп өмірі қырда өтсе, сол қырдағы жайларын да бұрынғы қалпына келтіріп, сақтау керек. Бүгін төбесін қайта жаптырып, ішін бұрынғы қалпынша жабдықтап қойса, қолдан келмейтін іс емес.
...Абайдың өмірін, ісін зерттеу ретінде де бірталай тың жұмыстар бар. Оның ең үлкені Семей архивін тексеру, жандарал, ояз кеңселері мен облыстық, ояздық соттар архиві көп мағлұматтар беруге тиіс еді...» деген М.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды. Музей 1940 – 1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде орналасты.
Бұл үй – Абай Семейге келгенде түсіп жүретін үйлердің бірі. Музей экспозициясының бас кеңесшісі Әбіш Жиреншин болды, тақырыптық жоспарды жасауға және ұйымдастыруға сол кездегі Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Қайым Мұхамедханов, облыстық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Борис Аккерман атсалысты. Экспозицияның бірінші бөлімі «Абай заманы», екінші бөлімі «Ақынның өмірі мен шығармашылығы» деп аталды. Үшінші бөлім – Абайдың бөлмесінен көрініс берді. Музейдің бұл экспозициясы 1940 жылдан 1944 жылға дейін көрерменді қабылдады. Музей 1944 жылы Абайдың замандасы, жерлесі, әрі шәкірті Әнияр Молдабаевтың үйіне көшірілді.
Абай музейінің ғылыми-зерттеу бағытындағы елеулі кезеңі Ғылым Академиясы құрамындағы жылдар болды. Музей қызметкерлері белгілі тақырыптарға арналған зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақындық мектебі», Борис Аккерманның «Абайдың орыс достары» кандидаттық диссертациялары жазылды. Ақынның өміріне, шығармашылығына қатысты заттарды, қолжазбасын іздеу, зерттеу, көмегі тиетін адамдарды тауып, олардан құнды деректер алу ісі қолға алынды.
Бұл жөнінде Абайды көрген, оны жақсы білетін Төлеу Көбдіков, немере қызы Уәсилә, келіні Кәмәлия, немересі Ысрайыл, немере інісі Әрхам және тағы басқа туыс-жақындары көп көмек көрсеткен. 1950 жылы музей қызметкерлері Абай ауданына іссапарға шығады. Осы іссапарда тарихи орындарды, зираттарды фотосуретке түсіріп, сызбаларын сызып, ақынның архивін іздеу жұмыстарымен айналысқан. Экспедицияға Абайдың шөбересі Ишағы Жағыпарқызы да қатысады.
1967 жылғы 13 мамырда Абай музейі қаланың орталығында орналасқан ақын заманындағы көпес Роман Ершовтың үйіне қоныс аударды. Жөндеу және реэкспозициялық жұмыстар екі жылға созылып, бұл үйде музейдің үшінші экспозициясы 1969 жылғы маусым айында ашылды. 223,3 шаршыметр аумақты құраған экспозицияда «Абайдың балалық шағы», «Шығыстың классикалық әдебиеті және Абай», «Абай және орыстың классикалық әдебиеті», «Абайдың ақындық айналасы», «М.Әуезов – абайтану ілімінің негізін қалаушы» деп аталатын бөлімдер қызмет атқарды.
Осы кезеңдерде ғылыми ағарту жұмыстарымен қоса ғылыми-зерттеу, қорға құнды деректер жинақтау жұмысы да қатар жүріп жатты. Әсіресе ХХ ғасырдың 70–80-жылдары ішінде мұрағаттар мен ғылыми кітапханалардағы зерттеу жұмыстары Қазақстан көлемімен ғана шектеліп қоймай,  Омбы,  Мәскеу, Ленинград, Тобыл, Түмен, Қазан, Ташкент қалаларында да қарқынды жүрді. Бұл саладағы жұмыстарға музейдің жетекші ғылыми қызметкері Мұздыбай Бейсенбаевтың қосқан үлесі зор. М.Бейсенбаев музей қорын көптеген құнды мұрағат құжаттарымен толықтырды. Мұрағат деректері негізінде 200-ден аса мақалалары «Абай» энциклопедиясында басылып, «М.Әуезов» энциклопедиясына дайындалды.
Қазіргі таңда Абай музейі – Семей қаласы мен Абай, Мақаншы аудандарындағы он бөлімшенің басын біріктірген ауқымды құрылым. Бас музей кешені, Ахмет-Риза мешіт-медресесі, Жидебайдағы Абай музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, «Шәкәрімнің Саят қорасы» музейі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйі, Құндыздыдағы Шәкір Әбенов музей-үйі, Тақырдағы Көкбай Жанатайұлы музейі, Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлы музейі және Қарауылдағы Кәмен Оразалин музей-үйі – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы, оның айналасындағы рухани ортамен тығыз байланысты киелі орындар.
Музей қорында бүгінде 22 324 жәдігер, 16 443 дана кітап қоры жинақталған. Бұл құндылықтардың қатарында Абайдың өзіне тиесілі жеке заттар, ақынның қоғамдық қызметі, шығармашылық жолы, оның шәкірттері – Көкбай Жанатайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әсет Найманбайұлы сынды тұлғалар, Алаш қайраткерлері мен абайтанушылар Мұхтар Әуезов, Шәкір Әбенұлы, Қайым Мұхамедханов, Кәмен Оразалин сынды ғұламаларға қатысты мол мұра сақталған.
Абай музейінің басты міндеті – ақын мұрасын насихаттау, зерттеу, келер ұрпаққа жеткізу. Осы орайда музей қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу, ағартушылық, экспозициялық және мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асырып келе жатқанын атап өткен жөн. Музей көптеген отандық және халықаралық ғылыми, мәдени мекемемен, жоғары оқу орнымен байланыс орнатып, бірлескен жобалар аясында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Шәкәрім университеті, Абай академиясы, Абай атындағы ҚазҰПУ сынды іргелі оқу орындарымен ғылыми бағытта меморандумдар шеңберінде тығыз ынтымақтастық орнаған.
2025 жыл – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы және Абай музейінің 85 жылдығы қатар келген ерекше тарихи кезең. Осыған байланысты жыл бойы «85 жылдыққа – 85 игі іс-шара» тақырыбымен кең көлемдегі мәдени-ағартушылық, ғылыми-танымдық жобалар іске асырылды. Абайдың өлшеусіз мұрасын ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде насихаттау бағытында музей қызметкерлері тың бастамалар көтеріп, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырды.
Мәселен, Бердах атындағы әдебиет музейімен бірлесе отырып өткізілген «Абай және Қарақалпақ әдебиеті» атты халықаралық ғылыми–теориялық онлайн конференция – қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстарын жаңа қырынан ашуға жол салды. Ал Абай облысы әкімдігі мен Шәкәрім университетімен бірлесе отырып ұйымдастырылған «Адамзаттың Абайы: Руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция – Абай мұрасын зерттеудің жаңа парақтарын ашты. Бұл басқосуларда отандық және шетелдік ғалымдар бас қосып, Абай әлемін бүгінгі заман тұрғысынан тануға мүмкіндік беретін құнды ой-пікірін бөлісті.
Абай мұрасын кеңінен насихаттауға арналған жылжымалы көрмелер мен онлайн экскурсия еліміздің бірқатар қаласында – Астана, Талдықорған, Жаркент, Өскемен, Қостанай, Қарағандыда ұйымдастырылып, жұртшылықпен рухани жүздесуге жол ашты. Ал халықаралық деңгейде Беларусь елінің Минск қаласындағы Янка Купала музейінде өткен көрме – Абай мұрасын әлемге танытудың нақты дәлелі. Бұған дейін де Татарстанның Қазан қаласында ұлы ақынға арналған көрме ұйымдастырылған болатын. Жыл ішінде Ресейдің Ясная Полянасындағы Лев Толстой музейінің Абай музейінде көрмесі ашылса, Қазақстан бойынша Әзірет Сұлтан музей-қорығы, Ясауи музейі, Павлодар облыстық көркемсурет музейі, Отырар музей-қорығының көрмелері Абай музейінде көпшілік назарына ұсынылды.
Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандыру шаралары жүзеге асты. Абай облысы әкімдігінің қолдауымен Жидебай мен Бөрілі мекендеріне көптен күткен байланыс жүйесі тартылып, туристер мен музей қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалды. Бұл – тек инфрақұрылымдық емес, сонымен қатар мәдени-рухани маңызы бар тарихи оқиға. Демеушілердің көмегімен Жидебай мекенін абаттандыруға 22 млн теңге қаржы қарастырылып, арнайы техникалар алу жоспарлап отырмыз.
Абай музейінің бүгінгі биік беделі мен халықаралық деңгейдегі танымалдығы – ең алдымен осы салаға өмірін арнаған, Абай мұрасына адал қызмет еткен жандардың ерен еңбегінің нәтижесі. Музей қабырғасында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен азаматтар – Абайдың мұрасын жинақтап, зерттеп, ұрпаққа жеткізуде айрықша із қалдырған рухани еңбек майталмандары. Солардың қатарында көрнекті абайтанушы, ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов, Әрхам Кәкітайұлы, Борис Аккерман, Ахат Шәкәрімұлы, Кашаф Туғанбаев сынды тұлғалардың есімі ерекше. Олардың ғылыми зерттеулері мен абайтану саласына сіңірген еңбегі – музейдің ғана емес, тұтас қазақ ғылымының баға жетпес қазынасы. Сондай-ақ музей ісіне бар ғұмырын арнаған тұлғалар Бекен Исабаев, Төкен Ибрагимов, Мұздыбай Бейсенбаев, Ниязбек Алдажаров, Ғизат Күзембаев, Оразбек Бекбосынов, Майкен Жүнісова сияқты тұлғалар есімі мәңгілікке музей тарихына жазылды. Тәуелсіздік жылдарында музей басшылығында болған Жандос Әубәкір, Болат Жүнісбеков, Тұрдықұл Шаңбай сынды білікті басшылар, абайтанушы-ғалымдар кезеңінде де музей ісінің ілгерілеп, толайым табыстарға, жаңа жетістіктерге жеткенін айту парыз.
Осы қатарда музейдің әр кезеңінде ғылыми қызметкер, экскурсия жүргізуші, қор сақтаушы, қалпына келтіруші, әкімшілік-шаруашылық маманы ретінде қызмет атқарып, музейдің дамуына сүбелі үлес қосқан Роза Рахманқұлқызы, Айтжамал Сағатбекқызы, Зере Кәменқызы, Ләйлә Мұхлисқызы, Маржан Біржанқызы сияқты ардагер қызметкерлердің де еңбегі елеулі. Олардың бай тәжірибесі, мұрағаттармен жұмыс істеу шеберлігі, келушілермен рухани байланыс орната білуі – музей жұмысын кәсіби деңгейге көтерген үлкен мектеп болды.
Музей ұжымы бұл игі дәстүрді лайықты жалғастырып, ардагерлер еңбегін әрдайым қадір тұтып келеді. Биылғы 85 жылдық мерейтой аясында олардың есімін ұлықтау мақсатында «Абай музейі тарихындағы тұлғалар» тақтасы ашылады. Бұл – музей саласына өмірін арнаған ұлт жанашырларына деген құрмет, рухани сабақтастықтың көрінісі.
Абай шаңырағы ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бөлек әдеби кештер мен кездесулерді ұйымдастыруда, әдеби-танымдық бағыттағы кітаптардың таралуына үлкен үлес қосып келеді. Бұл тарихи мекенде халық ақыны Шәкір Әбенұлы, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Болат Сыбанов, Бекен Имаханов, Әбілқасым Жаңбырбаев, Мәдениет Ешекеев, Санақ Әбеуов, Теміржан Базарбаев, Бекен Жамақаев, Ақылбек Манабаев, Мерғали Ыбыраев, Айбек Сапышев, Нұриден Иманбаев, Мұратбек Оспанов сынды біршама зиялы қауым өкілдерінің ізі қалған. Бұған қоса, Мұрат Сұлтанбеков, Төлеген Жанғалиев, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Роллан Сейсенбаев, Алмахан Мұхаметқалиқызы қатарындағы ақын-жазушылар да Абай музейінің алдыңғы буын ақылшысы екені көңілге ыстық.
Бүгінде ақын ордасы ғалым-зерттеушілер Арап Еспенбетов, Тұрсын Жұртбай, Жабал Шойынбет, Ерлан Сыдықов, Мұхамедқазы Мұхамадиұлы, Мақаш Әлиақпаров, Амантай Исин, Мұхтарбек Қарпықов, Мұратбек Кенемолдин, Сұлтанхан Аққұлұлы, Дихан Қамзабекұлы, Серікқазы Қорабай, Ақеділ Тойшанұлы, Бауыржан Ердембеков, Әділет Әміренов, Шағангүл Жанаева, Айжан Қартаева, Дәурен Мұхамадиев, Альмира Қалиева, Салтанат Мұқатаева, Ермек Қаныкей, Заңғар Кәрімхан, Қарлығаш Әубәкір сияқты абайтанудың арнасын кеңейтіп еңбек етіп жүрген ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.
Абай музейі – тек өткенді еске алу орны емес, жас ұрпақтың санасына рух, таным мен тағылым дарытатын іргелі орталық. Ол – ұлы ақын мұрасын ғана емес, осы мұраны сақтаған, жеткізген жандардың да тағылымын дәріптейтін қасиетті шаңырақ.
Абайдың «Қайрат, ақыл, жүректі бірдей ұста...» деген өсиеті – бүгінгі ұрпақтың да басты бағдары. Ал осы ұлағатты өсиетті ұлт санасына сіңіруде Абай музейінің рөлі айрықша. Рухани жаңғырудың өзегі де – осындай қасиетті мекемелер арқылы жүзеге аспақ. Абай музейі – уақыт алмасса да, ұрпақ жаңарса да, адамзаттың ақыл-ой өрісіне сәуле шашатын, рухани тұғырдан ешқашан түспейтін, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір.
Ұлы ойшылдың рухани әлемін насихаттап, оның өмірі мен шығар­ма­шылығын әлемдік деңгейде танытуды мақсат еткен Абай музейінің 85 жылдық мерейтойы – тек бір мекеменің ғана емес, күллі қазақ руханиятының тойы. Бұл – тарихқа тағзым, ұрпаққа аманат, Абайға құрмет.


Ұлан САҒАДИЕВ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік музей-қорығының директоры

 

728 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз