- Айна
- 20 Қараша, 2025
Бүгін Философия күні
Тұңғыш рет 2002 жылы 21 қарашада тойланған Бүкіләлемдік философия күні – Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы (ЮНЕСКО) жағынан арнайы белгіленген мерекелік күн. Ол әр жылдың қараша айының үшінші аптасының бейсенбісі болып белгіленген еді.
Түйсіне білген адамға бұл күн тек философтар үшін ғана емес, тұтас адамзат руханиятының циклды түрде қайталанатын «есебі» мен болашаққа бой сермейтін өмірмәнділік интенциялар түріндегі – жеке және адамзаттық рефлексиялық сәттерінің күні. Қазіргі күні де адамзат үшін: «Біз кімбіз», «Қайда бара жатырмыз», «Енді не істеуіміз керек» деген сияқты сауалдарды метафизикаландыру мен спекуляцияландырудан тыс қайта қарастыруды да назардан тыс қалдырмауымыз қажет.
Философия ғылымының өзінің және философиялық рухтың қоғам мен адамзат дамуындағы «Көрінетін» рөлінен гөрі «көрінбейтін» рөлі басым. Өйткені шындығында, қоғамдық прогресс пен адамзат игілігі үшін философияның атқарған нақты қызметтері туралы әрқилы себептермен іргелі метафилософиялық зерттеулер жасалмаған, яғни, философияның әлі күнге дейін «философияның-өзі ғана үшін емес»-«философияның барлық Басқа үшін» рөлі нақты анықталмаған, ол көп жағдайда баршаға пафостық деңгейдегі эмоционалдылықпен және ғылыми-танымдық қызметтерімен ғана жабдықталған.
Әрине, философияның асқақ рухы, өзінің тұтас тарихымен қоса есептегенде қаншама «мегаплюралистік алаңды» иеленгенімен, тек өзін-өзі ғана сынай алатындай, тек өзін-өзі ғана «түзете» алатындай монополияға ие екені, шындығында, келесі кезекте философия дамуының жаңа сатысын сұранып тұрғандай болады. Өйткені абстрактілі философиялық рух емес, нақты философия (философтарға) «Барлық-әлемдер» онтологиясы аясында зор-іргелі «сезілмейтін жауапкершіліктердің» ендігі кезекте күшейе түскендігін сезінуі тиіс. Бұл – «философияның-рухы үшінгі-жауапкершіліктен» де, «адамзаттық руханияттық үшінші әлем-жауапкершілігінен» де әлдеқайда кеңірек.
ЖИ дәуірі, шындығында, тек қана мәдени-ақпараттық немесе технологиялық-өркениеттік төңкеріс қана емес, тұтас адам болмысын өзгертуге алып келетін – адамның өзіне-өзі төңкеріс жасауына жетелейтін заманауи «неоевгеника» деген ұйғарымға келуге де болады. Өйткені ол техникаға, ғылымға, мәдениетке, тіпті таным мен білімге деген өзгерістен гөрі, адамның өміріне деген өзгеріс арқылы тұтас табиғатын өзгертуге алып келетін беталыс екені, философтар үшін – адамзаттың болуы мен болмауы туралы пессимистік-нигилистік климат қалыптастыруды емес, керісінше, «сананың ассимиляциялық-аккомодациялық Менін» қайта құрылымдаудың жолының футурологиялық үлгілерін ұсынуды қажет ететіндей болып көрінеді. Яғни, жалпылама алғанда, ендігі кезекте, прагматистік тұрғыдан алғанда, барлық адам үшін өзін-өзі қайта жасайтын – «жеке Мен-конструктор» жобасы жақсы жұмыс жасауға тиіс деп топшылаймыз.
Адамзат қоғамының руханияты ғана емес, сол нақты қоғамның өзінің дамуындағы белестер, өткелдер, циклдар, режимдердің т.б. үдерістердің өзі – арнайы зерттелмеген жағдайда да, ол бәрібір: «философиялық-емес философия». Ол жай ғана «философия – қоғамдық сананың формасы» деген шектеулі тезиспен шешімін таппайды, «барлық қоғамдық сананың» философиясын қамтумен және сананың өзінің Эгосы – философия» болуымен келіп шартталады.
Сіздерді бүгінгі Бүкіләлемдік философия күнімен құттықтай отырып, барша Отандық философия қауымына – философия ғылымына және елімізге, адамзат қауымына, мәдени ағартушылыққа т.б. саалаларға әрқайсыңыздың өз бетінше сіңірген еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз!
Философиялық Рухқа құрметпен қарасақ, Сол Рухтың біздің жеке Рухымызға да берері мол болмақ! Баршаңызға сананың шығармашылық шабыты мен жігерін, өмірдің қуат пен шаттығын тілейміз!
Әсет ҚҰРАНБЕК,
философия ғылымының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
философия кафедрасының меңгерушісі
Берік АТАШ,
философия ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
философия кафедрасының
қауымдастырылған профессоры
151 рет
көрсетілді0
пікір






