- Фотогалерея
- 26 Желтоқсан, 2025
Алматыда «Биіктік. Кеңдік. Тереңдік» атты поэтикалық кеш өтті
Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақтың классик ақындары – Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Биіктік. Кеңдік. Тереңдік» атты поэтикалық кеш өтті.
Бұл кеш XX ғасыр қазақ поэзиясының үш алып тұлғасының шығармашылық мұрасын жаңаша пайымдап, олардың ұлттық әдебиеттегі орны мен рухани биіктігін терең сезінуге арналды.
Поэтикалық кештің атауының өзі ақындар болмысының көркем сипаттамасына айналды.
Қадыр Мырза Әлі – ой биігімен, философиялық тереңдігімен, Тұманбай Молдағалиев – сезім кеңдігімен, махаббат пен адам жанының нәзік қырларын жырлауымен, ал Жұмекен Нәжімеденов – терең ойлы, күрделі ішкі әлемімен, ұлт тағдырына алаңдаған азаматтық поэзиясымен ерекшеленетіні кеш барысында кеңінен ашылды.
Шара аясында ақындардың ең таңдаулы өлеңдері оқылып, олардың адам мен қоғам, махаббат пен тағдыр, ел мен жер тақырыбындағы толғаныстары көрерменге әсерлі түрде жеткізілді.
Сонымен қатар, кеш барысында Қадыр, Тұманбай, Жұмекен поэзиясының бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы, олардың өлеңдеріндегі адамгершілік, адалдық, отансүйгіштік идеяларының мәңгілік құндылық екені ерекше атап өтілді. Ақындардың сөзіне жазылған әндер орындалып, көркемсөз оқу мен музыкалық композициялар кештің әсерін арттыра түсті.
«Биіктік. Кеңдік. Тереңдік» атты поэтикалық кеш – тек еске алу шарасы ғана емес, қазақ поэзиясының алтын қорын қайта жаңғыртып, ұлттық әдебиетке деген құрметті күшейткен рухани басқосу болды. Бұл кеш үш бірдей алып ақынның өшпес мұрасы ел жадында мәңгі сақталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фотосуреттерді түсірген - Досжан Балабекұлы
2486 рет
көрсетілді0
пікір






