Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 19 Қараша, 2025

«Фарабитану» көптомдығы таныстырылды

Алматыдағы «Атакент» орталығында Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру шеңберінде «Сапалы білім беру» бағыты бойынша және Философия апталығы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия кафедрасы мен «Дарын» баспасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет жарық көріп отырған «Фарабитану» көптомдығының тұсаукесері өтті.

Көптомдықтың басты мақсаты — әлемдік ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің мол ғылыми мұрасын зерттеген ірі ғалымдардың еңбектерін тарихи-хронологиялық реттілікпен жүйелеп, тұтас фарабитану мектебінің дамуын көрсету. Мың жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан фарабитанулық дәстүрлер мен бағыттарды қамтыған бұл еңбек – философия, тарих, мәдениеттану және шығыстану салаларындағы зерттеушілер үшін құнды ғылыми басылым.

Көптомдық «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ жанындағы Оқу-әдістемелік бірлестігімен Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында барлық кадрларды даярлау бағыттары бойынша білім алушыларға оқулық ретінде ұсынылған (05.02.2025 ж.№2 Хаттамасы). Баспаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің Ғылыми кеңесі ұсынған (№6 хаттама, 30 қаңтар 2025 жыл).

«Фарабитану» көптомдығының жоба жетекшісі, жалпы редакцияны басқарған, Бас редакторы, философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ Философия кафедрасының профессоры, белгілі фарабитанушы-ғалым Жақыпбек Алтайұлы Алтаев. Шарада қауымдастырылған профессор, философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының профессоры Жолборс Жоробеков (Қырғызстан),жас ғалым Қанат Алтынбек сөз алып, көптомдық туралы пікірлерімен бөлісті.

Көптомдықтың негізгі аудиториясы – магистранттар, докторанттар, жоғары оқу орны оқытушылары және фарабитану мен гуманитарлық ғылымдарға қызығушылығы бар барша оқырман қауым.

Фотосуреттерді түсірген - Досжан Балабекұлы

 

2206 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз