- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 20 Қаңтар, 2026
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы оқу-жаттығу жиынына кірісті
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы 2026 жылдың күнтізбелік жоспары бойынша алғашқы оқу-жаттығу жиынына кірісті.
Қазақстан бокс федерациясының хабарлауынша, дайындық Бас жаттықтырушы Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен жүргізіліп жатыр. Былғары қолғап шеберлері қаңтар айының соңына дейін Алматы облысындағы спорт базасында жалпы дене дайындығына көңіл бөліп, әрі қарай шетелге аттанады.
Биылғы басты доданың бірі - Азия ойындары. Жапонияда 19 қыркүйек-4 қазан аралығында өтетін құрлықтық бәсекеде еліміздің былғары қолғап шеберлері де сынға түседі. Сондай-ақ Моңғолияда 28 наурыз-11 сәуір аралығында ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты жалауын көтереді.
Әлем кубогі кезеңдері сәуір, маусым айларында Бразилия мен Қытайда өтсе, финал қараша, желтоқсанда Өзбекстанда болады деп жоспарланған.
Былтыр еліміздің әйелдер құрамасы үшін табысты жыл болды. Алдымен наурыз айында Сербияның Ниш қаласында IBA аясында өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі), Аида Әбікеева (63 келі) алтын алса, Виктория Графеева (60 келі), Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) күміс, Наталья Богданова (70 келі) қола жүлдегер болды.
Қыркүйек айында Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өткен дүбірлі додада Алуа Балқыбекова (51 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі) әлем чемпионы атанса, Назым Қызайбай (48 келі) күміс, Виктория Графеева (60 келі), Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдегер болды.
100 рет
көрсетілді0
пікір






