- Фотогалерея
- 11 Желтоқсан, 2025
Таулар — менің таусылмайтын бақытым!
11 желтоқсан – Халықаралық таулар күні. Бұл дата таулардың табиғат пен адам өміріндегі маңызын насихаттауға арналған. Таулар – Жер шарындағы ең күрделі әрі бай экожүйелердің бірі. Олар тұщы судың негізгі бөлігін қалыптастырып, климатты реттейді, мыңдаған өсімдіктер мен жануарларға табиғи мекен береді. Тауда биіктеген сайын табиғат айқын өзгереді: етек бөлігінде тал, арша мен түрлі бұталар өссе, орта белдеуде Тянь-Шань шыршалары қалың орман түзеді, ал жоғарыда альпілік шалғындар мен сирек кездесетін эдельвейс, тасжарған сияқты гүлдер өседі.
Таулардағы мұздықтар ерекше рөл атқарады. Олар – табиғи су қоймалары, өзендердің бастауын қалыптастырып, экожүйелердің тұрақты өмір сүруіне жағдай жасайды. Қазақстан аумағындағы Тұйықсу мен Корженевский мұздықтары – елдің ең маңызды мұздықтарының бірі.
Жануарлар әлемі де бай әрі ерекше. Арқар, тау теке, құдыр, елік тәрізді жануарлар мен бүркіт, үкі секілді құстар тау табиғатын жандандырады. Қазақстанның символына айналған сирек жыртқыш – қар барысы да биік тауларды мекендейді.
Қазақстандағы әйгілі тау шыңдарының қатарында Хан-Тәңірі мен Талғар шыңы бар. Әсіресе Алматы өңіріндегі Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі тау жүйесі ел табиғатының ең қастерлі бөліктерінің бірі саналады. Мұнда қарлы шыңдар, Тянь-Шань шыршасының ну ормандары, мұздықтар, өзендер мен сарқырамалар біртұтас ерекше ландшафт қалыптастырады.


Халықаралық таулар күні – табиғи байлықтарды қорғау мен болашақ ұрпаққа аман жеткізудің маңызын еске салатын күн. Таулар – біздің су көзіміз, тынысымыз, экологиялық тірегіміз.
Фотосуреттерді түсірген - Досжан Балабекұлы
3765 рет
көрсетілді0
пікір






