- Безбен
- 12 Қараша, 2025
Еділ Жаңбыршин ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға тыйым салу нормалары туралы айтты
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Аталған заң жобасының педофилия мен ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу жөніндегі бөлігі бойынша Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин сөз сөйледі.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе қоғамда бес жылдан бері қызу талқыланып келеді. Ол ЛГБТ қозғалысының өкілдері ұлттық құндылықтарды аяққа таптап, заңсыз насихат жүргізіп, мемлекеттік органдар мен депутаттарға ақпараттық шабуыл жасағанын атап өтті.
Еділ Жаңбыршин мұндай әрекеттердің балалар мен жасөспірімдердің психикасына кері әсер ететінін және ұлттық сана мен рухани қауіпсіздікке қатер төндіретінін айтты.
Сонымен қатар, былтыр E-petition.kz платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жарияланып, қысқа уақыт ішінде 50 мыңнан астам қол жиналғанын еске салды.
Депутат халықаралық құжаттарға да тоқталды. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында мемлекеттерге балаларды зиянды ақпараттан қорғау міндеті жүктелгенін, ал Қазақстан 2022 жылы қосылған Женева декларациясында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау әр мемлекеттің құқығы ретінде бекітілгенін айтты.
Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, қабылданып жатқан нормалар адам құқықтарын шектеуге емес, керісінше ұлттық қауіпсіздікті, дәстүрлі отбасы институтын және жас ұрпақтың рухани саулығын қорғауға бағытталған.
Фото: видеодан скрин
209 рет
көрсетілді0
пікір







