Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 20 Қараша, 2025

Алматыда Юрий Беккер және Дәурен Исаевтың фотокөрмесі ашылды

Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Almaty Gallery орталығында Юрий Беккер мен Дәурен Исаевтың «50/50: Кеше және бүгін» фотокөрмесі ашылды. Бұл туралы kazgazeta.kz хабарлайды.

«50/50: Кеше және бүгін» фотокөрмесі – алматылықтар мен қонақтарға фотосурет өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін жоба. Ол авторларға өз көзқарастарын жеткізіп, белгілі бір қорытындылар жасауға және жаңа мақсаттар белгілеуге жол ашады.

Шарада Алматы қаласының Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев  сөз алып, шығармашылық жұмыс авторларын көрмелерінің ашылуымен құттықтады. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті Юрий Беккерге бірлестік атынан Алғыс хат табыстап, дәстүр бойынша иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Дәурен Исаевты да құттықтап, Сайлау Пернебаевтың фотоальбомын тарту етті. Шараға  елімізге белгілі фототілшілер, өнертанушылар, медиа өкілдері, студенттер мен қала тұрғындары, қонақтары қатысты.

Көрмеге ұсынылған жұмыстардың авторлары – фотоөнердің танымал шеберлері: ҚР Журналистика академиясының академигі, ҚР құрметті журналисі, «Құрмет» ордені мен «Халық алғысы» медалінің иегері, «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Зельманович Беккер және қазақстандық фоторепортер, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің бас инспекторы Дәурен Ибрагимұлы Исаев.

Көрменің атауындағы 50 саны да символдық мәнге ие. Бұл Юрий Беккердің 50 жылдық шығармашылық жолында түсірілген мыңдаған кадрдан іріктелген 50 сурет және Дәурен Исаевтың 50 жылдық мерейтойына арналған алғашқы жеке көрмесіндегі 50 фотожұмыс. Бір қызығы екі автор да бала кезден фотоөнерге әуес болған. Юрий Беккерді бұл өнерге кейін белгілі фотосуретші атанған, көрші тұрған жасөспірім Евгений Лещинский итермелеп, оның суретін «Пионерская правда» газетіне жариялауына себепкер болған екен.

Даурен Исаев та фотосуретпен жасөспірім кезінде айналыса бастады. Бұл қызығушылыққа оның әкесі – белгілі ақын, жазушы, халық жүрегінен орын алған көптеген әндердің авторы Ибрагим Исаев ықпал еткен.

Юрий Зельманович Беккер мен Даурен Ибрагимұлы Исаев – Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлектері. Ең бастысы, «50/50» жобасының авторлары – өз ісіне адал, кәсібіне жан-тәнімен берілген, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жоғары деңгейлі мамандар.

«Фотосурет – бұл өзінің маңыздылығын мәңгілікке сақтайтын сәтті бейнелеу тәсілі» деген анықтама «50/50: Өткен мен Қазіргі» көрмесі авторларының еңбегін дәл сипаттайды,  оған қоса «фотограф болу – жоғарыдан берілген сый, өткінші әрі көзге көрінбейтінді көріп, сезіне білу қабілеті», - дейді Almaty Gallery жетекшісі,
өнертанушы Наргиз Алиб.

Almaty Gallery көрме залында «50/50: Кеше және бүгін» фотокөрмесі аясында келушілер фотоөнер тарихымен де таныса алады. Мұнда ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, 40-тан астам фильмде («Рэкетир», «Сұлтан Бейбарыс», «Интердевочка», «На Дерибасовской хорошая погода…» және т.б.) басты рөлдерді сомдаған танымал киноактер Меңтай Өтепбергеновтің жеке коллекциясындағы сирек кездесетін экспонаттар: ретро фототехника, кино және фотоаппараттар қойылған.

«50/50: Кеше және бүгін» фотокөрмесі – алматылықтар мен қонақтарға фотосурет өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін жоба. Ол авторларға өз көзқарастарын жеткізіп, белгілі бір қорытындылар жасауға және жаңа мақсаттар белгілеуге жол ашады.

Суреттерді түсірген – Досжан Балабекұлы

776 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз