- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 16 Қаңтар, 2026
XXV қысқы Олимпиада ойындарын «QAZAQSTAN» және «QAZSPORT» телеарналары көрсетеді
«QAZAQSTAN» және «QAZSPORT» телеарналары XXV қысқы Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д-Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылдықтың басты бәскесін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрермен назарына ұсынады.
Олимпиада кезінде Корпорацияның арнайы түсірілім топтары дүбірлі додадан эксклюзивті хабар таратады. Сонымен қатар «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналарынан күн сайын «Олимпиада күнделігі», «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде «Милан – Кортина 2026» студиялық бағдарламасы көрерменге жол тартады.
Ақ ойындарда 8 спорт түрінен 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазіргі кезде Қазақстан үш спорт түрі – шорт-трек, конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық квоталардың иегері атанды. Қысқы Олимпиадалар тарихында тұңғыш рет жарыстарды ресми түрде қос қала қабылдайды. Италия төрінде 100-ге жуық елдің 3000 спортшысы өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Ойындардың ашылу салтанаты 6 ақпан күні өтеді. Олимпиаданың ашылуы мен өзге де сайыстары «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «Jibek Joly» арналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
226 рет
көрсетілді0
пікір






