- Безбен
- 12 Қараша, 2025
Мәжілісте архив ісін дамыту туралы заң жобасы талқыланды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Аталған мәселе бойынша Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев баяндама жасады.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы екінші оқылымда талқыланып, осы уақыт ішінде жан-жақты пысықталып, маңызды жаңа нормалармен толықтырылған. Олар негізінен салада жылдар бойы қордаланған түйткілдерді шешуге, архив ісін заманға сай дамытуға және өскелең ұрпақты ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз контенттерден қорғауға бағытталған.
Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, заң жобасының мәдени-рухани сала үшін маңызы ерекше. Өйткені архив – ұлттың жады, мемлекет тарихының құжаттық айғағы. Мұрағаттар саласын ұдайы жетілдіріп, дамытып отырудың мәні зор.
Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда тарихи жадымызды сақтау және азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық архивтер құру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы ретте, заң жобасы архив жүйесін нығайтуға, цифрлық үдерістерді реттеуге, дербес деректерді қорғауға және тарихи мұраны сақтауға бағытталған.
Заң жобасының негізгі жаңалықтарына мыналар жатады:
Ұлттық архив қорының құрамын қала құрылысы, тәжірибелік-конструкторлық, жобалық-сметалық құжаттамалар, сызбалар және оларға қосымша мәтіндік жазбалар есебінен кеңейту;
Құжаттарды тұрақты сақтауға қабылдау және цифрлық архивке өткізу тәртібін реттеу;
Бюджет есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналарын архивтерге тапсыру;
Цифрлық архив туралы жаңа бап енгізу.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделгендей, мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру бағытында да маңызды өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар енді ауылдық жерлердегі архив мамандарының лауазымдарын өздері айқындап, жалақыға қосымша 25 пайыздық үстеме ақы белгілей алады.
Сондай-ақ, Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе берілмек. Бұл шешім Парламент пен Үкіметтің елдің тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтаудағы архив жүйесінің рөлін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Ұлттық архивтердің қызметкерлеріне еңбекақыны есептеу кезінде 1,75 еселік үстеме коэффициент қолданылады. Алдағы жылы Астана мен Алматы қалаларындағы екі архив осындай мәртебеге ие болмақ.
Фото: видеодан скрин
191 рет
көрсетілді0
пікір







