- Фотогалерея
- 11 Қараша, 2025
Алматыдағы жаңа сквер
Алматыда Назарбаев даңғылының батыс бөлігінде, Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан жаңа сквер ресми түрде ашылды. Іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Жаңа сквер қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағдарламасының бір бөлігі ретінде жүзеге асырылып, жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Нысанның жалпы аумағы 4,16 гектар, оның шамамен үш гектары жасыл аймаққа тиесілі.
Құрылысы барысында инженерлік және көркейту жұмысы толық көлемде орындалды. Сквер аумағына заманауи жарықтандыру және автосуару жүйелері орнатылды, 10 мың шаршы метрден астам жүргіншілер жолы төселді. Демалыс аймақтары жасақталып, 77 орындық және 52 қоқыс жәшігі қойылды.
Жасылдандыру жұмысы аясында барлығы 425 ағаш отырғызылды (оның ішінде 166 – қылқанжапырақты, 259 – жапырақты түрлер), сондай-ақ 590 бұта егілді (351 – қылқанжапырақты, 239 – жапырақты).
Сквердің ерекшелігі – жасанды тоған. Қыс мезгілінде ол сырғанақ айдыны ретінде пайдаланылатын болады. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына жыл бойы белсенді демалысқа мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, көркейтуде климаттық жағдайларға бейімделген материалдар және экологиялық шешімдер қолданылған. Жаңа сквер қаланың орталық бөлігіндегі жасыл желек жүйесімен үйлесімді түрде астасып, тұрғындардың серуендеуі мен демалысына қолайлы орынға айналды.
Қала орталығында жаңа қоғамдық сквердің абаттандырылуына Orbis Group компаниясы серіктес болды. Экологиялық бастаманы жүзеге асыру аясында компания аумақты көгалдандыру және тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында 200 миллион теңге бөлді.
Orbis Group компаниясының негізін қалаушысы Фаррух Махмудов:
«Біз бұл экологиялық бастаманы қуана қолдадық, өйткені Алматы қаласы барған сайын жасылданып, ауасы таза болғанын қалаймыз. Orbis Group компаниясының ағаш отырғызу мен осы аумақты абаттандыруға қосқан үлесі ерекше мәнге ие: қалада жасыл аймақтар неғұрлым көп болса, тұрғындардың өмір сапасы соғұрлым жоғары болады. Біз Алматыда осындай маңызды демалыс орындарының көбеюіне үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Қалалық әкімдікке көрсеткен сенімі үшін алғыс айтамыз.»
Жаңа сквер серуендеуге, спортпен шұғылдануға және таза ауада демалуға әрі кездесулер өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналды. Orbis Group компаниясы экологиялық таза қалалық ортаны дамыту мен Қазақстан мегаполистерін көгалдандыруға бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырады.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту қалалық ортаның сапасын арттырып, жасыл аймақтарды көбейтуге және қала тұрғындары үшін белсенді демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, Алматыда саябақтар, скверлер және жасыл аймақтар құру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қаланың барлық аудандарында серуендеуге және демалуға арналған жаңа орындар ашылып жатыр.
Компанияның қолдауымен Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысында орналасқан саябақ аумағына түрлі сәндік және ірі ағаш түрлері - тал, жөке, алма ағаштары мен бірнеше сортты арша отырғызылды. Бұл өсімдіктер саябақтың жалпы ландшафтық бейнесіне үйлесімді түрде енді. Соның нәтижесінде кеңістік табиғи көлеңкелі әрі салқын ортаға айналып, жаз айларында тұрғындарға жайлы демалыс сыйлайтын орын болды.
Саябақта сондай-ақ Orbis Group қолдауымен ерекше стела орнатылды - граниттен, металдан және ағаштан жасалған сәулеттік элемент. Бұл нысан жаңа қалалық серуендеу бағыттарының айрықша белгісіне айналды. Алматылықтар мен қала қонақтары осы стеламен суретке түсіп, оны жаңа тартымды нүктеге айналдыруда.
Суреттерді түсірген - Досжан Балабекұлы
1956 рет
көрсетілді0
пікір






