- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 21 Қараша, 2025
«Ерлік сабағының» берері мол
Мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында патриотизм сағаттарын өткізу, келешек ұрпақтың туған жерге, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға деген сүйіспеншілігін арттырады. Жастар мен жесөспірімдердің, балалардың арасында отаншылдықты күшейту тәуелсіз еліміз үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажет екенін, әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керектігін әрқашан алға тартып келеді. Сондықтан, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту – Отанға құрметпен қарайтын, тәуелсіз елдің негізгі құндылықтары есептелетін отаншыл ұрпақ жетілдіруге ықпал етеді. Бүгінгі білім ордасы болып табылатын мектептерде патриоттық тәрбие беруде ұстаздардың алатын орны ерекше. Осы тұрғыда жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары Жанна Дүйсенбайқызы мен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Қуаныш Сейдахметовтың еңбегін атап өтуге болады. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры деп түсінген ұстаздар сейсенбі күні Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Бас қосуға Алматы қалалық Ардегерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Ауған соғысы ардагерлері үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров пен Медеу аудандық аудагерлер кеңесі жастарға адамгершілік-патриоттық тәрбие беру комиссиясының төрағасы Мінәмжан Асимов қатысып, «Ерлік сабағын» өткізді.
– Біз әскер қатарына алынғанда небәрі 18-19 жаста едік. Ол кездерде әскерге барудан бас тарту деген түсінік жоқ еді, тіпті қыздар ондай жігіттерге қарамайтын. Сондықтан, жастардың отаншылдық сезімі жоғары еді. Бәрі өз міндеті мен борышын орындау үшін баратын. Қазір дүниедегі саяси жағдай тұрақты емес, соғыс оты лаулап тұр. Сол соғысты ашатын саясаткерлер, ал зардап шегетін қарапайым халық. Әрқандай соғыста 70 пайызға тарта бейбіт тұрғын қырылып жатады. Сондықтан, соғыс ешқашан болмасын деп тілейміз. Алайда, сендер, Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанды қорғауға әрқашан дайын болуларың керек, - деді «Айбын» орденінің толық және «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Әбдішүкіров.
Қонақтар Ауған соғысының тарихы, оған қатысқан отандастарымыздың ерлігі және өздерінің басынан өткен оқиғалар, әскерде қызмет ету әрбір ер азаматтың киелі борышы екендігі туралы айтып берді. Алғашында қызықсыздай білінген кездесу тез арада қыза түсіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Бір шәкірттің «Соғыс сіздерді неге үйретті?» деген сұрағына Мінәмжан Асимов:
– Бізді Ауғанстан досқа адал болуға, шыншылдыққа және өз Отанымызды шексіз сүюге үйретті. Соғыста адам өмірінің өте құнды екендігіне көзіміз жетті. Себебі, көптеген қанды көйлек достарымыздан айрылдық, - деп жауап берді. Ол осыдан 36 жыл бұрын бірге қызмет еткен, бүгінде Ресейдің әртүрлі қалаларында, Әзірбайжанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда тұратын достарымен де әлі күнге дейін хабарласып тұратындығын жеткізді.
Назарбаев зияткерлік мектебінің төрт сыныбы қатысқан «Ерлік сабағы» оқушыларды шабыттандырып, олардың әскери өмірге деген көзқарасын кеңейтті. Осындай кездесулердің жас ұрпаққа берері мол. Алайда, патриоттық тәрбие тек оқу орындарымен ғана шектелмей, Қазақстанның әрбір азаматының негізгі міндеті болғанда ғана, оның нәтижесі қарқынды дамиды. Тек сонда ғана өз Отанын сүйетін, нағыз қайсар жастар өсіп шығады деп ойлаймыз.
Мирзахметова Рашидям
Алматы қаласы
Фото: Авторлық
5026 рет
көрсетілді0
пікір






